Бұл монеталардың көпшілігі археологиялық қазба кезінде Батыс Қазақстан облысындағы Мұқыр обаларынан табылған. Арасында Жалпақтал, Жайық қалашықтарынан табылғаны да кездеседі.
– Алтын Орда кезеңіне жататын мұндай тиындар әр билеушінің кезінде соғылып, сауда-айырбас құралы ретінде жүрген. Тиындардың 90 пайызы күмістен соғылады. Мамандар тек Хорезмде ғана алтын динар қолданыста болғанын айтады. Алтын тиын – динар, күміс тиын – дирхам, ал мыс тиындар – пұл деп аталған. Біздің қорымызда Сарай, Сарай әл-Махруса, Сарай әл-Жәдид, Хорезм, Гүлстан, Орда шаһарларында соғылған монеталар бар, дейді музей қызметкері, шығыстанушы ғалым Орынбасар Ахметқали.

Бір қызығы, бұл монеталардың формасы да, салмағы да әртүрлі. Сыртқы тұрқы кейде шеңбер, кейде төртбұрышты, кейде 8 доғалы гүл тәрізді. Тоқты ханның тиындарында оның есімі араб жазуымен
емес, ескі ұйғыр жазуымен таңбаланыпты.
Халқымыз Әз-Жәнібек деп әспеттейтін билеушінің тұсында соғылған мына тиынға қысқаша тоқталайық:
Хижраның 751 жылы, біздің жыл санауымыз бойынша 1350 жылы Сарай әл-Жәдидте, яғни Жаңа Сарайда соғылған. Диаметрі 15 мм күміс дирхамның салмағы 1 грамнан сәл ғана асады. Монетаның бір жағында араб жазуымен «Әділ сұлтан Жәнібек хан, 751» деген жазу, екінші жағында: «Соғылды Сарай әл-Жәдидте, жыл» деп жазылған екен.
Батыс Қазақстан облысы