«Air Astana» әуе компаниясының алып «Boеing» ұшағы Алматы әуежайынан ақбас Алатаудың ұшар басын тұмшалаған ақшаңқан бұлттарды тіліп өтіп, заңғар аспан кеңістігіне көтерілді. Бағытымыз – мәңгі жасыл Малайзия. Сапар мақсаты – Малайзия туризм және мәдениет министрлігінің шақыруымен Хари Рая (Hari Raia) ұлттық мерекесі шеңберінде өткізілетін шаралар мен халықаралық сессияға қатысу.
Әлемдік өркениет биігінен өзіндік орнын ойып тұрып алған «Азия кереметін» көруге құштарлар қатары қашанда сиреген емес. Бұл жолы да біздің ұшаққа отырған жолаушылар 200-ден асып жығылады. Малайзия көсемі доктор Махатхир Мохамад алғаш премьер-министр болған 1981 жылы «Біз әлемді өзімізді сыйлатуға, ал малайзиялықтарды – өздерін сыйлауға мәжбүр етеміз», деген екен. Бұл ретте экономикалық реформалары арқылы елімізді қайта құрып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақсаттарымен шынайы ұқсастық бар. Бүгінгі әлемді тұралатқан тығырықтарға қарамастан, қазір екі ел экономикасының даму қарқыны да деңгейлес.
Экономикалық даму дегеннен шығады. Малайзияға әдейілеп шақырылған Татарстан делегациясы Мәскеу арқылы Алматыға ұшып келіп, Куала-Лумпурға бағыт алған біздің ұшағымызға отырды. Туристер Меккесіне айналған Малайзияға бүкіл Ресейден тікелей ұшатын бағыт жоқ. Бұл да Қазақстан әлеуетін, еліміздің жетекші әуе компаниясы – «Air Astana»-ның әлемдегі табысты әуе бағыттарын еркін меңгере бастаған беделді де қуатты әуе тасымалдаушыларының біріне айналғанын көрсетеді.
Сегіз сағат бойы сеңгір аспанды сетінеткен алып ұшағымыз Оңтүстік Қытай теңізінің көгілдір суы жағалауларын шайып жатқан мәңгі жасыл Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласының әуежайына келіп қонды. Бұл – сәулет өнерінің небір озық үлгілері шоғырланған, зәулім ғимараттары бір-бірімен бой таластырғандай көкке шаншылып, заманауи архитектура туындылары көне шеберлердің қолынан шыққан өнер туындыларымен ерекше үйлесім тапқан Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан метрополис. Әлемге әйгілі Петронас егіз мұнарасының өзі неге тұрады. 451,9 метр биіктікке созылған бұл егіз мұнара дүниежүзіндегі ең биік қос мұнара үлгісі болып табылады. 88 қабаттан тұратын мұнараның 41-ші қабатында қос мұнараны жалғастырған аспалы көпірдегі көру алаңы Куала-Лумпурдың қандай көркем, қандай айшықты екенін алақанға салғандай алдыңа алып келеді. Куала-Лумпурдың кереметтері туралы әңгімемізді кейінге қалдыра тұрып, алдымен сапарымыздың бағдарламасы туралы тілге тиек етейік.
Әуежайда бізді Малайзия туризм және мәдениет министрлігінің жетекші маманы, аудармашы Жагадиш (Жак) Чандра Бабу қарсы алды.
Бағдарлама бойынша біз Хари Рая мерекесі шеңберінде өткізілетін халықаралық сессияға қатысу үшін Серембан қаласына аттандық. Сессияға осы Серембан қаласы орналасқан Негери Сембилан штаты туризм департаментінің басшысы қатысып, сөз сөйледі. Хари Рая ұлттық мерекесі шеңберінде өткізілетін шаралар мен халықаралық сессия жұмысына 11 елдің өкілдері шақырылған екен. Сессияны жүргізуші әрбір елдің атын атап, олардың өкілдеріне шақыруды қабыл алып, сессияға қатысқандары үшін алғыс айтты. Олар: Вьетнам, Жапония, Қытай, Филиппин, Лаос, Тайланд, Камбоджа, Қазақстан, Ресей, Германия, Швейцария мемлекеттерінің өкілдері еді.
