Кейінгі үш жыл бойы компания еліміздің кәсіпорындарына қомақты инвестиция құйып келеді. Бұл өз нәтижесін берді. Екі жылда ERG-дің «Темір» дивизионынан басқа барлық кәсіпорны тарихи ең жоғары өндірістік көрсеткіштермен жұмыс істеп келеді. ERG басшысы «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы өндірістің экологиялық тиімділігін арттыруға бағытталған негізгі жобалардың бірі – бірегей кәдеге жарату стансасының құрылыс қарқынын бағалады. Бұл жоба – компанияның экологиялық стратегиясының заңды жалғасы. Қазір ферроқорытпа газын кәдеге жаратудың ең тиімді шешімдерінің бірі саналады. Аталған газ 80 МВт электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылып, кәсіпорынды экологиялық таза меншікті энергия көзімен қамтамасыз етеді.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жаңартылған диспетчерлік орталығында Шухрат Ибрагимов 4-балқыту цехының цифрлық егізінің мүмкіндіктерімен танысты. Жаңа жүйеде технологиялық үдерістерді нақты уақыт режімінде көруге болады. Бұл технологтерге бір монитор арқылы бүкіл үдерісті бақылауға, қысқа уақыт ішінде цехты виртуалды аралап шығуға мүмкіндік береді. Кейінгі бес жылда ERG-дің цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуге құйған инвестициясы – 117 млн доллар межесінде.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Дөң тау-кен байыту комбинаты мен Ақтөбе жылу электр стансасының еңбек ұжымдарымен кездескен ERG Директорлар кеңесінің төрағасы 2025 жылғы жұмыстары үшін оларға алғысын айта келе, компанияның алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Хром дивизионы өткен жылы бірқатар сын-қатерлерге тап болды. Біз «Болашақ» кенішіндегі ең күрделі мәселелерді шештік, ғалымдарды іске тарттық және бүгінде кеніш қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. ERG Green бірегей флотация учаскесін іске қостық, қазір қалдықтардан хром өндіріп жатырмыз. Биыл және алдағы жылдары ERG даму қарқынын бәсеңдетпей, негізгі инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру бағытын сақтайды, – деді Шухрат Ибрагимов.
Жүздесуде қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. «Топ үшін қауіпсіздік – ең негізгі басымдық. Қауіпсіздік қамтамасыз етілген жағдайда ғана өндірістік жетістіктер туралы айтуға болады», деп атап өтті Шухрат Ибрагимов.
Кездесу барысында әлемдік тау-кен металлургия компаниялары, соның ішінде ERG кәсіпорындары тап болған сан алуан дағдарыстан бастап, өнімнің өзіндік құнын төмендету шаралары мен әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға дейінгі кең ауқымды мәселелер талқыланды.
Кездесудің жағымды қорытындысы ретінде Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №2 балқыту цехының күйдіру және әктас учаскесінің бастығы Тұрманбай Байтақов ERG-дің «Өндірістегі еселі еңбегі үшін» корпоративтік наградасымен марапатталды. Ол зауыттағы еңбек жолында нағыз кәсіби шыңдалу мектебінен өтті.

Қазақстанның темір кені алыбы – «Соколов-Сарыбай кен-байыту» өндірістік бірлестігінде ERG Директорлар кеңесінің төрағасы кенді дайындау және байыту цехының байыту учаскесіне барды. Жалғасып жатқан дағдарыс дайын өнімді тұтынушыларға өткізу көлеміне кері әсер етті. ССКӨБ кейінгі төрт жыл бойы өз қуатының тек 65%-ында ғана жұмыс істеп келеді. Соған қарамастан кәсіпорында жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Фабриканың қайта өңдеу кезеңі қарқынды түрде жаңартылады. Барлық өзгеріс темір кені концентраты мен шекемтастардың сапалық көрсеткіштерін арттыруға бағытталған.
Ауқымды өзгерістер екі стратегиялық жобаны іске асыруға дайындық кезеңін қамтиды: соның бірі – жаңа күйдіру машинасының құрылысы болса, екіншісі – ыстық брикеттелген темір (HBI) өндіретін зауыт салу. HBI зауытының жобалық құжаттамасы мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамадан өтті. Енді жұмыс құжаттамасын әзірлеуге және құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісуге болады.
Болашақ HBI зауыты Орталық Азиядағы жаңа буындағы «жасыл» металлургияның ең ірі нысандарының біріне айналады. Металл деңгейі кемінде 93% және темір құрамы 90%-дан жоғары өнім шығару Қазақстанның жаһандық болат нарығына бәсекеге қабілетті жаңа өніммен шығуға мүмкіндік береді. Өндірістік қуаты – жылына 2 млн тонна, инвестиция көлемі – 650 млрд теңгеден астам. 2029 жылы кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
ERG-дің осы өңірдегі кәсіпорындары – ССКӨБ, Қашар кені, ERG Service және «ТрансРемВагон» (ТрансКом) қызметкерлерімен өткен кездесуде Шухрат Ибрагимов әрбір қызметкердің кәсібилігін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынын атап өтіп, еңбекті қорғау талаптарын сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Экономикалық дағдарыстың созылып кеткеніне қарамастан ERG компаниясы маңызды даму стратегиясын іске асыруды жалғастырып келеді. Біз міндетті түрде алға жылжуымыз керек, – деп атап өтті Шухрат Ибрагимов. – Стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асыруды жалғастырамыз. Солардың бірі – ыстық брикеттелген темір (ЫБТ) зауытының құрылысы. Бүгінде тұрақты өндіріс, өнім сапасын арттыру мен оның өзіндік құнын төмендету бұрынғыдан да маңызды. Іске мүдделі болу қажет. Осы арқылы біз жаңа нарықтарға шығып, жаңа тұтынушыларға тартымды бола аламыз.
Даму жобаларымен қатар, компания бұрынғыдай әлеуметтік бағдарламалар мен міндеттемелерге де ерекше көңіл бөліп келеді. Олар толық көлемде сақталып отыр. Бұған Шухрат Ибрагимов барған Павлодар облысындағы бірқатар нысандар айқын дәлел бола алады.
Павлодар қаласында ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында және «Жұмысшы мамандықтар жылының» қорытындысы аясында қаланың Усольский шағын ауданындағы заманауи тұрғын үй кешенінен пәтер кілтін алған топ-кәсіпорындардың қызметкерлерімен кездесті. «Отбасы банкі» АҚ-мен бірлескен тұрғын үй бағдарламасы аясында 135 еуразиялық бір күнде үйлі болды. Кейінгі үш жылда ERG қызметкерлерге арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.

Шухрат Ибрагимов жаңа қоныстанушылардың бірі – көпбалалы Әсет Бекеновтің шаңырағына арнайы барды. Әрине, «Қоныс құтты болсын!» айтқанда, құр қол барған жоқ. Отбасына теледидар, балаларға ойыншықтар ала келген. Павлодар алюминий зауытының орталықтандырылған жөндеу цехында 5-разрядты газ кесуші болып жұмыс істейтін, төрт баланың әкесі Әсет Бекенов осыдан екі жыл бұрын пәтер кезегіне тұрған. Қысқа мерзімде жеңілдетілген шартпен пәтер алғандардың бірі. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ол Шухрат Ибрагимовтен кіші ұлы Нұрасыл Қанжарбектің тұсауын кесуді өтінді.
– Мен бұл кәсіпорында 2015 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұған дейін пәтер жалдап тұрдым. Өз баспанамыздың кілтін алған кезде қуанышымызда шек болмады. Балалар бөлмелерін өздері таңдап, қатты қуанды. Ал кіші ұлымыз Нұрасылдың тұсауын Шухрат Ибрагимовтің өзі кескені – бізге үлкен қуаныш. Жалпы, зауытқа жұмысқа тұрғаныма бір сәт те өкінген емеспін. Ертеңгі күнімізге сенімдімін, балаларымның болашағына алаңдамаймын, – деді Әсет Бекенов.
Ақсу ферроқорытпа зауытында ERG Директорлар кеңесінің төрағасы қызметкерлерге арналған Mergen арнайы дүкенінің ассортиментімен танысты. Мұнда отандық өндірістің бірқатар өнімдері кәдімгі дүкендерге қарағанда төмен бағамен ұсынылады. Қазір Mergen желісінде ERG-нің туған қалаларында 17 дүкен жұмыс істейді. Қаңтар айында осы қағидамен жұмыс істейтін Mergen дәріханалары да ашылды.
Ақсу ферроқорытпа зауытында компания басшысы ERG Кәсіби біліктілікті тану орталығына барды. Бұл – еліміздің тау-кен металлургия кешеніндегі алғашқы осындай орталық. Ол «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында аккредиттелген және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен Ұлттық біліктілік жүйесінің талаптарына сай құрылған.
