Өңірлік трансплантация үйлестірушісі Дмитрий Потеребухтың мәліметінше, геморрагиялық инсульттен көз жұмған 39 жастағы әйелдің ағзаларын донор ретінде пайдалануға марқұмның күйеуі мен ұлы рұқсат берген.
Әйел 22 қаңтар күні облыстық кардиологиялық орталыққа жеткізілген. Дәрігерлер тексеру барысында «Ми жұмысының толық тоқтауы» диагнозын қойған. Мамандардың айтуынша, бұл жағдайда адамның өмірлік функциялары тек медициналық аппараттардың көмегімен ғана сақталады.
Трансплантологтың сөзінше, марқұмның жақындары үшін мұндай шешім қабылдау аса ауыр болған.
«Мидың жұмысын тоқтатуы – адамның бұл дүниелік өмірі тоқтағанын білдіреді. Күйеуі мен ұлы үшін бұл хабарды қабылдау оңай болған жоқ. Біз оларды жансақтау бөліміне кіргізіп, жүрек соғысының сақталуы жасанды тыныс алдыру аппараты мен дәрі-дәрмектің әсері екенін жан-жақты түсіндірдік», дейді ол.
Павлодарға арнайы келген медициналық топтың құрамында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының, Ана мен бала орталығының мамандары, сондай-ақ University Medical Center кардиохирургтері болған.
Ағзаларды алу операциясы облыстық кардиологиялық орталықта жүргізілді. Донор әйелдің жүрегі, екі бүйрегі, бауыры және екі көзінің қасаң қабығы алынып, трансплантацияға жіберілген.
Бұған дейін 6 адамның өмірін сақтап қалған мәйіттік донар отасы туралы жазған болатынбыз.