Экономика • Кеше

Қой жүнінен – құрылыс материалы

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында қой жүнін терең өңдеп, құрылысқа қажетті жылу-оқшаулағыш материалдарын шығаратын «KazFeltec» ЖШС жұмысын бастады. Бұл – тұрғын үйлер мен өндірістік ғимараттардың құрылысына табиғи таза өнімнен экологиялық сапалы өнім шығаратын еліміздегі алғашқы кәсіпорындардың бірі.

Қой жүнінен – құрылыс материалы

Зауыт жылына 3 мың тоннадан астам өнім шығаруды жоспарлап отыр. Жобаның инвестициялық көлемі 5,3 млрд теңгені құрайды. Қаражатқа Италияның Прато қала­сында орналасқан «Cormatex S.r.L.» зауытынан «Cormatex Airlay» технологиясына негізделген заманауи жабдықтар мен қондырғылар сатып алынды.

Жабдықтарды орналастыру жұмыс­тары әлі жүргізіліп жатыр. Со­ған қарамастан зауыттың бір цехы іске қосылып, алғашқы өнім­дерін шығара бастады. Қазір жүн қабылдау мен жуу цехында 20 адам еңбек етеді.

Өндіріс ошағында қолданыла­тын Airlay технологиясымен жүн талшықтары жуылып, қоқымнан тазаланып, кептіріледі. Содан кейін түрлі қалыпқа салынып, тығыз әрі берік материал ретінде өндіріске шығады. Бұл өнімдерді құрылыста жылу мен дыбыс оқшаулағыш материалдары ғана емес, автокөлік тақтайшалары мен орындық қапта­ғыштардың, жиһаз бен көрпе, жастықтардың толтырғышы ретін­де де пайдалануға болады.

Мұндай зауыттың ашылғаны ең алдымен өңірдегі қой өсіріп отырған шаруашылық иелеріне пайдалы екені сөзсіз. Ақтөбе қала­сына жақын орналасқан шаруа­шылықтар көктемгі қырқымда алғашқы өнімдерін өткізуге келісім­шарт жасасып та үлгерді. Солардың бірі – Алға ауданының Үшқұдық ауылдық округінде 250 бас биязы жүнді қой өсіріп отырған Жандос Ақынов. Ол бес жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатса да қырқылған қой жүнін өткізетін жер таппай қиналатынын жасырмады. «Жыл сайын тонна-тонна табиғи таза өнім қоқысқа кетіп, рәсуа болып жатыр. Қораға жинап қоямыз. Ол жан-жаққа ұшып, соңында шөппен араласып жоқ болады. Сол себепті амалсыздан қоқысқа апарып төгеміз, не өртеп жіберетін едік. Кейде қой жүні жиналған қора өртеніп кете ме деп те алаңдайтын едік. Енді міне, Ақтөбеде қой жүнін пайдаға асыратын өндіріс орны ашылып, қуанып жатырмыз. Арзан бағаға болса да бізге өткізген жақсы», дейді шаруа.

Алдағы көктемнен бастап «KazFeltec» жылына 3 мың тоннадан астам жүн қабылдауды жоспарлап, сапасына қарай әр килосына 50 теңгеден 150 теңгеге дейін төлемекші.

Кәсіпорын ашылған кезде зауытқа жүн сұрыптаушы болып жұмысқа кірген Ерлан Жақыпов сұрыптаудан өтіп, тазартылған қой жүні осы цехта арнаулы қондырғыда бес рет жуылып, кептірілетінін айтады. Одан кейін тегістелген таза жүн қалыпқа салынып, өнім өндіру цехына жіберіледі.

«KazFeltec» зауытының бас тех­нологі Ерлан Әмірғалиевтің айтуын­ша, Cormatex Airlay жабдық­тары арқылы әртүрлі өлшемдегі 20 өнім шы­ғаруға болады. Бірақ зауыт әзірше үш түрлі өнім ғана шығарады. Қазір Италиядан келген «Cormatex S.r.L.» компаниясының жұмысшылары құрылғыларды іске қосып жатыр. Зауыт басшылығы алдағы уақытта жұмысшылар санын 50-ге арттырып, көрші облыстардан да жүн қабылдауды жоспарлап отыр.

Кәсіпорын толық қуатымен іске қосылса, экологиялық сапалы бұйымдар еліміздің өңірлеріне де жіберілмек.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар