13 Мамыр, 2015

Отандық кәсіпорындарды қолдау қадамы

308 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мен министрліктің Индустриялық даму және өндіріс қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов баспасөз мәслихатын өткізіп, отандық өнім өндірушілерді мемлекет тарапынан қолдаудың биылғы жылғы жоспары жөнінде әңгімеледі.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанын отан­дық өнім шығарушылар жақсы табыс­пен қорытындылаған. Әрине, көрші Ресей елінің рублі екі есеге дейін құнсызданғанда еліміздің бірқатар кәсіпорындары үлкен қиындықтарға тап келген. Десе де, жалпы өндірілген өнім көлеміне қарап жағдайдың толық қанағаттанарлық екеніне көз жеткізуге болады. Еліміздің металл өндірушілері де бұрынғы қарқынын бәсеңдете қоймапты. Сондай-ақ, темірден түрлі зат өндіруші кәсіпорындар да өнімін көбейтпесе азайтпаған. Оның дәлелі ретінде спикер арматура жасаушы зауытты мысалға келтірді. Нақты ақпаратқа жүгінсек, бүгінде арматура мен жол салуға пайдаланылатын битум өнімін шығару еселеп артқан. Демек, бұл өнімдерге сұраныс бар. Осыны айтқан вице-министр, биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы өсім сандарына тоқталды. «Өнім шығару – 0,6, тау-кен өнімдерін өндіру – 1,1, өнімді қайта өңдеу 0,5 пайызға өсті», деді А.Рау. Әйтсе де, әлемдік экономикалық дағдарыс пен Ресейдегі қалыптасқан ахуалға орай әлі де жағдайы дұрыстала алмай тұрған кәсіпорындар бар екен. Атап айтқанда, машина құрастыру саласында 28,7 пайызға дейін кері кетушілік байқалады. Осыны жеткізген вице-министр, саланы қолдап-қуаттау үшін ел Үкіметі бірқатар шараларды қарастырып жатқанын айтты. Сөйтіп, саладағы алда болар қиындықтарды да жасырмады. «Ақшасы құнсызданған Ресейден әкелінген арзан автокөліктердің орнын толтыру биылғы жылы да оңай болмайды. Десем де, шындыққа тура қарап айтарым, биылғы жылы 30 мың отандық автокөлік жасап шығаратынымызды ашық мәлімдегім келеді. Таза қиын соғып жатса, 20 мың көлік құрастыратынымыз анық», деді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, қиындыққа тап болған отандық өнім шығарушыларды қолдау ісі жалғасын таба береді. Биылғы жылдың өзінде кәсіпорындарды демеу мақсатында 100-ден астам түрлі шаралар қаралып, саланың сауығып кетуіне атсалысқан. Нәтижесінде 200-ге жуық кәсіпорынға нақты қолдау көрсетілген. Бірер күнде Кеден одағына қосылғалы тұрған көрші Қырғыз елі жөнінде әңгіме өрбіді. Спикердің сөзіне құлақ ассақ, Кеден одағының Техникалық регламентiнің талаптары көршi елден ескi автокөлiктердi жеткiзуге тосқауыл болады екен. «Қырғызстаннан автокөлiктердi алып келу бұл елдің Еуразиялық экономикалық одаққа кiруi алдында талқыланған даулы мәселелердiң бiрi болды. Яғни, қырғыздар өздерiнiң автоөнеркәсiбi жоқ болғандықтан, кез келген әкелiм баж салығын он жылға кейiнге қалдыруды сұрады. Сонымен, оларға 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап кiрген автокөлiктердiң барлығы бiздiң елге немесе Ресейге кiретiн болса, онда ол көлiктерге Кеден одағындағы автокөлiктерге арналған баж салығын салу туралы келiсiм жасалды. Бiрақ, соңғы жылдары Қырғызстанға 100 мыңға жуық көлiк әкелiнгенiн есепке алсақ, ол автокөлiктердің керi экспортталуын күтіп отырғандар бар деуге болады. Сол себептi, Қазақстанға әкелiнетiн автокөлiктер Кеден одағы Техникалық регламентiнiң талаптарына сай болуы керек. Бұл қиын шаруа емес. Ең алдымен, бұл қауiпсiздiк техникасына байланысты. Мысалы, тежегiштi автоматты бұғаттау, қауiпсiздiк жастықшалары, балаларға арналған орындықтарды бекiту орындары, күндiз қосуға арналған шамдар болуы керек. Бұл өз кезегiнде, ескi көлiктердiң елге әкелiнуiне тосқауыл болады деген ойдамыз», дедi вице-министр.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».

Сурет:kostanaytany.kz