Сұраныс құрылымында бұрынғыдай әлеуметтік, базалық салалар жетекші орынға ие. Мысалы, өткен айда бос жұмыс орны білім саласында көп тіркелді. Нақтыласақ, жұмыс берушілер 23,3 мың орын ұсынса, бұл жалпы көлемнің 21,3%-ын құрайды. Өзге қызмет түрлеріне тиесілі көрсеткіш осыған жуық болды – 23,2 мың бос орын (21,2%). Сол секілді ауыл, орман, балық шаруашылығында да жоғары сұраныс сақталып, 18,7 мың бос жұмыс орны жарияланған (17,1%). Осы үш бағыт желтоқсанда жарияланған барлық бос орындардың шамамен 60%-ын қамтыған. Сондай-ақ денсаулық және әлеуметтік салада (7,2 мың бос орын), өңдеуші өнеркәсіпте (6,2 мың), көтерме және бөлшек саудада (6,1 мың), құрылыс саласында (3,8 мың бос орын) да сұраныс сақталған. Бұл дегеніңіз, жылдың соңына қарай да жұмыс берушілер экономиканың негізгі салалары үшін қызметкерлерді белсенді түрде іздегенін көрсетеді.
Жұмыс іздеушілерге тоқталсақ, кейінгі айларда әлеуметтік және кеңсе жұмысымен байланысты мамандық иелері ерекше белсенді болды. Ең жиі жарияланған түйіндемелер есепшілерге (1 463), заңгерлерге (1 132), мейірбикелерге (1 181) тиесілі. Гендерлік тұрғыдан алғанда, жұмыс іздеушілердің белсенділігі шамалас деңгейде қалыптасқан. Түйіндемелердің 52,1%-ын әйелдер, 47,9%-ын ерлер орналастырған. Әйелдер көбіне білім, денсаулық, бухгалтерия салаларында жұмыс іздесе, ер адамдар техникалық, басқарушылық бағыттарға көбірек қызығушылық танытыпты.
Ескеретін жайт, жастар барлық жұмыс іздеушілердің 40,8%-ын құраған. Оның ішінде 24 жасқа дейінгі жастар – 15,2%. 35-44 жас аралығындағы азаматтар – 29,9%, 45-54 жас санаты – 19,1%, 55 жастан асқандардың үлесі – 10,2%.
Жалақы деңгейі бойынша бос жұмыс орындары арасында ең жоғары ұсыныстар өндіріс басшысы (шамамен 1,8 млн теңге), кеніш директоры (шамамен 1 млн теңге), инженер-химик (шамамен 1 млн теңге) лауазымдарына қатысты тіркелген. Жұмыс іздеушілер тарапынан ең жоғары жалақыны агроном-энтомологтер (шамамен 3,4 млн теңге), стюардессалар (шамамен 3,3 млн теңге), компьютерлік жабдықты монтаждаушылар (шамамен
2,7 млн теңге) сұраған.
Кейінгі кездері Электрондық еңбек биржасында бос жұмыс орындары көбейіп, жұмыс іздеушілер аса белсенділік танытпаған. Сарапшылар мұны жыл айрығына тән құбылыс деп санайды. Себебі жұмыс берушілер қыста кадр іздеуді жалғастырса, жұмыс іздеушілердің көбі жұмысқа орналасу жоспарын жаңа жылдың басына қалдырады. Демек бұл жағдай маусымдық сипатқа ие. Қаңтардан кейін жұмыс іздеушілердің белсенділігі артып, еңбек нарығында анағұрлым теңгерімді ахуал қалыптасуы мүмкін.