Moonshot AI әзірлеген Kimi K2.5 бастапқыда мультимодальды ЖИ ретінде жасалған. Модель шамамен 15 трлн визуалды-мәтіндік токен негізінде қайта даярланған, бұл ретте «көру» және «мәтін» деп бөлінетін жеке пайплайндар қолданылмаған. Мұндай тәсіл әртүрлі дерек түрлерін бір контексте қатар өңдеуге мүмкіндік береді.
Cybernet AI түркі тілдеріне арналған ең ірі жасанды интеллект моделін таныстырды
Жаңа ЖИ-модельдің мүмкіндіктері ауқымды. Ол тек мәтінді емес, сурет пен видеоны да терең түсінеді. Бағдарламалау саласында да әлеуеті жоғары: скриншот, экран жазбасы немесе дизайн үлгілері арқылы код жаза алады. Сонымен қатар сайттар мен қосымшалардың интерфейстерін бейне немесе суретке қарап қайта жасап шығару қабілетіне ие. Жүйе бір мезетте 100 ЖИ-агенттен тұратын топты басқарып, 1 500-ге дейін құрал шақыруын орындай алады.
Тестілеу нәтижелері де назар аудартады. Бағдарламалау бойынша бенчмарк сынақтарында Kimi K2.5 Gemini 3 Pro және GPT-5.2 жүйелерінен жоғары балл жинаған. Видео талдау тапсырмаларында Claude Opus моделінен озық нәтиже көрсеткен. Ал агенттік сценарийлерде тапсырмаларды орындау жылдамдығы жекелеген ЖИ қолданумен салыстырғанда 4,5 есеге дейін артқан.
Жаңа модельмен бірге Moonshot AI әзірлеушілерге арналған Kimi Code құралын да ұсынды. Бұл кодпен тікелей терминал арқылы немесе VS Code, Cursor секілді редакторларда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Компания оны Claude Code пен Gemini CLI-ге ашық балама ретінде ұсынып отыр.
Айта кетейік, Moonshot AI бірнеше миллиард доллар инвестиция тартқан. Қазір стартап жаңа инвестициялық раундқа дайындалып жатыр, ал компанияның бағалануы 5 млрд долларға жуық. Сарапшылардың пікірінше, Kimi K2.5-тің ашық форматта ұсынылуы жаһандық жасанды интеллект нарығындағы бәсекені күшейте түсуі ықтимал.
Бұдан ілгеріректе Бейжіңнің екі жылда жасанды интеллектінің астанасына айналуға ниетті екенін жазған едік.