25 Маусым, 2015

Алғашқы кезде қиындығын көреміз, бірақ түбі пайдасы мол болады

265 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
alashbaev– дейді шаруашылық жетекшісі Насыр АЛАШБАЕВ Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін үлкен жаңалық болып отыр. Жітіқара ауданындағы ««Алаш» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Насыр Алашбаев Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміз ауылды да түлетеді деген үмітте. – Насыр Мұхамеджанұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге барлық келісімдердің аяқталғаны туралы жылы хабарды халқына айтып, Үндеу жариялады. Өзіңіз бұл жаңалықты қалай қарсы алдыңыз? – Біз биылғы ауыр өткен көк­темгі дала жұмыстарынан енді қолымыз босап, бойымыз жеңіл­деген сәтте осы хабар жетті. Елбасы­ның бұл сүйінші хабарына мен қуандым. Өйткені, мемлекеттер арасында бұл халықаралық өте беделді ұйымға кіруге қолы жеткен де бар, жетпеген де бар. Бұл жерде Елбасының еңбегін және ұйымға кірудің барлық құқықтық, экономикалық жұмыстарын атқарған сарапшыларымыздың еңбегін бағалағанымыз дұрыс. Олар жиырма жылға жуық уақыт бойы табандылықпен еңбек етіп, оң нәтижеге ақыры қол жеткізді. Бұл еліміздің дамығандығын, әлемге таныла, мүмкіндіктерінің кеңейе түскендігінің айғағы. – Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруден ауыл шаруашылығы не ұтады? – Ауыл шаруашылығында техникасыз ешқандай жұмыс жүрмейді. Мысал айтайын. Биылғы жаңбырлы көктемде озық техникалары барлар төтеп беріп, дәнді уақтылы сеуіп алды. Ал техникасы әлсіздер тұқымды кешіктіріп септі, ертең оны жинар кезде де қиындық болуы әбден мүмкін. Сондықтан ДСҰ-ға кіруіміздің арқасында шетелден алдыратын озық техникалардың бағасы біз үшін арзанға түсетін болады. Мысалы, біз техникасын алып жүрген АҚШ, Канада секілді мемлекеттер ДСҰ-ға мүше болғандықтан, олардың тауарлары бірдей бағамен сатылады. Қазір оларды біз тым қымбат алып жүрміз, ал шағын шаруа қожалықтарының оған қолы жете бермейтін. Бұл жөнінен енді диқандар ұтады. Дүниежүзілік сауда ұйымы­на кіруімізге орай астық өндіру­ші­лердің тағы бір қуанышын айтайын. Бидай бағасы өсуі ықтимал. Иранға, Қытайға теміржол түсті, бұл Қазақстанның астығын жеткізуді жеңілдетті. Бірақ ДСҰ-ға мүше болмағандықтан, оның бағасы әлемдік саудада төмен бағамен өтетін еді. Енді ұйымға кіргендіктен оның бағасы әлемдік баға деңгейіне көтеріледі деп ойлаймын. 17 мың гектарға бидай, арпа өсіріп отырған біздің шаруашылық үшін мұның маңызы өте зор болмақ. – Дүниежүзілік сауда ұйы­мы­на кірудің қиындықтары да бола­тындығын Елбасымыз да жасы­рып отырған жоқ. Сіз не ойлайсыз? – Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ұйымға кіретінімізді, оған дайын­дық жүріп жатқандығын он жылдан бері айтып келеді. Соған орай, ауыл шаруашылығы, өңдеу кәсіп­орындары қызметкерлерімен кездескен сайын техникаларыңды дұрыс­таңдар, озық технологиялар­ды енгізіңдер деп ескертіп келеді. Менің ойымша алғашқы жылдары өңдеуші кәсіпорындар үшін қиындық болмай қалмайды. Өйткені, олардың барлығы да озық технологиямен, тиімді техникамен жұмыс істеп отыр деп айтуға болмайды. Халықаралық деңгейдегі бәсекеге мұндай кәсіпорындардың шыдас бере алмауы да мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлерге тыным таппай ізденіс керек. Қазір озық технологияны енгізіп, сапалы тауар өндіріп отырған кәсіпорындар енді ұтады, олардың тауарларының өрісі кеңейеді. – Дүниежүзілік сауда ұйы­мына кіріп отырған бүгінгі күні ауыл шаруашылығында кезек күттірмей қолға алатын қандай жұмыс бар? – Бұл ұйымға кіру бәсекеге қабілеттілік деген ұғымды сезін­діре түсетін болады. Менің шаруа­шылығым аудан орталығынан 120, облыс орталығынан 340 шақы­рымда жатыр. Біз үшін ең қиын­дығы жол екенін біліп тұрсыз. Кеңес Одағынан кейін бұл жақ­тың жолына ешкімнің қолы тиген жоқ. Елбасының «Нұрлы Жол – бола­­шаққа бастар жол» бағдар­ламалық Жолдауында жолды, жол логистикасын дұрыстау айтылды. Жол жақсы болмай, өнімнің өндірілуінен гөрі тасымалы қымбаттап кетеді. Қазір орталық жолдарды жөндеу қолға алынып жатыр. Барлығына уақыт керек екенін де түсінеміз. Алдағы уақытта ауылдың жолдары да жөнделуі үшін оған мемлекеттен қаржы бөлінеді деп ойлаймын. Әйтпесе, қазір жол жөндейтін компаниялардың бұған қаржысы жете қоюы неғайбыл. – Нәке, ДСҰ-ға кіруімізден ауылдың жағдайы жақсара ма? – Бәсеке болған жерде өмір ырғағы күшейеді. Ауыл шаруа­шылығында орта және шағын бизнес қадамы жиілесе, жұмыс орны көбейсе, тауарлар сыртқа көптеп сатылса, қысқасы табыс мол болса әлеуметтік сала жанданып жүре береді. Осы тұрғыдан алғанда, ауылдың жағдайы да жаман болмас. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Жітіқара ауданы.