Әңгіме барысында Теңіз, Қашаған және Каспий құбыр консорциумы (КҚК) аясындағы ортақ жобалардың қазіргі ахуалы мен болашақтағы даму бағыттары қарастырылды.
Еліміздің Үкімет басшысы Теңіз кен орнындағы жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, апат салдарын қысқа мерзімде жоюдың және ұқсас оқиғалардың алдын алуға тиімді тетік қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жедел әрекет ету, қауіпсіздік стандарттарын күшейту мен жауапты компаниялармен тығыз өзара іс-қимыл жасау – басты міндеттердің бірі.
Тараптар, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумындағы ахуалды егжей-тегжей талқылады. Бұл бағыт энергетикалық ресурстарды сыртқы нарықтарға тұрақты негізде жеткізуді қамтамасыз ететін аса маңызды инфрақұрылымдық артерия саналады. Сол себепті жобаның үздіксіз жұмыс істеуі екі тарап үшін де стратегиялық мәнге ие екені айтылды.
Кездесуде көмірсутек кен орындарын игеру тиімділігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, геологиялық барлауды кеңейту, жаңа технологияларды енгізу, инвестициялық тартымдылықты нығайту бағыттары қаралды. Бұл сала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында жүктеген міндеттерімен үндес келеді. Президент атап өткендей, ресурстық экономикадан озық технологиялар мен өңдеу секторына қарай кезең-кезеңімен көшу үшін геологиялық деректер базасын жетілдіріп, барлау жұмыстарын күшейту аса қажет.
Кездесу қатысушылары биылғы өндірістік жоспарларға да тоқталды. Былтыр Теңіз кен орнында Келешекте кеңейту жобасының аяқталуы мұнай өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік берді, жыл қорытындысы бойынша 39 млн тоннадан астам шикізат өндірілсе, Қашағанда бұл көрсеткіш 18 млн тоннадан асты. Ал Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталған мұнай мен энергетикалық ресурстар көлемі 70,5 млн тоннаға жетті. Оның қатарында отандық мұнай 63,8 млн тоннаны құрады.
Бұл көрсеткіштер халықаралық энергетикалық нарықтағы құбылмалы жағдайға қарамастан, еліміздің мұнай-газ секторы экспорттық әлеуетін сақтап отырғанын дәлелдейді. Үкімет пен шетелдік серіктестер арасындағы ашық диалог өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге, барлау-өндіру үдерістерін оңтайландыруға әрі энергетикалық дәліздердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам саналады.