Энергетика • Бүгін, 08:35

Энергетикалық нысандарды аралады

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңір­дің негізгі энергетикалық, өнер­кәсіптік және әлеуметтік нысандарын аралады.

Энергетикалық нысандарды аралады

Роман Скляр Екібастұз қаласын­дағы жылу беру маусымы қалай өтіп жатқанымен танысты. Облыс әкімі Асайын Байханов жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жылу беру маусымы қалып­ты режімде өтіп жатқанын баяндады.

Өңірде 2023–2025 жылдары жалпы сомасы 11,3 млрд теңгеге ЖМ-2 және ЖМ-7 жылу магистралдары қайта жаңартылған, оның ішінде 6,7 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінген. Гидравликалық сынақтардың қорытындысы бойынша 13,5 шақырым желі жөнделіп, 341 ақау жойылды. Жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд теңге бөлініп, 19 шақырым желі жөнделді.

Сондай-ақ бірінші вице-премьер Екібастұз ЖЭО жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. «Energy Solution Center» ЖШС бас директоры Айдарбек Қыстаубаев негізгі жабдықтарды жөндеудің кешенді бағдарламасы жөнінде баяндады.

2023–2025 жылдары мұнда №5-9 энергетикалық қазандықтар мен №11-15 су жылыту қазандықтарына жөн­деу жүргізілді. Ал №6-8 қазандық агрегаттарында ағымдағы кеңейтілген жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, жабдықтар да қайта жаңартылған. Бұл жұмыстар Үкімет резерві мен облыс әкімдігінің қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

2026–2027 жылдары әкімшілік-тұрмыстық кешен салу, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күл үйінділерін қайта жаңғырту, генерация­лау қуаттарын ұлғайту жоспарланған.

Цифрландыру мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. 2025 жылы стансада қызметкерлер үшін «ақылды каскалар» енгізілді, ал 2026 жылы еңбек қауіпсіздігін бақылауды күшейту мақсатында бейнежетондарды енгізу жоспарланып отыр. Роман Скляр цифрлық шешімдерді өндірістік бақылау жүйесіне біріктіріп, оларды тәжірибеде қолдануды тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-министр­дің бірінші орынбасары «Railways Systems KZ» холдингінің өндіріс орнында болып, жалпы инвестиция көлемі 500 млрд теңгеге жуықтайтын ($976 млн), жылына 1 млн тоннаға дейін жоғары сапалы болат өндіретін заманауи электрметаллургиялық зауыттың құрылысымен танысты. Зауытты іске қосу 2028 жылға жоспарланған және 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталады: өнімнің 40%-ға жуығы ТМД елдері мен Еуроодаққа жіберіледі.

Павлодар ЖЭО-2 орталығында облыс әкімі Асайын Байханов 2025–2026 жылғы жылу беру маусымының барысы туралы баяндады. Облыс орталығын жылумен сапалы қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 5,9 шақырым болатын ЖМ-20А жылу магистралі салынды. Жылу желілерінде гидравликалық сынақтар жүргізіліп, жалпы ұзындығы 7,2 шақырым болатын 343 ақау жойылды. 2026 жылы жалпы құны 4,8 млрд теңгеге 21 шақырым кварталішілік желілерді қайта жаңғырту және 8,1 шақырым магистралдық жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыс­тарын жүргізу жоспарланған.

«Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемель 2025 жылы ЖЭО-2 ор­талығында негізгі жабдықтарға жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы есеп берді. 2026–2027 жылдары стансада жалпы құны 17,2 млрд теңгеге қазандықтар мен турбоагрегаттарға күрделі жөндеу, күл тазалау жүйе­лері мен жарықтандырғышты қайта жаңғырту, заманауи цифрлық шешім­дер мен IT-жүйелерді енгізу жоспар­ланған. Жалпы құны 18,6 млрд теңгеге осындай жұмыстар ЖЭО-3 орталығында да жүргізу қарастырылған.

Роман Скляр жөндеу науқаны мен инвестициялық бағдарламалардың сапалы орындалуын, мерзімдердің сақталуын, технологиялық және экологиялық көрсеткіштердің орындалуын қатаң бақылауды, сондай-ақ жылу беру маусымының сенімді өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Жұмыс сапары барысында бірінші вице-премьер «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС да барды. ПМХЗ ауыр газойльдерді өңдеу және ашық мұнай өнімдерінің шығымын арттыруға бағытталған SENIM-D жобасын қоса алғанда, ауқымды жаңғырту жобаларын жүзеге асыруда. Бұған қоса, кәсіпорын­да жасанды интеллект шешімдерін қолдана отырып, автоматтандыру және цифрландыру жүйелерін енгізу мас­тер-жоспары әзірленген. Зауыт бас­шы­лығына өндірістің тиімділігі мен технологиялық жарақтандырылуын арттыру жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Жұмыс сапарының соңында Роман Скляр Павлодар қаласындағы 2025 жылы 1 қыркүйекте «Болашақ мектебі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған №48 жалпы білім беретін мектептің қызметімен танысты. Мектеп 1200 оқушыға арналған және заманауи цифрлық әрі инклюзивті инфрақұрылыммен жабдықталған. Бірінші вице-премьер балалардың жан-жақты дамуы үшін тең және қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Жұмыс сапары Павлодар облы­сы­ның тұрақты әлеуметтік-экономи­калық дамуына бағытталған энергети­ка, өнеркәсіп және әлеуметтік инфра­құрылым салаларындағы негізгі жоба­лардың іске асырылу барысын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 10:00

Рухани тәрбие мектебі

Аймақтар • Бүгін, 09:55

«Ауыл аманатының» шапағаты

Қоғам • Бүгін, 09:50

Қарап тұрсам, дүние... Эссе

Таным • Бүгін, 09:45