Фото: Ашық дереккөз
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларын тағайындау жүйесіне өзгеріс енгізу қажеттігін мәлімдеді. Министрдің пікірінше, директорлар бастапқыда 2 оқу жылына тағайындалып, егер жұмысы нақты нәтиже көрсетсе ғана тағы 2 жылға ұзартылуы тиіс. Осылайша бір басшының мектепті басқару мерзімі 4 оқу жылынан аспауы қажет.
Министр бұл бастаманы жуық арада ресми бұйрықпен бекіту көзделіп отырғанын жеткізді.
«Директор екі оқу жылына тағайындалуы керек. Сол кезеңде мектептегі білім сапасы жақсарып, оқушылардың білім деңгейі артса, қауіпсіздік талаптары сақталып, мұғалімдердің кәсіби әлеуеті көтерілсе, онда оның қызметін тағы екі жылға ұзартуға болады», деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, соңғы уақытта мұғалімдер тарапынан директорлардың басқару әдебіне, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануына қатысты шағымдар жиілеген.
«Мектеп директоры оқу процесін ұйымдастырушы ғана. Ол өзі де білікті ұстаз болуы қажет», деді ведомство басшысы.