Алғашқы айналымда бразилиялық Беатрис Аддад Маяны (WTA №61) ұтқан Юлия Путинцева (№94) келесі кезеңде франциялық Эльза Жакмомен (№59) кездесіп, 6:1, 6:2 есебімен оңай еңсерді. Енді Зейнеп Семнезбен (№112) сайысқа түседі. Іріктеу сынында жеңіске жеткенінің арқасында «Australian Open–2026» турниріне қатысу мүмкіндігіне ие болған түркиялық теннисші бастапқы бәсекелерде сенсация жасап, ресейлік Екатерина Александрова (№11) мен мажарстандық Анна Бондарды (№74) жолынан ығыстырды.
Көп кешікпей Александр Шевченко (АТР №97) кортқа шығып, америкалық Ленер Тьенмен (№29) шеберлік байқасты. Жерлесіміз қанша күш салғанымен 20 жастағы жас жұлдызға әлі жетпеді – 2:6, 7:5, 1:6, 0:6. Одан кейін Александр Бублик (№10) мажарстандық Мартон Фучовичпен (№54) сынға түсті. Еліміздің бірінші ракеткасы әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған ойыншыға еш мүмкіндік бермеді, есеп – 7:5, 6:4, 7:5. Бүгін Елена Рыбакина Франция теннисшісі Варвара Грачевамен кездеседі.