Баға • Бүгін, 10:35

Кофе неге қымбаттап барады?

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр желтоқсанда бұл өнімнің жылдық қымбаттауы 26,2 пайызға жеткен. Бұл соңғы бір жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық статистика бюросы дерегінше, кофе бағасының индексі жаз айларынан бастап шапшаң өсіп, 19 пайыздан 26 пайызға дейін көтерілген, деп жазады Egemen.kz.

Кофе неге қымбаттап барады?

Фото: ашық дереккөз

Бағаның бұлай өсуіне ең алдымен инфляциядан тыс факторлар әсер еткен. Негізгі себеп – шикізат құнының күрт қымбаттауы. Жыл соңына қарай дәнді кофенің бағасы 36,3 пайызға өсті. Соның салдарынан еритін кофе де, дайын кофелік сусындар да қымбаттады.

Бұл жағдай тек Қазақстанға ғана тән емес. Кофе бүкіл әлемде қымбаттап жатыр. Халықаралық Trading Economics порталының мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсанында әлемдік биржада кофе фунты 4,1 АҚШ долларына жеткен. Бұл – сол жылдың қаңтарымен салыстырғанда 28,1 пайызға жоғары.

Әлемдік бағаның өсуіне климаттың өзгеруі негізгі себеп болып отыр. Арабика өндіретін басты ел – Бразилияда былтыр қуаңшылық болды. Ал Вьетнамда 2025 жылдың жазындағы аптап ыстық робуста өніміне кері әсерін тигізді. Нәтижесінде әлемдік нарықта ұсыныс азайды.

Неліктен таңертең кофе ішуге болмайды: Кардиолог түсініктеме берді

Соған қарамастан, Қазақстандағы кофе бағасы әлі де ең жоғары елдердің қатарына кірмейді. Numbeo рейтингінде 2026 жылдың қаңтарында Қазақстан капучино бағасы бойынша 103 елдің ішінде 77-орынға жайғасты. Бізде бір кесе капучино орта есеппен 2,2 доллар немесе шамамен 1,1 мың теңге тұрады. Бұл Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінен бірнеше есе арзан. Мысалы, Данияда бір кесе кофе 6,6 доллар, Швейцарияда 6,2 доллар тұрады.

ЕАЭО елдерімен салыстырғанда да Қазақстандағы баға орташа деңгейде. Ресейде капучино 2,6 доллар, Беларусьте 2 доллар, Өзбекстанда 1,9 доллар шамасында.

Қай ел кофені көп ішеді?

Қазақстан үшін кофе – толықтай импорттық өнім. Ол 47 елден әкелінеді. Негізгі жеткізуші – Бразилия. Кедендік статистикаға сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында осы елдің үлесі Қазақстанға импортталған кофенің 39,9 пайызын құраған. Осы кезеңде Бразилиядан шамамен 1,5 мың тонна кофе жеткізілген, бұл бір жыл бұрынғыдан бір жарым есе көп. Екінші орында Ресей тұр – 937,7 тонна. Сарапшылар бұл көлемнің едәуір бөлігі реэкспорт болуы мүмкін екенін айтады.

Соңғы екі жылдағы деректер тағы бір үрдісті көрсетеді. Қазақстан Вьетнамнан кофе импортын 3,4 есе, Қытайдан 43,9 есе арттырған. Бұл елдің бразилиялық жеткізілімге балама жолдарды іздей бастағанын аңғартады.

Инклюзивті кофехана көпке үлгі

Жалпы, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанға 3,7 мың тонна кофе әкелінген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 26,9 пайызға көп және соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары көлем. Ақшалай мәнде импорт бірден 60,4 пайызға өсіп, 36,9 млн долларға жеткен.

Әлемдік сарапшылар қымбатшылық салдарынан кей елдерде адамдар кофеден бас тарта бастағанын айтады. Ал Қазақстанда керісінше жағдай байқалады. Ұлттық статистика деректеріне қарағанда, соңғы үш жылда Қазақстан азаматтары еритін кофені көбірек тұтына бастаған. Былтырғы үшінші тоқсанда бір адамға шаққандағы орташа тұтыну 77 граммды құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға жоғары.

Соңғы жаңалықтар