Сессия шеңберінде Малайзия табиғатының ерекшеліктерін тамашалап, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайын көріп, село тұрғындарының кәсібімен танысу мақсатында сапарға шықтық. Жалпы, Малайзия ортасын теңіз бөліп жатқан екі бөліктен тұратын Оңтүстік-Шығыс Азиядағы федералды мемлекет болып табылады. Батыс Малайзия (Малайя) Малакка түбегінің оңтүстік бөлігінде орналасқан, солтүстігінде Тайландпен, оңтүстігінде теңіз арқылы Сингапур және Индонезиямен шекараласады. Ал Шығыс Малайзия (Сабах және Саравак) Калимантан аралының солтүстігінде Брунеймен, оңтүстігінде Индонезиямен, сондай-ақ, теңіз арқылы Филиппинмен шекараласады. Жалпы жер аумағы 332,8 мың шаршы шақырымды құраса, халқының саны 28 миллионнан асады. Халықтың басым бөлігін (62 пайыз) малайлар (бумипутра), екінші орында қытайлар (23 пайыз), үшінші орынды үнділер (9,1 пайыз) құрайды. Мемлекеттің негізгі тілі – малай, мемлекеттік діні – ислам болып есептеледі.
Малайзия – сайланбалы федеративтік конституциялық монархия болып табылады. Бұл жағынан да Малайзия басқаларға ұқсамайды. Бұл ел – 13 федеративтік мемлекеттік субъектілер (штат) және үш федералдық аумақтан тұрады. Штаттардың ішінде 9 штат монархия (сұлтанат) болып табылады. Оларды сұлтандар билейді. Әрбір штаттың сұлтаны өз штатындағы дінбасы да болып табылады. Бұл тоғыз штаттағы бүкіл атқарушы билік бас министрдің (ментери бесар) қолына шоғырланған. Ал қалған төрт штатты орталық үкімет тағайындаған губернаторлар басқарады. Бас министрлер де, губернаторлар да тікелей премьер-министр басқаратын үкіметке бағынады. Әрбір бес жыл сайын 9 сұлтан (монархтар) өз ортасынан ел басшысы – король (малайша Янг ди-Пертуан Агонг) сайлайды. Қазір Малайзия королі сексеннің сеңгіріне шыққан сұлтан Абдул Хаким болып табылады. Бұл монархтардың барлығы негізінен құрметті билік иелері (қабылданатын заңдар мен конституциялық өзгерістерге қол қою сияқты) болып саналады. Ал мемлекеттік билік тетіктері премьер-министр мен парламентке берілген. 2009 жылдан бері елді премьер-министр Наджиб Тун Разак басқарып келеді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Малайзиядағы 9 штат немесе сұлтанаттың бірі – Негери Сембилан деп аталады. Біз баратын Копон Лонак ауылы осы штатта орналасқан. Бұл штатта минангкабау халқының салт-дәстүрлері үстем. Сәулет өнерінің жәдігерлерінде де бұл халықтың қолтаңбасы айшықты орын алады. Мәселен, штаттағы көрнекті тарихи нысандардың шатыры буйволдардың мүйізі сияқты сүйірленіп, биікке шаншыла үшкірлене бітеді. Сри Менанти сарайы минангкабау халқының дәстүрлі декоративтік және архитектуралық өнерінің үлгісі болып табылады. 1992 жылдан бері Сри Менанти сарайы Негери Сембилан штатының бас мұражайы дәрежесіне ие болған. Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен бұл сарайды салу барысында бірде-бір шеге пайдаланылмаған көрінеді. Мұндай шеберлікпен салынған сәулет өнерінің туындылары және туыстық ұрпақ жалғастығын әлі күнге дейін аналардан тарататын минангкабау халқының бай тарихи дәстүрлерін көрсететін орындар бұл штатта молынан саналады. Бұл штатты ескі мен жаңаның ерекше үйлесім тапқан үлгісінің ордасы десе болады.
Біздің жол бастаушымыз Жактың айтуынша, Негри Сембилан штатының атын тікелей аударғанда, «тоғыз аудан» деген ұғымды білдіреді екен. Негрии – аудан, Сембилан – тоғыз. Ол Малакка түбегінің оңтүстік-батысында орналасқан. Мұнда 1 миллионға тарта халық тұрады. Штаттың жалпы жер көлемі 6,6 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Бұл жер Сұлтан иелігі болып табылады. Кім көрінгеннің бұл жерді игеруіне рұқсат жоқ. Үкіметтің өзі штаттан жер керек болса, сұлтанның рұқсатымен ғана сатып алады. Штаттың астанасы – Серембан. Сонымен бірге, мұнда атақты Порт-Диксон теңіз айлағы орналасқан.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
(Жалғасы бар).