Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан марқұмның отбасына, туған-туыстарына, еліміздегі барша мұсылман қауымына көңіл айтамын. Марқұмға мәңгілік мекен жәннаттан бұйырсын!
Тұңғыш мүфтиіміз исламдық білім алу саласында да елеулі жетістікке жетті. Бұхарадағы «Мир – Араб» медресесі мен Ливия университетінен діни шариғат мамандығын игеріп шықты.
Рәтбек хазіретіміз мүфти болған жылдары мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түсті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған Рәтбек Нысанбайұлы 70-ке жуық мешіт салдыруға ықпал етті. Халықтың діни сауат ашуына ден қойды. Өйткені осы кезеңде халықтың діни сауатын ашу маңызды істің бірі болды. Ұстазымыз бойында бар күш-қайратын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Өзінен кейінгі шәкірттеріне әрқашан ағалық кеңесін айтып, жанашырлық танытты. Бүгінде шәкірттері діни салада жауапты қызметтер атқарып жүр.
Ол өлшеулі ғұмырында халқымыздың рухани дамуына, қоғамда имандылықтың, ізгіліктің, бірлік пен татулықтың нығаюына сүбелі үлес қосып, еліміздегі барша дін қызметкерлеріне өшпес өнеге көрсетіп кетті. Рәтбек қажының атқарған игі істері, ұстаздық һәм ағартушылық қызметі қазіргі буынға, барша имамдарға әрқашан рухани бағдаршам болары хақ.
1943 жылы Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (САДУМ) құрылады. Рәтбек ұстазымыз 80-жылдары Зияутдин Бабаханның (Ишан Бабаханның ұлы, екінші мүфти) орнына бір жарым ай Ташкентте атқарушы мүфти болады. Сол кезде оны болашақ мүфтилікке даярлап жатқан кезі еді. Зияутдин Бабаханның денсаулығының нашарлауына байланысты жаңа мүфтиді тағайындау мәселесі көтерілді. Осы кезде Зияутдин: «Орныма екі адам лайық: бірі – Қазақстанның қазиі Рәтбек Нысанбаев, екіншісі – балам Шамсиддин Бабахан», депті. Алайда Рәтбек хазірет бұл қызметтен бас тартады. Себебі оның негізгі ойы САДУМ-нан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын бөліп әкету болатын. Ташкентте қалса, ол ойы жүзеге аспайтын еді. Сондықтан Ташкенттегі мүфтиліктен бас тартып, Қазақстан мүфтиятын құрудың жолдарын қарастырды. Сол кезде елімізге дербес Діни басқарма қажет еді.
1979–1990 жылдары Қазақстан қазиі қызметін Рәтбек қажы Нысанбайұлы атқарды. Кеңес одағы күйрей бастаған тұста ұлттық, діни мәселелер шиеленісіп кетті. 1989 жылы Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (САДУМ) мүфтиі Шамсиддин Бабахан қызметінен кетті. Оның орнына Мұхаммад Садық Мұхаммад Юсуф мүфти болды. Осы кезде Қазақстан Діни басқарма құрамынан бөлініп шықты. Оның бірнеше себебі болды. Діни басқарма Ташкентте орналасты және кеңестік саясатқа байланысты Қазақстанның діни-рухани өміріне ықпал ете алмады.
1990 жылы 12 қаңтарда Алматыда Қазақстан мұсылмандарының І құрылтайы өтіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ташкенттегі Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан бөлініп, дербес Діни басқарма болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алғашқы төрағасы, Бас мүфти болып Рәтбек қажы Нысанбайұлы сайланды. Ол кезде елімізде бар-жоғы 25 мешіт болатын. Қостанай, Торғай, Жезқазған, Маңғыстау, Өскемен, Талдықорған секілді алты облыста мүлде мешіт жоқ еді. Дін әбден тұралап қалған кез болатын. Мешіттердің де мешіт деген аты ғана болмаса, мешітке лайық шарт-жағдайы да жоқ еді. Қазақстанның қазиятына осындай тоқырау кезеңде келген Рәтбек қажы қолдан келгенше мешіт салдыруға ықпал етті. Шәкірттерді Мысырға жіберіп, оларды діни қызметке тағайындады.
Рәтбек қажы Нысанбайұлының ғылыми-шығармашылық еңбегін де атап өту ләзім. Ол 1991 жылы «Құран-Кәрімнің» мағыналары мен түсіндірмелерінің аудармасын жариялады. 20-дан астам діни-танымдық кітап, жинақ әзірледі.
Марқұм ұстазымыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы бас кеңсесіне келгенде: «Қандай ғажап ғимарат! Мұндай кеңседе отырып елге, дінге қызмет ету – үлкен бақыт. Қазір елге аянбай қызмет ететін кездерің. Алла Тағала қасиетті саладағы қызметтеріңе береке нәсіп етсін!» деп батасын берген еді. Алла Тағала Рәтбек хазіретіміздің отбасына көркем сабыр бергей! Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай! Діни салада жасаған сауапты амалдарының игілігін көргей!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти