Қоғам • Бүгін, 08:30

Өнеркәсіп өрістеп, тұрмыс түзелген

10 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кереге таулы Кеген ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай оң өзгерістер бар. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, әл-ауқаты арта түскен. Негізінен мал мен ауыл шаруашылығын кәсіп еткен өңірде кейінгі жылдары өндіріс өрісі де кеңейіп келеді. Тамылжыған табиғаты туризмнің қарқын алуына таптырмас негіз. Соның нәтижесінде экономикалық маңызы бар бірегей жобалар жоспарланып, жүзеге асырыла бастағаны өңір жұртшылығын қуантып отыр.

Өнеркәсіп өрістеп, тұрмыс түзелген

Ауданның өткен жылғы эконо­ми­ка­лық көр­сет­кіштеріне көз жүгіртсек, ауыл шар­уа­­шылығы өнімдерінің көлемі 29 млрд 780 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,5%-ды құраған (2024 жыл­дың сәйкес кезеңі 21 млрд 28 млн теңге). Аудан көлемінде 29 790 га (2024 жылы 27 887 га) жер пайдаланылған. Мал азығы 206 921 тоннаны құрап 102,6%-ға орындалған, сырттан 37 465 тонна шөп сатып алынған. Мал басының саны: ірі қара – 53 040, жылқы – 29 170, қой-ешкі –
239 663 бас. Алдыңғы жылдың осы мер­зімдегі көрсеткіштерімен салыс­тыр­ған­да мал басы анағұрлым өскен.

Техникалық базаны жаңарту көрсет­кіші де жоғары. Былтыр «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5%-дық лизингпен 411,2 млн теңгеге 31 бірлік ауылшаруашылық техникасы сатып алынған. Үш жыл бұрын 88 млн теңгеге 7 жаңа техника, 2024 жылы 192 млн теңгеге 20 жаңа техника алынған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде: «Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады», деп атап өтті. Әкімдік халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, оларды толғандырып жүрген мәселелерге жіті назар аударып келеді. Көтерілген 193 проблемалық мәселелердің картасы дайындалып, біртіндеп шешімін тауып жатыр. Алдағы уақытта облыс әкімі бекіткен проблемалық мәсе­ле­лер­ді орындау жөніндегі 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, қаражаттың бөліну мүмкіндігіне қарай, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу, жер телімдерін қарастыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, құрылыс-монтаж жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асыру, өзге де тиісті жұ­мыс­тар атқарылады, – дейді аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Аудан әкімінің мәліметінше, «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылған. Бағдарлама аясында 291 жобаның 2,1 млрд теңгеге өтінім құжаттары жиналып, 2024 жылы 169 кәсіпкер 1 млрд 364 млн теңге несие алса, өткен жылы 11 кәсіпкер 139 млн теңге несие алып, өз істерін ширатқан. Жоба аясында ауданда 38 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 15 коопе­ратив 377,7 млн теңге несиелерін алып, жұмыстарын жолға қойған. Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» арқылы Ұзынбұлақ, Қарабұлақ, Жайдақбұлақ елді мекендеріне мал дәрілеу орындарын қоршауғa 11,3 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқ­талған.

кеген

Былтыр ауданда нысаналы мақсатпен жерін пайдаланбай отырған меншік иелерінің келісімшарттарын біржақты бұзу, қайтару жұмыстары нәтижесінде 7 718 га (сот шешімімен қайтарылғаны 2100,73 га, өз еркімен 5 617 га) жер көлемі ауданның жер қорына қайтарылды.

Ауданда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінде 3350 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген (241 заңды тұлға, 1 385 жеке кәсіпкер, 1 724 шаруа қожалықтары).

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 17 млрд 289 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 84,4%-ға орындалған. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі – 9 млрд 843 млн теңге, нақты көлем индексі 204,0%-ға орындалған (2024 жылы – 1 млрд 994 млн теңге).

