Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруіне байланысты қазақ-қырғыз шекарасы учаскелеріндегі кедендік бақылауды алу рәсіміне қатысты.
Салтанатты рәсім басталмас бұрын Президенттер Ыстықкөл жағасындағы мәдени орталық – «Рух-Ордода» екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында екі мемлекеттің көшбасшылары еуразиялық ықпалдастық мәселелерін және Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне байланысты өзара іс-қимылдың, сондай-ақ, оған ЕАЭО аясында қолдау көрсетудің жаңа жағдайларын талқылады. Сонымен қатар, екіжақты қарым-қатынастың ахуалы мен оның инвестиция, өнеркәсіп, жол құрылысы, туризм және басқа салалардағы перспективалары қарастырылды.
Мемлекет басшысы қазақ-қырғыз қарым-қатынасы әрдайым жоғары деңгейде екенін, Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруі қазірдің өзінде 1 миллиард доллардан асатын тауар айналымын одан әрі жандандыра түсуге жағдай туғызатынын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, кедендік шекараларды ашу екіжақты экономикалық қатынастарға оң ықпал етіп, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздік мәселелері және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде де пікір алмасты. Мемлекет басшысы Қырғызстан Алмазбек Атамбаевтың басшылығымен орнықты даму қарқынын көрсетіп отырғанына назар аударды.
Ал Қырғызстан Президенті Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлін атай отырып, сапарлап келгені және жемісті ынтымақтастық үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Екіжақты кездесуден соң Президенттер бірден сол «Рух-Ордо» мәдени орталығының алаңына қарай беттеді. Бұл жерде ашық аспан астында үлкен экран құрылып, Қазақстан Республикасының «Қордай» және Қырғыз Республикасының «Ақжол» кедендік бекеттері тікелей эфирде байланысқа дайын тұрған болатын. Экранның арғы жағында шекара қызметкерлерімен бірге, Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан Үкіметінің басшысы Темір Сариев Президенттердің кедендік бақылауды алып тастауға берер бұйрығын күтіп тұрды. Айтпақшы, атап өту керек, тікелей эфир «ҚазСат 2» спутниктік желісі арқылы «Қазақстан» ұлттық арнасы және «Хабар» телеарналарының жылжымалы түсірілім камералары көмегімен жүзеге асты.
Бұл салтанатты шара қырғыз ағайындар үшін айрықша маңызы зор тарихи оқиға. Атап айтқанда, Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуы ықпалдастық жақындасу жөніндегі үлкен бірлескен жұмыстың қорытындысы. 2014 жылы Қырғызстанды Еуразиялық ықпалдастық жобасына қосу жөніндегі «жол картасы» жүзеге асырылды, ол ел экономикасын Еуразиялық экономикалық одақ заңнамасы мен тәжірибесіне бейімдеуге жәрдемдесті. Яғни, кеден инфрақұрылымын жаңғыртумен байланысты тұтастай мәселелер кешені шешілді. 2014 жылғы 23 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық одақ отырысында Қырғызстанды ЕАЭО-ға қосу туралы шартқа қол қойылды. 2015 жылғы 8 мамырда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық одақ отырысында Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруінің шарттары мен ерекшеліктерін белгілейтін екі хаттамаға қол қойды. Одаққа мүше мемлекеттер келісім күшіне енуі үшін қажетті барлық мемлекетішілік іс-әрекеттерді орындады. Ал кешегі күні Қырғызстанның Одаққа қосылуының соңғы нүктесі қойылды. Екі ел Президенттері онлайн-хабардан бұйрық берген сәтте шекарадағы кедендік бақылауға қойылған шлагбаумдар ашылып, кедендік тексеріссіз жүк машиналарының алғашқы легі жіберілді. Шекарадағы кедендік бақылау салтанатты түрде тоқтатылған соң, екі ел басшылары сөз сөйледі.
Елбасы өз кезегінде Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруінің маңыздылығын, мұның Қазақстан мүддесіне сай келетінін және екі республиканың экономикалық өзара ықпалдастығы аясын одан әрі кеңейтуге септігін тигізетінін атап өтті.
«Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіру үшін ауқымды жұмыстар атқарды. Қазақстан бұл тұрғыда барлық жағынан қолдап отырды, көмектесті. Ал бүгін осы шаруаның біткеніне куә болудамыз. Жалпы, туысқандық жағынан алатын болсақ, екі елдің арасында ешқандай кедендік кедергілер, шекаралық шектеулер болмауы керек. Дегенмен, мемлекет болған соң, әр мемлекеттің өзінің шекарасы, оның қауіпсіздігі, келіссөздері болады. Мен қырғыз жағынан келісілген Еуразиялық одақ комиссиясының талаптары, біздің екі ел арасындағы келісімдердің бәрі толық негізде орындалады деп сенемін. Екі елдің арасындағы қарым-қатынас, сауда-саттық бұдан да жоғары болуы керек деп ойлаймын. Қазіргі жеткен жетістік жаман емес. Сондықтан, мен Қырғыз еліне шын жүрегімнен жақсылық, береке және тыныштық тілеймін. Қазақстан мен Қырғызстан арасында береке-бірлік болып, экономикасы өркендеп, халықтың жағдайы өсе берсін деп тілеймін. Екі елдің ынтымағы, ел ішіндегі тыныштығы, болашағы зор болсын», деді Қазақстан Президенті.
Елдер арасындағы кедендік шекараның ашылуы – екі мемлекеттің де бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер тудыратын, өзара сауданы жандандыратын айтулы оқиға деп бағалаған Елбасы ЕАЭО аясында қол жеткен уағдаластықтың шарттарын орындай отырып, біз бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыру бағытында ілгерілей түсетінімізге сенім білдірді. Бұдан нақты оң нәтижелер көретінімізді баса айтты.
Мемлекет басшысы әлемдік нарықтардағы күрделі ахуалға қарамастан, біздің елдеріміз сауда-экономикалық ынтымақтастықты табысты дамытып жатқанын, Қырғызстанның түрлі салаларын дамытуға Қазақстан 1,5 миллиард доллардан астам инвестиция салғанын, сондай-ақ, қазіргі күні екі елдің 50-ге тарта бірлескен кәсіпорны бар екендігін тілге тиек етті. Алдағы уақытта ферроқорытпа зауытын салу үшін екіжақты жүйелі шаралар атқарылып жатыр. Ал Ыстықкөлге баратын қазақстандықтарға қолайлы жағдай жасау үшін қысқа жол салу мәселесі қарастырылуда.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев өзара сауданы одан әрі ұлғайту үшін әлі пайдаланылмаған әлеует бар екеніне де назар аударды. Атап айтқанда, электр энергетикасы, көлік, байланыс, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ, туризм сияқты көптеген салаға мультипликативті ықпал ететін бағыттарда ынтымақтастық күшейтілетін болады. Яғни, кешегі шара тек кеден ғана емес, екі ел арасындағы басқа да байланыстардың көкжиегін кеңейтіп, барлық мәселені шешуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы болашаққа жұмыс істейтін тағы бір саты. «Қазіргі уақытта сыртқы нарықтарда дағдарыс құбылыстары байқалуда, бұл тауар айналымын төмендету арқылы біздерге де әсер етпей қоймайды. Бірақ, Одақ аясындағы қызмет келешекте экономикалық көрсеткіштердің өсуіне алып келеді және халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартады, – деді Қазақстан Президенті.
Ал Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев ЕАЭО аясындағы бірлескен жұмыс екіжақты ынтымақтастықты одан сайын нығайта түсетініне сенім білдіріп, болашақта бауырлас халықтарымыздың арасында ешқандай шекара болмауы тиістігін алға тартты. Аталған шараға Қазақстан Президентінің өзі келіп қатысып отырғанын айрықша жетістік, қырғыз ағайындарына деген зор құрмет деп бағалаған А.Атамбаев Елбасына ерекше алғысын жеткізді. Тіпті, сөз арасында өздерінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев секілді көшбасшысы болмағандықтан, өздерінің экономикасы біздің елден едәуір артта қалып отырғандығын мысалға келтірді. Әсіресе, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемі Қазақстанда ТМД елдері арасында озық болып отырғанын алға тартып, алдағы уақытта өз елдерінің де осы жетістіктерден көрінуіне тілектестігін білдірді.
