Алмас Өтешовтің есімі қалың жанкүйерге жақсы таныс. Ол – жастар арасында Азия чемпионы атанып, ересектердің әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш қазақ зілтеміршісі. Даңқты бапкер Вилорий Пактың шәкірті 2008, 2009 жылдары Каназава мен Талдықорғанда ұйымдастырылған құрлықтың басты додасында қатарынан екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. 2013 жылы Польшаның Вроцлавында қоссайыстың қорытындысында 397 (175+222) килолық батпан темірді тік көтеріп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Алмас Өтешевке дейін осы спорт түрін серік еткен бірде-бір қазақ баласы дәл осындай биік белесті бағындыра алмаған еді. Одан бөлек, ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасында жетінші орынға жайғасса, 2014 жылы Инчхондағы жазғы Азиадада күміспен күптелді. Осылайша, оның есімі еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері атанған тұңғыш қазақ ауыр атлеті ретінде тарихта қалды.
Уақыт озған сайын шеберлігі шыңдалып, көрсеткіштері жылдан-жылға жақсара түскеннен кейін жанкүйерлер де Алмастың жолына үлкен үмітпен қарады. Әркайсымыздың кеудемізде «2016 жылы Рио-де-Жанейрода дәп осы денесі шойыннан құйылғандай қара жігіт Қазақ елінің абыройын асқақтатып, Олимпиада жүлдесін сыйға тартады» деген сенім оты маздады. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. Еліміздің әлемдік ауыр атлетиканың көшбасшыларының біріне айналғаны әлдекімдердің шымбайына тисе керек, олар бізді қалай да тұқыртудың қамына кірісті. Әдетте елге келгенімен ештеңе таппай кететін Допингке қарсы күрес агенттігі (ВАДА) сол кездері отандастарымызды қатты қыспаққа алды. Ақыры дегендеріне жетті. ВАДА «рұқсат етілмеген дәрі-дәрмекті пайдаланған» деген желеумен атақты спортшыларымыздың біразын Олимпия ойындары, әлем чемпионаттары, тағы басқа да аса ірі халықаралық додаларда жеңіп алған жүлделерінен айырып, оларды түрлі мерзімге үлкен спорттан шеттетті. Зардап шеккендердің қатарында біздің кейіпкеріміз де болды.
Жоғарыдағы жағдай Алмас Өтешовке ауыр соққы болып тиді. Ол 2015 жылы Хьюстонда жеңіп алған күміс медалінен айырылып, бірнеше жылға жарыстардан алыстатылды. Соның салдарынан бұрын тұрақты түрде алып жүрген еңбекақысы мен сыйақысынан қағылды. Арман-мақсаты күл болып, ой-жоспары құрдымға кетті. Қаражаттан қысылған спортшы отбасын баға алмайтындай күйге жетті. Бір сөзбен айтсақ, ешкімге керек болмай, жапан далада жалғыз қалды.
Қос бүйірден қысқан қысылтаяң кезеңді Алмастың өзі былай деп еске түсіреді: «Екі бірдей әлем чемпионатында жүлде алғаннан кейін өзіме деген сенімім күшейе түсті. Сол аралықта Азия ойындарында күміс медальді мойныма тақтым. Содан барлығымыз жатпай-тұрмай Олимпиадаға даярландық. Риодағы жарыс қарсаңында Жасұлан Қыдырбаев екеуміз нағыз бабымызда едік. Ғаламдық доданың бас жүлдесі қос қазақтың біреуіне бұйыратынына кәміл сендік. Бірақ қапияда еліміздің бір топ ауыр атлетіне «допинг қолданды» деген айып тағылды. Бұл жаңалық баршамызға жай түскендей әсер етті. Өзіміздің әділдігімізді дәлелдеу мақсатында халықаралық сотқа да жүгіндік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Осылайша, спорт саласының басы-қасында жүрген арамзалар ұйымдастырған қитұрқы ойындардың құрбаны болдық. Ал біз допинг қолданған жоқпыз. Елдің алдында арымыз таза. Бұл сөзді Илья Ильин де, Жасұлан Қыдырбаев та, мен де нық сеніммен айта аламыз».
Атақты ауыр атлеттің басына күн туған кезде «Егемен Қазақстан» газетінде «Өтешов неге өкпелі?» (02.04.2008 ж.) атты мақала жарияланды. Одан кейін «Қоғамға керексіз болғаныма қынжыламын» (15.03.2022 ж.) деген көлемді сұхбат жарық көрді. Кейіннен Ғалым Сүлейменнің «Ютуб» әлеуметтік желісіндегі «Берен», Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» бағдарламаларында Алмас ағынан жарылып, басынан кешірген жайттардың барлығын бүкпесіз баяндады. Сонымен қатар осы спорт түрінің төңірегінде болып жатқан келеңсіз жайттарды жайып салды. Содан кейін барып қана қазақ қоғамы темір көтерген толағайға назар аударды.
Ең бірінші болып жанашырлық пен жылы шырай танытқан Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен облыстық спорт басқармасының бастығы Бақтияр Артаев еді. Оның алдында Мұрат Өмірбек пен Шалқар Тәліпов сынды кәсіпкерлердің қолдап келгенін айта кеткен абзал. Сол азаматтардың көмегінің арқасында Алмас 2005 жылғы ақпанда туған жеріне оралып, «Мұз айдыны» кешеніне әдіскер қызметіне қабылданды. Сол жылдың жазында «Олимпиадалық резерв даярлау орталығы» мекемесі директорының орынбасарлығына тағайындалды. Енді міне, 37 жастағы азамат облыстың аға жаттықтырушысы қызметін атқаратын болды.
Қазір Алмастың иығына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Себебі, Қызылорда – Қазақстан ауыр атлетикасының ұстаханасы іспеттес. Дәл осы өңірден Илья Ильин, Роман Русяновский, Дәурен Шәутеев, Қуаныш Рахатов, Айбол Алдабергенов, Жомарт Жарасбаев, Рахат Бекболат, Асылжан Бектай, Ерасыл Сәулебеков, Ерсейіт Бейбарыс, тағы басқа дүлдүлдер шықты. Сондай-ақ олардың бапкерлік мектебі де керемет. Бірақ кейінгі кезде бұл өңірде зілтемір спорты біраз тұралап қалғаны да белгілі. Енді соны қалпына келтіріп, жеңіспен өрілген тамаша дәстүрді жалғастырып, даңқы алысқа жайылған Сыр бойы ауыр атлетикасының көсегесін қайта көгерту осы спорт түрінің «отымен кіріп, күлімен шыққан» Алмас Өтешовтей майталманға жүктеліп отыр. Олай болса, алға, Алмас!