Экономика • Кеше

Экономикалық өсім – даму көрсеткіші

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаржы сарапшылары был­тырғы экономикалық өсімді жақсы бағалады. Енді осы серпін алдағы жылдардың өсіміне тірек болуы тиіс екені айтыл­ды. Бюд­жеттік ынталандыру мен сауданың ішінара қалыпқа келуі жа­һан­дық өсімге дем берді. Биылғы негізгі қауіп капитал ағындарының құ­был­­малылығы мен аймақтағы күрделі геосаяси жағдаймен байланыс­ты болуы мүмкін.

Экономикалық өсім – даму көрсеткіші

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Былтыр ел экономикасы бір-бірімен қабыса бермейтін факторларды үйлестіре білуімен есте қалды. Үкіметтің эко­номикалық блогі күмән мен үміттің ортасындағы кезеңді бастан кешті. Жыл басында пессимистік көзқараста болған болжамдар жылдың екінші жартысында жақсы жағына қарай өзгерді. Сарапшы­лар мұның себебін жаһандық қар­жы жағдайының жұмсаруымен түсіндіреді. АҚШ экономикасының төзімділігі, ірі елдердегі бюджеттік қолдау мен халықаралық сауданың ішінара жандануы да қосымша әсер етті.

Ел экономикасы 11 айда 6,4%-ға өсті. Мұндай өсім 2013 жылдан бері байқалмапты. Тіпті 2024 жылдағы 5 пайызбен салыстырғанда, біршама жоғары.

Сарапшылар енді капитал ағын­­дары­­ның әртүрлілігі алдағы эконо­ми­­калық жоспарларға түзету енгізуі ық­тимал екенін алға тартады. Мұнайдың экономикалық өсімге әсері жеке-дара талданатын тақырыпқа айналуға тиіс. Өйткені биыл мұнай өндірісі деңгейі төмендеуі мүмкін, ал былтырғы жоғары базалық мөлшерлемінің әсері осы жылы әлсіреуі ықтимал.

Қаржыгер Әнуар Үшбаевтің айтуын­ша, бізге саяси экономикалық бағдарламалар жинағы емес, біртұтас экономикалық доктрина керек. Мем­лекеттік холдингтерді саяси бас­қа­ру режімінен ашық экономикалық жауап­кершілік режіміне көшіретін кез келді. Сондай-ақ нарықтың беталысын сыртқы геоэкономикалық стратегиямен үйлестіріп алу да маңызды. Бұл фактор, Үшбаевтың айтуынша, «өркениеттік код» үшін емес, биліктегі экономикалық ойлау сапасына арналған емтихан болды. Үкіметтің экономикалық блогінің бұл емтиханнан қалай өткені осы жылдың алғашқы жарты жылдығында белгілі болады.

Аймақтардың дамуы мен экономи­калық өсім арасындағы байланыс, донор об­лыс­тардың қатарын көбейту тура­лы Мемлекет басшысының тапсырмасында да жиі айты­лады. Үкімет биыл бюджетті да­мы­ту үлесін – 15 пайызға, 2028 жылы 25 пайызға ұлғайтамыз деп уәде етіп отыр. Сарапшы Б.Зиябеков Үкімет осы уақытқа дейін өңірлердің қандай салалар бойынша дамуға бейім екенін толық зерттемегенін алға тартады. Салықты орталықтандыру үрдісі де аймақтардың дамуын тежеп тастады. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те қостайды. Оның айтуынша, Жетісу мен Түркістан облысының республикалық бюджеттен алатын қаржысы 70%-дан асып кеткен. Яғни бұл облыстар өз-өзін қамтамасыз ете алмай отыр. Ал Маңғыстау облысы 2023 жылы «донор» болды. Қазір көмек алатын өңірге айналған. Қазір елде үш донор өңір қалған. «Қалған облыс­тар өз кірісін әдейі төмен көрсетеді, 2,3 трлн теңгені құрайтын субвенцияға (бюджеттен берілетін қаржы) тәуелді. Демек әкімдер инвестиция мен бизнес­ке қолайлы жағдай жасай алмай отыр», дейді Б.Базарбек.

в

Тіпті кейбір донор өңірлердің өзі кей кезде бюджетке алақан жа­­йып қалатынын Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де айтқан еді. Оның айтуынша, 20 өңірдің 17-сі субвенциялық, орталыққа тәуелділік 49 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Қалған үш өңір — Алматы, Астана қаласы және Атырау облысы донор. Бірақ мұның да «шартты» көрсеткіш екенін министр де мойындайды. Басқаша айтқанда, орталықтан қосымша трансферттерді донор аймақтар да алады. «Мегаполис қала­ларда, облыс­тарда ірі жобалардың көбі орта­лықтан жүзеге асырылады. Бұл деге­ні­міз метрополитен құрылысы, Астана қа­ла­сының жаңа көлік жүйесі, яғни LRT, жай­лы мектептер, көліктік және өзге де инфра­құрылымды дамыту жобалары», дейді С.Жұманғарин.

Былтыр еліміз сын-қатер жағдайында да тұрақты экономикалық өсім қабілетін растады. Алайда ұзақмерзімді даму мақ­­сатында инновацияларды ынталандыру, макроэкономикалық тұрақ­­­тылықты сақтау, шикізат нарықтарына тәуелділікті төмен­­­де­ту, инфляцияны бақылау жөніндегі шараларды іске асыру қажет.

Алматыда өткен сарапшылар кеңесінде Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің профессоры Наталье Зубаревич бізбен әңгімесінде эконо­ми­калық өсім мен халықтың өмір сүру деңгейі ара­­­сын­дағы байланыс әлемдік эко­но­микалық әдебиет­­те кеңінен зерт­тел­генін айтып берген. Классикалық теория­ларда индус­­трия­ланудың алғаш­қы ке­зең­дерінде тең­сіздік уақытша өсе­тіні айтылған. Кейін мемлекет пен инс­титуттардың араласуымен біртіндеп төмендейтіні елдің инвестициялық климатына кері әсер ететін көрінеді. Оның айтуынша, индустрияландырудың кезе­ңінде инвестициялық ахуал кәдімгі бағдаршамның шамдарына көбірек ұқсай­ды. Жасыл аймақта Алматы мен Астана тұр. Елдегі ғана емес, бүкіл әлемдегі инвес­тициялық ахуал қырық құбылса да бұл мегаполистердің әлеуеті сыр бермейді. Себебі бұл қалаларда адам капиталы мық­ты, инфрақұрылым дамыған, салық жүйе­сі тамырланған. Ел батысындағы облыс­тар­дың дамуына мұнай дем береді. Ал өзге өңірлердің дамуы бағдаршамның қызыл түсі тәріз­ді тежеліп тұр.

Ұлттық экономика министрлігі 2026 жылдан бастап «Өңірлерді дамыту жоспары» бойынша жұмыс істей­ті­нін жиі айтады. Бюджет қаржысы тек қажеттіліктерге ғана жұмсалып, Жоғары аудиторлық палата жергілікті бюд­жеттердің орындалуына аудит жүргізіп отыратын болады. Бұған қоса жаңа Бюджет кодексінде мониторинг, есептілік пен жауапкершілікке қатысты нақты нормалар енгізілді.

Соңғы жаңалықтар