Орталықтың негізгі міндеті – металлургия және тау-кен саласындағы негізгі жұмысшы мамандықтары бойынша қызметкерлер мен үміткерлердің кәсіби біліктілігін ресми растау. Алғашқы кезеңде ERG 12 негізгі мамандық бойынша бағалау жүргізеді: стропальщик, ферроқорытпа балқытушысы, металлургиялық өндірістегі кран машинисі, электргазбен дәнекерлеуші, қолмен доғалық дәнекерлеуші, электрдәнекерлеуші, жарушы, ұңғылаушы, экскаватор және жүк тиеу-көлік машинасының машинисі, ауыр жүк көлігінің жүргізушісі. Біліктілікті тану рәсімі заңнама талаптарына сәйкес ерікті немесе міндетті түрде жүргізіледі.
Орталық тек ERG қызметкерлеріне ғана емес, басқа кәсіпорындардың мамандарына, студенттерге, түлектер мен мердігерлерге әрдайым есігі ашық. Алдағы уақытта ERG мамандықтар тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр. Мұндай орталықтар Рудный мен Хромтауда да ашылды.

Осы Ақсуда Қазақстан энергетикасы үшін аса маңызды екі бастама қатар іске асырылып жатыр: №7 энергоблокті қайта жаңғырту мен Ақсу электр стансасында гибридті сүзгілерді енгізу.
№7 энергоблокті қайта жаңғыртуға ERG шамамен 280 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған. Жоба аяқталғаннан кейін Ақсу ЭС жылына қосымша 1 634 млн кВт·сағ электр энергиясын өндіреді және нарықты реттеуге белсенді қатысады. Бұл Топтың қажеттілігін қамтамасыз етуге әрі нарыққа икемділікті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Экологиялық стратегия аясындағы екінші жоба – Орталық Азияда алғаш рет осындай тазалау деңгейіне ие инновациялық сүзгілерді энергетикалық кәсіпорындарға енгізу. №4 және №7 энергоблоктерде қатты шығарындыларды әлемдік ең озық стандарттар деңгейіне дейін төмендететін үш гибридті сүзгі орнатылады. Бұл жобаға ERG 13 млрд теңгеден астам инвестиция салып жатыр.
Мемлекет басшысы Жолдауында көмір энергетикасын таза технологияларды қолдана отырып дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Ақсу электр стансасындағы жоба осы міндетке толық сай келеді. Бұл – компания акционерлері бекіткен ERG Экологиялық стратегиясын іске асырудағы жүйелі жұмыстың жалғасы. Соның нәтижесінде қатты бөлшектердің шығарындылары 15%-ға төмендеді. ERG 2030 жылға дейінгі Экостратегия жобаларына 282 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Стратегия тау-кен өндірісі, металлургия мен энергетика сияқты негізгі бағыттардың барлығын қамтиды.
2025 жылы Павлодар алюминий зауытында ERG ел үшін жаңа жоба – галлий өндірісін іске асыра бастады. Еліміз бұл өнімді өндіру көлемі бойынша әлемдегі екінші ел атанады. Мемлекет басшысының Жапонияға мемлекеттік сапары аясында ERG галлий жеткізу бойынша Mitsubishi Corporation RtM Japan Ltd компанияларымен ұзақмерзімді келісімшарт жасасты.
«Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытының өндірістік ерітінділерінен галлий өндірудің оңтайлы технологиясы – ERG Research and Development компаниясының өз әзірлемесі. Бұл технология глиноземнің сапасын арттыруға, оның шығынын азайтуға және галлий мөлшері өте төмен ерітінділерден стратегиялық маңызы бар мінсіз таза металды алуға мүмкіндік береді. Галлий өндіру учаскесінің құрылысына құйылатын инвестиция көлемі – 12,5 млрд теңгеден асады. Жаңа өндірістің қуаты – жылына 15 тонна галлий. Алғашқы өнімді 2026 жылдың үшінші тоқсанында алу жоспарланған.
Жоғарыда аталған жобалардың бәрі сыртқы сын-қатерлерге қарамастан компанияның еліміздегі ERG кәсіпорындарын дамытуға инвестиция көлемін арттыруды жалғастырып отырғанын және оның стратегиясы мен ұзақмерзімді әлеуетіне деген сенімінің айқын дәлелі.