13 Мамыр, 2015

Ұмытылмас бейне

869 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Еліміз тарихында Ұлы Жеңістің ерекше орын алатыны сөзсіз. Жеңіс ел мен ұрпақ үшін ұрандатып соғысқа қатысқан сарбаздардың қаны текке төгілмегендігінің айғағы. Уақыт өтсе де «Ер есімі – ел есінде» демекші, ешкім ешқашан ұмытылмайды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай бейбіт заман үшін майданда қан кешіп, ерлігімен танылған Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраев туралы сөз қозғамақшымын. yskak sogis Ысқақ Ыбыраев 1911 жылдың 10 мамырында Қызылжар уезі Қаратал ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың шілдесінде 12 жылдай мұғалім болып қаламнан басқа қару ұстамаған Ысқақ Ыбыраев Кеңес әскері қатарына шақыртылады. Сол жылдың қазан айында Прибалтика майданына жіберіліп, 50-полктің рота командирінің сая­си бөлім жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ысқақ Ыбыраев 1944 жылы 1-Беларусь майданының 5-екпінді армиясына қарасты 60-гвардиялық атқыштар дивизиясы 177-гвардиялық атқыштар полкінің взводын басқарады. 1945 жылдың қаңтарында Висланың батыс жағалауы плацдармдарынан 1-Беларусь және 1-Украина майдандары қатысқан тарихқа Висла-Одер операциясы атымен енген ұрыс жолдары басталды. Осы шайқаста Одер өзенінен өту кезінде атамыз бастаған взвод жаудың ірі қорғаныс тірегін басып алып, қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетті. Шабуылға шыққан 5-ші екпінді армияның бөлімшелері жаудың қыр соңына түсіп, бір селоға жақындай бергенде үлкен бөгетке тап болады. Бұл жерге бұрын жеткен немістер алдын ала бекініс дайындап, орналасып үлгерген екен. Жаудың мина көмген жерінде бірсыпыра сарбаздар қаза тауып, өте алмаған соң саперлерді күтеді. Ұрыс арасындағы үзіліс кезінде өзінің жауынгерлерін дұшпан минасын залалсыздандыруға үйреткен Ысқақ Ыбыраевтың жауынгерлері тоқтамай ілгерілей береді. Гитлершілер миномет, пулемет оғын жаудырып тұрғанда Ысқақ тайсалмастан алға шығып, взводымен мина даласынан өткел салды. Сөйтеді де, Буде-Августов селосындағы дұшпан бекінісінің оң жақ қанатынан келіп бас салады. Оларға қарсы шыққан неміс танкілерінің екеуін жайратқан соң жау солдаттары орналасқан траншеяға басып кірген Ыбыраевтың сарбаздары қоян-қолтық ұрыста немістің күшін жойды. Бұдан әрі қозғалған жауынгерлер село шетінде жау дзотына тап болады. Осы жерде екі топқа бөлінген сарбаздар қосымша екі дзотты іске қоспақ болған жаудың ту сыртынан шығып, шабуыл жасайды. Сөйтіп, әскери айла-тәсілдің арқасында жаяу әскерге әрі қарай жол ашылады. Ыбыраевтың сарбаздары салған ізімен мина даласын еш шығынсыз өткен бөлімшелердің бірлескен шабуылына тойтарыс бере алмаған немістер селоға қарай шегінуге тура келеді. Бұл шайқастан соң Мало-Боже елді мекенінің жанындағы Одер өзенінің арғы бетіндегі алаңқайда орналасқан жау біздің әскерге қарсы тойтарыс беруге тырысып бақты. Гвардия лейтенанты Ы.Ыбыраев взводты екіге бөліп, әрқайсысына жеке-жеке міндеттер жүктеді. Өзімен бірге 6 сарбазды ерткен ол түскен тұманның арқасында өзенді еш дыбыс шығармастан кесіп өтіп, неміс құрамына шабуылға шығып, жаудың назарын өзіне бұрады. Ыбыраевтың азғантай тобын жоюға бар күшін салғанмен, жау өз дегеніне жете алмады. Күн бата бір топ сарбазға көмекке жеткен өзге бөлімшелердің әскерилері лейтенант Ы.Ыбыраев бастаған шағын топтың ондаған жаудың көзін құртқандығын байқайды. Ұрыста ауыр жараланғанымен, ұрыс даласын тастамаған Ысқақ атамыз қатардағы жауынгерлерге ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Қазақ халқының адал ұлы, талантты офицер Ысқақ Ыбыраевтың жауынгерлік ерлігі жоғары бағаланып, оған 1945 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылдың тамыз айында туған өңірге оралған Ы.Ыбыраев 1946 жылдың қыркүйегіне дейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болды. 1948 жылдары Алматыда Жоғары партия мектебін бітіріп, ұзақ жылдар осы салада қызмет етті. Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраев 1965 жылдың 13 шілдесінде қарапайым соқыршектен қайтыс болды. Ұлы Отан соғысы – аталарымыз бен әкелеріміздің майдан шебіндегі теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының, бірлігінің дәлелі. 1969 жылдың 9 мамыр күні Ысқақ Ыбыраев атындағы кеңшарда Кеңес Одағы Батырына ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ, Сергеевка қаласының көшелерінің біріне, бүгінде өндірістік бірлестік болып қайта құрылған, сол кездегі кеңшарға батырдың есімі берілді. Отан алдындағы ерлігі үшін Ысқақ Ыбыраев Ленин, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін»медальдарымен, кейін «Құрмет Белгісі» орденімен, басқа да көптеген медальдармен марапатталған. Самал САХАТОВА, Ақмола көлік прокурорының көмекшісі.