Өндіріс • Кеше

Цемент өнеркәсібіндегі тың серпін

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Цемент өнеркәсібі ел өндірісінің дамуына ерекше серпін беріп отыр. Былтырғы 11 айдағы көрсеткіш бойынша цемент өндірісінің көлемі 13,07 млн тоннаға жетіп, бұл саланың бүкіл даму тарихындағы ең жоғары өсім ретінде тіркелді.

Цемент өнеркәсібіндегі тың серпін

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Сауда және интеграция министрлігі 2025 жылы цемент пен портландцемент клинкерін өндірудің технология­лық регламентіне қойылатын талаптарды айқындайтын ұлттық стандартты бекіткен еді. Министрліктің хабарлауынша, цемент өнімдері­нің сәйкестігін растайтін рәсімдер мен оның технологиялық үдерістеріне сипат­тама беретін бірыңғай тәсілдер енгізілген. Осылайша, цемент өнімдерін сертификаттаудың ұлттық жүйесін жетілдірудің арқасында сала бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізген.

Ұлттық стандарт «Сәйкес­тікті бағалау. Цемент пен портландцемент клинкерінің сәйкестігін растау тәртібі» талаптарын ескере отырып әзірленген. Бұл құжат це­мент­терді сертификаттау қағидаларына сәйкес келеді, мемлекеттік стандарттар талаптарымен де үйлеседі.

«Цемент өнеркәсібі – құрылыс саласының негізгі ба­залық секторларының бірі және елдің инфрақұ­рылымдық дамуына тікелей әсер етеді. Өндірілетін це­менттің сапасы мен тұрақ­тылығы тех­но­логиялық про­цестердің қатаң сақ­талуына тікелей байланысты. Стандартталған тех­но­логиялық регламентті енгізу өндірісті жүйелеуге, технологиялық процестердің басқарылуын күшейтуге әрі өнім сапасының тұрақты деңгейін қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді», де­лінген министрлік хабарламасында.

Ұлттық стандартты қа­былдау осы саланың дамуы­на кедергі келтіріп келген бірқатар жүйелі мәселені шешуге ықпал еткен. Атап айтқанда, технологиялық регламенттердің мазмұны мен рәсімделуіне қойылатын нормативтік талап­тардың болмауы, өнім сапасына, энергия тиімділігіне, экологиялық қауіпсіздікке қойылатын та­лаптардың кү­шеюі, сондай-ақ өндірістік тәуекелдерді төмен­дету қажет­тілігі – осы құжатты әзірлеуге басты себеп болған.

Бұл технологиялық регламент цемент пен портландцемент клинкерінің сәйкестігін растау рәсімдерінен өту ке­зінде міндетті түрде ұсы­нылатын құжат болып есеп­теледі. «Ұлттық стандартты енгізудің экономикалық тиімділігі көп. Бұл өндірістік процестердің тұрақтылығын арттырып, өнім сапасының біркелкілігін сақтауға, отандық цемент өнімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», дейді министрлік өкілдері.

Сәйкестікті бағалау жүйе­сін дамыту тәжірибесі қазірдің өзінде өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдепті. 2019 жылы СТ РК 3361-2022 ұлттық стандарты енгізілгеннен кейін елімізде жасырын импорт көлемі айтарлықтай қысқарып, цемент өндірісінің көрсеткіштері рекордтық дең­гейге жеткен. Саланың былтырғы тарихи жетістігі – соның бір дәлелі.

«Жаңа ұлттық стандартты енгізу цемент өнімдерінің сапасын бақылауға да септігін тигізбек. Саладағы әділ бәсе­келестікті орнықтырып, отан­дық өндірістің тұрақты өсуін қамтамасыз етеді.

Цемент өнеркәсібі бұл стан­дартты енгізуге іс жү­зінде толық дайын», дейді министр­лік. Жаңа стандарт өнді­рушілерге де аса қиындық туғызбайтынын мәлімдеген министрлік өнер­кәсіптің дамуына байланысты жұмыстар әрі қарай да жал­ғасын табатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар