Сурет: vipidei.com
Көкөніс сақтау қоймасының жалпы аумағы 8 200 шаршы метрді құрайды. Мұнда 28 сақтау камерасы бар. Камералардағы температуралық режім – 25 °C-тан +25 °C-қа дейін реттеледі. Орталықта температура мен ылғалдылық автоматты түрде бақыланады. «Орталықта ең озық үлгідегі тоңазытқыш қондырғылары, желдету және микроклиматты басқару жүйелері орнатылды. Энергияны үнемдейтін инженерлік шешімдер нысанның үздіксіз әрі үнемді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», дейді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.
Орталық басшысы Бауыржан Жолмұхановтың дерегіне қарағанда, логистикалық орталық күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендетуге бағытталып отыр. Екі жыл бұрын орталық құрылысына 30 гектар жер телімі бөлінген. Нысанда 5 теміржол тармағы, контейнерлік алаң мен автопарк бар.
Ал «А» санатындағы қоймалардың аумағы – 5 400 шаршы метр. Қоймаларда 15,5 мың тонна көкөніс өнімдерін сақтауға болады.
«Бұл орталықтың бір ерекшелігі, Батыс Қазақстандағы бірегей бананның пісіп-жетілуін қамтамасыз ететін камера іске қосылды. Тұтынушылардан түскен сұранысқа қарай бананды кезең-кезеңімен нарыққа шығару мүмкіндігі бар», деді Б.Жолмұханов.
Ауыл шаруашылығы саласында 2025–2027 жылдары 12 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар арқылы 460 жаңа жұмыс орны құрылады.
Жалпы, облыс былтыр жақсы өсіммен жылды аяқтады. Өткен жылғы қаңтар-қазан айларында ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің өнімі 116,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығындағы өнім көлемі 52,7 млрд теңге болса, мал шаруашылығы 61,7 млрд теңгеге жетті.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың дерегіне қарағанда, мұнайлы өңірде мал саны да көбейіп отыр. Қазір 238 мың мүйізді ірі қара, 590 мың қой-ешкі, 150 мыңға жуық жылқы, 43 мың түйе тіркеліпті. Мұның сыртында 243,8 мың құс бар. Аталған кезеңде 40 мың тонна ет, 27,6 мың тонна сүт, 43 млн дана жұмыртқа
алынды.
Былтыр егістік алқаптан 144,3 мың тонна өнім жиналған. Оның ішінде 68,7 мың тонна көкөніс, 39,6 мың тонна бақша өнімі, 7,3 мың тонна картоп, 28,6 мың тонна мал азықтық дақыл бар. Мәселен, Махамбет ауданында егістік алқаптың көлемі екі есеге артқаны байқалып отыр. Бұл аудандағы 71 шаруашылық пен жеке сектордағы 5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.
Атырау облысы