2005–2027 жылдары 24,9 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде, шамамен 370-тен аса жаңа жұмыс орны құрылады. Тарқатып айтар болсақ, биыл құны 2,5 млрд теңгелік «Кеген Мяспром» ЖШС «Ет комбинаты» жобасын іске асырады. Ақтасты ауылының маңындағы бұл өндіріс орнында 50 жаңа жұмыс орны ашылып, бір ауысымда 10 тонна ет өндірілетін болады. «СПК Талас» өндірістік кооперативі жылына 300 тонна сүт өңдеумен айналыспақшы. Онда 50 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жобаның құны – 911 млн теңге. 2024 жылы 400 млн теңгеге сүт бағытындағы асыл тұқымды сементал ірі қара малы сатып алынған.

Кеген ауданына жол тартқан жолау­шы­ның назарын аудараралық нысандар көп. Соның бірі – «AЗС Сompass Group» ЖШС «Алматы – Кеген» тас жолының бойынан салып жатқан кешен. Жер учаскесінің көлемі – 2 га. Құны 2,8 млрд теңгені құрайтын жоба аясында жанар-жанармай құю бекеті, мейманхана, қоғамдық тамақтану орны, электрлі автокөлік зарядтау, жедел қызмет көрсе­тетін дүкен салу жоспарланған.

– Бұл жерде еліміздегі ең үлкен жанар-жағармай бекеті бой көтереді. Қазіргі қыстың көзі қырауда да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда туристерге қолайлы заманауи автотұрақ пен тікұшақ қонатын алаң да салынады. Өткен жылы басталған ауқымды жоба алдағы жазда толық аяқталады. Ке­шеннің жүзеге асуына жыл сайын турис­тер ағынының артуы себеп. Өткен жылы ауданымызға келген туристер саны 600 мыңға жетті. Сондай-ақ «ASK Capital» ЖШС «Қара шатқал» туристік аймағынан аспалы көпір салуды жос­парлап отыр. Жобаның құны – 1 млрд теңге. Бүгінге дейін 200 млн теңге қаржы игерілді. 5,5 га аумақта 30 адам тұрақты, 20 адам мерзімдік жұмыспен қамтылады. Туристік нысанда тамақтанатын орын, фотоалаң, әткеншек, шатқалды тамашалайтын арнайы орындар ашылды. Мұнда Көлсай, Қайыңды көлдеріне баратын жолаушылар аялдамай өтпейді. Сондықтан болашағы зор алаңға электр желісін тартуға аудан қаражаты есебінен 57 млн теңге бөлініп, іске қосылды, – дейді аудан әкімі.

Жергілікті жұрт «Көртоғай» атайтын аймақ адам танымастай түрленіп, жаңа туристік нысанға айналып келеді. Мұнда қазірдің өзінде табиғатты тамашалаушылар қатары қалың. Жоба толық жүзеге асқанда, жоғары-төмен, әрлі-берлі қатынауға арналған zipline желісі, аумағы 200 шаршы метр болатын қазақ мейрамханасы, 400 шаршы метрлік еуропалық ас үй іске қосылып, 30 заманауи шатырлар тігіліп, 20 қонақүй, 15 заманауи панорамалық киіз үй, экстремалды әйнеккөпір cалынып, атпен серуен­деу, велосипедпен жүру, балық аулау орындары ашылса, отандық туризмнің қалаулы орындарының бірі болары анық.

Ауданға тартылған инвестициялық жобаның бірі – «Слава Мұнай Сервис» ЖШС жерасты тау кенін өндіруді бастады. Жоспарланған қуаты – 500 мың тонна. Жобалық құны 4,6 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнында 75 адам жұмыспен қамтылатын болады.

«Кеген Гидро» ЖШС қуаттылығы 4,0 МВт, жобалық құны 5 млрд теңге болатын су электр стансасын салуды бастады. Қазірде су электр стансасын салу мақсатында дамба салынатын орынды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудандағы тағы бір жағымды жаңалық – «Mergen Holding» ЖШС Кеген ауылында құны 1,2 млрд теңге, жылдық қуаты 2 мың тоннаға дейін болатын бия­зы жүнін терең өңдеу, дайын өнімге дейін өндіру жобасын іске асырып жатыр. Осы серіктестік аудан орталығынан құны 500 млн теңге болатын сүт өңдеу зауытын салуды да жос­парлап отыр. Бүгінде зауыт­тың іргетасын құю жұмыстары жүріп жатыр. Биыл «Сатыбалдина» ЖК тағы бір сүт өнімдерін өңдеу зауытын жүзеге асы­рмақшы.

