Аймақтар • Кеше

Екі облыста көлік қозғалысына шектеу қойылды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін сағат 16:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты Атырау және Маңғыстау облыстарынан өтетін республикалық тасжолда көліктің барлық түрінің қозғалысы шектелді, деп жазады Egemen.kz.

Екі облыста көлік қозғалысына шектеу қойылды

Фото: Ашық дереккөзден

Атырау облысындағы «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» тасжолының 179-210 шақырым аралығында (Майкөмген ауылынан Маңғыстау облысының шекарасына дейін) көлік қозғалысы жабылды.

Маңғыстау облысындағы «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» тасжолының 210-332 шақырым аралығында (Атырау облысы шекарасынан Бейнеу ауылына дейін) да көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді. 

«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, жолды бүгін сағат 20:00-де ашу жоспарланған.

«Қазгидромет» РМК бүгін Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде, орталығында түнде және күндіз көктайғақ болжанған. Облыстың батысында, оңтүстігінде, орталығында тұман түсіп, Ақтауда да көктайғақ болатынын хабарлаған. Ал Атырауда қар борап, бұрқасын болатыны болжанған.

Еске салайық, бүгін ауа райының қолайсыздығына байланысты Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының оқушылары онлайн оқу форматына көшірілді.

Соңғы жаңалықтар