Аймақтар • Бүгін, 08:05

Қаңтарда қызылша мен қырыққабат егеді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан өңірінде ерте басталатын көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Ал Мақтаарал ауданының шаруалары қаңтардың қақ ортасында ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу жұмыстарына кірісіп те кетті.

Қаңтарда қызылша мен қырыққабат егеді

Мысалы, Мақтаарал ауылдық округінде ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол шаруалардың бірі – Шағыр Ертуғанұлы сегіз гектар алқапқа асүй қызылшасын заманауи тамшылатып суару технологиясы арқылы егіп жатыр. Бұл әдіс су ресурстарын үнемдеуге, тыңайтқыштарды өсімдік түбіне дәл жеткізуге әрі өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы өнім көлемін дәстүрлі әдістермен салыстырғанда екі есеге дейін арттыруға болады. Шаруашылықта барлық агротехникалық талаптар сақталып, егіс жұмыстары белгіленген мерзімде жүргізілген. Қолайлы ауа райы жағдайында ас үй қызылшасының алғашқы өнімі сәуір айында пісіп жетіледі. Мамандар ерте өнім алу нарықтағы бағаның тұрақталуына және тұрғындарды жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізетінін айтады. Сонымен қатар ауданда жуық арада қырыққабат дақылын егу жұмыстары да басталады. Жалпы биыл аудан бойынша 60,3 мың гектар егістік алқапты игеру көзделген болса, оның ішінде 1405 гектар жерге ерте және орта мерзімде пісетін көкөніс дақылдарын егу жос­парланып отыр.

Айта кетелік, биыл облыста ауыл шаруа­шылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артып, жалпы 919 мың гектар болады. Оның ішінде жаздық дақылдар – 536 мың, күздік егіс – 208 мың, ескі жоңышқа – 175 мың гектар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, биыл егіс құрылымын қалыптастыру барысында өнімділігі жоғары әрі құрғақшылыққа төзімді дақылдарға басымдық берілген. Атап айтқанда, мақта егісі 18 мың гектарға ұлғайып, 162 мың гектарды, жүгері 16 мың гектарға артып, 55,2 мың гектарды, мақсары 14 мың гектарға көбейіп, 85,5 мың гектар болады. Ал бидай алқабы 24 мың гектарға қысқартылып, 216,3 мың гектарға егілуге тиіс. Сондай-ақ өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі жол картасы аясында облыста күріш дақылын 3,5 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Былтыр трансшекаралық өзендердегі су тапшылығы туындауына байланысты, биыл күріш тек Шардара ауданында ғана егіледі.

Қазір жер жырту жұмыстары 49 пайызға, ал сор шаю жұмыстары 2 пайызға орындалды. Агротехникалық талаптарға сәйкес, жер жырту жұмыстары наурыз айында, ал сор шаю 20 ақпанға дейін аяқталуға тиіс. Биылғы дала жұмыстарына арналған жеңілдетілген жанар-жағармай бойынша жалпы қажеттілік 106,3 мың тонна деп анықталды. Босату жұмыстары ақпан айынан басталады. Минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге қаржы қарастырылып, 134 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін облыста 203,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіледі. Бүгінде қоймаларда 25 мың тонна тыңайтқыш қоры бар.

Дала жұмыстарына облыс бойынша 25,4 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмыл­дырылады. Оның ішінде 15 мың трактор, 2 мың комбайн және 9 мың агрегат бар. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, техникалардың 98 пайызы көктемгі жұмыстарға дайын. Биыл техника паркін жаңарту мақсатында 2 мыңнан аса техника сатып алу жоспарланып, бұл бағытқа 16 млрд теңге қаржы бөлінді. Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру бағытында өткен жылы 2 333 жобаға 26,4 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткішті 34,7 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Қазір 180 жоба бойынша 3,8 млрд теңгеге өтінім қабылданып, 101 жоба 1,8 млрд теңгеге қаржыландырылды.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар