Спорт • Кеше

Балуандар бақ сынасты

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарасай ауданындағы «Нұр-Аман» спорт кешенінде еркін және әйелдер күресінен облыс чемпионаты мәреге жетті. Жарысқа облыстың барлық аудандарынан 450-ден астам спортшы қатысты. Сайыста U-20 жас санатындағы жастар, сондай-ақ 15 жасқа дейінгі спортшы өрендер бақ сынасты.

Балуандар бақ сынасты

Сурет: instagram.com/ao_sporty

Байрақты бәсекеде U-20 санатында еркін күрес балуандары 11 салмақ дәрежесінде (52 кг-дан +135 кг-ға дейін) жүлделерді сарапқа салды. U-15 жас санатындағы ұлдар 13 салмақ дәрежесінде (35 кг – +85 кг), қыздар 10 салмақ дәрежесінде (33 кг – 66 кг) өнер көрсетті.

«Облысымызда U-20 жас сана­тындағы еркін күрес қарқынды дамып келеді. Бүгінде барлық аудандарда мықты мектептер бар, нәтижелер тұрақты, бәсекелестік жоғары. Бұл жас – ересек спортқа өтпелі кезең, дәл осы уақытта балуандардың мінезі, тактикасы мен психологиялық төзімділік қалыптасады. Өңірдегі жоғары дайындық деңгейінің жарқын дәлелі – Едіге Қасымбектің жетістігі. Былтырғы 18 тамызда жас балуан Болгарияның Самоков қаласында өткен U-20 әлем чемпионатында 125 кг дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. Бұл нәтиже өңіріміз үшін ерекше мақтаныш», деді Алматы облысының U-20 жас санатындағы еркін күрес аға жаттық­тырушысы Сәкен Закиров.

Әйелдер күресі де қарқынды дамып келеді. Алматы облысы құра­масының 62 кг салмақ дәрежесіндегі көшбасшысы Тыныс Дубек өткен жылы жастар арасындағы Азия чем­пионатында күміс медаль жеңіп алды.

U-15 жас санатындағы ұлдар арасында облыс құрамасы негізінен Қарасай ауданының спортшыларынан құралған. Түрлі беделді ареналарда ағайынды Мадияр мен Мирас Әбдікәрімовтер ерекше көзге түсіп жүр. Мадияр 2024 жылы Саха–Якутияда өткен беделді халықаралық «Азия балалары» турнирінде жүлделі орынға ие болды. Екі спортшы да кейінгі екі жылдағы нәтижелері бойын­ша спорт шеберлігіне кандидат дәрежесін иеленді.

«Облыс біріншілігі – маусымдағы ең маңызды жарыстардың бірі. Мұнда бәсеке жоғары, кілең үздік балуандар белдеседі. Осындай турнирде жеңіске жету өзіңді танытып, республикалық, халықаралық деңгейге жақындауға мүмкіндік береді», дейді Мадияр.

Жарыс қорытындысында Қара­сай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарының өкілдері жоғары дайындықпен келгендерін көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктармен, сыйлықтармен марапатталды.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар

Соғыс болмаған ел

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:20

Нағыз қыс – Шанағатыда

Ауыл • Бүгін, 09:15