«The Secret Corp» ЖШС «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінде қоғамдық автотұрақ құрылысын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 925 млн теңге, 18 жұмыс орнын құру көз­делген. «7Сolors» ЖШС Кеңсу өзе­нінен жылына 500 тонна форель өсіретін шаруашылық ашуды қолға алмақшы. Жоба құны – 200 млн теңге. Жалпы, табиғи паркке өткен жылдың он айында 589 905 турист келген. Сондай-ақ Кеген өткізу бекетінен Қырғызстанға сол уақыт аралығында
187 438 адам өтсе, Шарқұдық альпинистік лагеріне 700-ден аса турис­ келген.

Аудан орталығы – Кеген ауылының іргесі кеңейіп келеді. Кейінгі жылдары жүздеген жаңа үй бой көтерді. Ауылдың кіреберісінен арка құрылысын салуға 185,8 млн теңге бөлініп, толық игерілді. Аудандық мәслихат ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ шекара қызметкерлеріне арналған жылыту пункттерін орнатуға 40 млн теңге қарастырылып, 62 млн 720 мың теңгеге 8 пункт орнатылды.

Былтыр әлеуметтік маңызы бар бір­қа­тар жобаларға қаржы қарас­ты­рыл­ды. Тасашы ауылдық әкімдігінің ғимараты, Жылысай ауылының Мәдениет үйі салынып, пай­­далануға берілді.

Аудандағы 34 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған ауызсумен қам­тылған, қамту деңгейі 91%-ды құ­райды. Адам саны аз Мыңжылқы, Қызыл­жар, Мойнақ (Қолтықбастау) елді мекендері ауызсумен қамтылмаған.

– Ауданымызда тау туризм клас­терін дамытуға қолайлы орындар жет­кілікті. Соның бірі – Тұйық ауылын­да­ғы сарқырамаға (2,7 млн теңге), Қара­бұ­лақ ауылындағы лагерьге (2,1 млн теңге), Орта Меркі (2,1 млн теңге), Шет Меркі (2,1 млн теңге), А.Нүсіпбеков ауы­лындағы этноауылға (1,4 млн теңге) электр желілерін тарту жұмыстарына ЖСҚ-сын жасауға 8,3 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, биылғы жылға бюджеттік өтінім ұсынылды, – деген аудан әкімі шалғай елді мекендерге де жіті назар аударылып, көркеюіне көңіл бөлініп отырғанын атап айтты.

Ауданның денсаулық сақтау саласында 31 емдеу мекемесі бар (1 аудан­дық аурухана, 7 дәрігерлік амбула­то­рия, 6 фельд­­­­шерлік акушерлік, 17 меди­циналық пункт). Оларда 50 дәрігер, 211 орта буын, 71 кіші буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды.

11 мәдениет үйі, 4 ауылдық клуб, 13 кітапхана, 1 тарихи-өлкетану мұра­жайы жұмыс істеп тұр. «Кеген» ха­лық театрының ұжымы Бексұлтан Жа­кеев­тің «Тағдыр», Қолғанат Мұраттың «Мұғалім», Исраил Сапарбайдың «Сыған сере­на­дасы» спектаклін аудан халқына ұсы­нып, көрермен қошеметіне ие болды.

– Алдағы уақытта ауданның әлеу­мет­тік-экономикалық дамуын жеделдету мақсатында түрлі салаларға инвес­­­­тиция тарту, инфрақұрылымды же­тіл­діру, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында нақты шаралар жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, өңірдің тұрақты өсімін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәде­ниет, ауыл шаруашылығы салаларында да ауқымды жұмыстар атқарылып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жаңа жобалар жүзеге асады. Инвестициялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы өңірімізде ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалады, – деп қорытты аудан басшысы.

Алматы облысы,

Кеген ауданы

Соңғы жаңалықтар

Күйзелістен құтқарады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:20

Бейнежазбадан білім алған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:17