Әліби 32 жаста. Спорттың бұл түріндегі мансабын 2019 жылы бастаған. Сол уақыт аралығында 11 кездесу өткізіп, 10 рет жеңіске жетті. 6 бәсекеде айқын басымдық танытты. Ол – түрлі отандық промоушендердің аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуінің иегері. Былтыр «The Ultimate Fighte» жарысында бақ сынап, алғашқы екі қарсыласын еш күмәнсіз ұтты. Өкінішке қарай, 17 тамызда Чикагода ұйымдастырылған соңғы жекпе-жегінде АҚШ файтері Джозеф Моралеске (14-2) сабмишн әдісімен жеңілді. Бірақ соған қарамастан қандасымыздың өнері Дана Уайттың көңілінен шығып, UFC-ге шақырту алды.
Әліби Ыдырыс алғашқы жекпе-жегін 22 ақпанда АҚШ-тың Техас штатында Оди Осборнға қарсы өткізеді. 9 қаңтарда 34 жасқа толған Ямайканың тумасы 2015 жылдан бері 22 рет октагонға шығып, 13 мәрте мерейі үстем болды. 9 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. 2023 жылдың тамыз айында Оди Асу Алмабаевпен айқасты. Бұл бәсекеде біздің жігіт екінші раундта қарсыласын қылқындырып тастады. Осборн былтырғы жазда аустралиялық Стив Эрцеке ұпай санымен ұтылды.