«Түркі елдері ішінде бір-біріне ең жақын екі ел бар, ол – Қазақстан мен Қырғызстан» деген А.Атамбаев шекараның ашылуы бұл көршілерді бұдан да әрі жақындастыра түсетініне сенімін жеткізді. «Ақжол» бекетінен басталып отырған рәсімді жақсылыққа балап, екі елдің ынтымағына ақ жол тіледі. «Ыстықкөл облысының тұрғындары үшін бүгін ерекше күн – Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыдан қашықтықты екі есе қысқартатын, мейлінше төте жол салу туралы идеяны қолдады. Бүгінде Алматыдан Ыстықкөлге жол 480 шақырымды құрайды. Бір-екі жылда ұзындығы 240 шақырым жол салынатын болады. Бұл аралықты екі есе қысқартады, – деді Қырғызстан Президенті. – Қазақ пен қырғыз бір туған. Олардың арасында кедергі болмауы тиіс. Барлық кеден, шекараны ашуымыз қажет. Бауырлас Қазақ елі мен оның көшбасшысының берген кеңестері мен айтқан тілектері үшін рахмет».
Айта кетейік, Қазақстанның Қырғыз Республикасымен арадағы шекарасының ұзындығы 1242 шақырым. Енді оның аумағы кедендік шекарасыз бірегей кеңістіктің бөлігіне айналды. Сол себепті, мұндағы 8 бақылау-өткізу бекеті, яғни 7 көлік және 1 теміржолды тек шекарашылар күзететін болады. Олар өтушілердің төлқұжат-визаларын тексеріп, көліктерде тасымалдауға тыйым салынған заттарға қатысты тексерулер жүргізеді. Тауар тасымалданған жағдайда, арнайы құжаттар ресімделіп, артынша салық органдарына тапсырылады. Жалпылай алғанда, екі арада қозғалыс емін-еркін болмақ. Енді қырғызстандықтарға көші-қон карточкаларын толтырудың қажеті жоқ. Еңбек мигранттары мәртебесі Қазақстандағы жергілікті жұмыс күшінің мәртебесіне теңестірілді. Ал таяу арада әлеуметтік пакет ЕАЭО-ға мүше елдер азаматтарының барлығы үшін бірдей болады. Осылайша 12 тамыз – Қырғыз Республикасы үшін тарихи күн болып қалды.
Қазақстан Қырғызстанның ЕАЭО құрамына кіру туралы келісімшартты ратифициялаған төртінші мемлекет. Бұған дейін бұл құжатты Армения, Беларусь және Ресей ратификациялады.
Әрине, ЕАЭО-ға қосылу Қырғызстанға жаңа мүмкіндіктер ашады. Айталық, тауар, капитал, жұмыс күші айналымына барлық кедергілер алынады. Жаңа инвестициялық мүмкіндіктер пайда болады, сондай-ақ, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашылады. Қырғызстан азаматтары Одаққа мүше кез келген елде сол мемлекеттің азаматтарымен тең дәрежеде жұмыс істей алатын болады. Ал Одаққа Қырғызстанның қосылуы оның қуатының артуына тың серпін береді деген ойдамыз.
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы шекараның ашылуы, әсіресе, кәсіпкерліктің дамуына серпіліс бермек. Екі ел арасындағы тауарлардың еркін ағымы сауда саласындағы кәсіпкерліктің дамуына үлкен әсер етеді. Төсекте басы, төскейде малы қосылған Алатаудың арғы жағы мен бергі жағындағы ағайынның ендігі жерде шекарадағы жүгі де бірге болмақ. Сонымен қатар, Қырғызстан Дүниежүзілік сауда ұйымына бізден әлдеқайда бұрынырақ мүше болған мемлекет екенін ескерсек, біздің биылғы басты жетістігіміздің бірі – ДСҰ-ға кіру сәтіндегі сауда-саттығымыздың сәтті жүруіне де өзіндік ықпалы тиеді деген сенімдеміз.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»
Ыстықкөлден.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.