Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында: «Үкімет қолда бар орасан зор деректерді, соның ішінде мұрағаттар мен анықтамалық мәліметтерді, ғылыми зерттеулерді, иллюстрациялар мен фотосуреттерді, музыкалық шығармаларды және өнер туындыларын цифрлық форматқа көшіру жұмысын бастап кетті», деді. Сондай-ақ Президент Ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беруді де ұсынды. Мемлекет басшысының музыкалық шығармаларды цифрлық форматқа көшіру тапсырмасына орай былтыр «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы қазақтың ұлттық өнері топтасқан «Асыл мұра» аудиожинағын жарыққа шығарды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин аудиокітапқа жазған алғысөзінде: «Қазақ халқының әр дәуірдегі мәдениетінен сыр шертер бұл жинақты басып шығару идеясын бірнеше жыл бұрын ойға алғаныммен, көпшілікке ұсынудың сәті енді түсті. Мұндағы мақсат – ұлттық өнер тарихындағы есімдерді қайта жаңғыртып, төл мұраны дәріптеу, сонымен қоса ұлттық музыкалық қазынамызды ерте заманның үнін сағынған аға буын мен бүгінгі жаңашыл жастарға қолжетімді формада ұсыну», деген еді. Шынында қазіргі жас ұрпақ дәулескер күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтекті білгенімен, солардың көзін көріп, ізін жалғаған, күйшілігімен дараланған Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, Жаппас Қаламбаев секілді дүлдүл домбырашыларды біле бермеуі, олардың күйшілік мұрасымен де таныс болмауы мүмкін. Сол секілді Асан қайғыдан бастап Кердері, Сүйінбай, Майлықожа, Базар жыраулардың музыкалық шығармаларын бүгінгі күнге жеткізген Бәкір Тәжібаев, Балқашбай Жүсіпов, Қанабек Райысов, Игілік Омаров, т.б. жыршы-термешілердің бай мұрасынан хабарсыз болуы ғажап емес. Өткен мен келешекті жалғайтын алтын көпір іспетті «Асыл мұра» аудиожинағы осындай біртуар өнерпаздардың шығармаларын қазіргі оқырманмен қайта қауыштырады.
Аудиожинақ «Күйлер», «Жыр-термелер», «Халық және халық композиторларының әндері», «Ертегілер», «Бесік жыры», «Ретро әндер» деп аталатын алты бөлімнен құралған. Жинаққа негізінен «Qazaqstan» телеарнасының «Алтын» қорында сақталған шығармалар енген. Атап айтқанда, аудиожинақтан 400 күй, 300 жыр-терме, 400 халық және халық композиторларының әні, 100 ертегі, 50 бесік жыры, 250 ретро ән, барлығы 1500 тарихи аудиошығарманы тыңдауға болады. Бұл шығармалар 20 мыңнан астам музыкалық аудиоконтент ішінен көнелігі әрі сапасына қарай таңдап алынып, топтастырылған. Құрастырушыларының айтуынша, «Асыл мұра» аудиожинағындағы ең көне музыкалық мұра – атақты әнші Әміре Қашаубаев орындаған «Балқадиша» әні.
Сондай-ақ аталған жинаққа енген 1500 аудиошығарма «Ozen» музыкалық лейблының көмегімен Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music секілді 100-ден аса әлемдік музыкалық платформаға орналастырылды. Сонымен қатар шығармаларды altynqor.com сайтынан да тыңдауға мүмкіндік жасалды. Соның арқасында еліміздегі және шетелдердегі тыңдармандарға қазақтың музыкалық төл өнерін интернет арқылы тыңдау қолжетімді бола түсті. Бұл өз кезегінде төл мәдениетіміздің дамуына серпін беріп қана қоймай, қазақ өнерін болашақ игілігіне жаратуға жол ашты.
Президент бір сөзінде: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі», деген еді. Сондай төл мәдениетіміздің дүние жүзіне танылғаны – біз үшін мерей.