Былтырғы маусымда толайым табысқа жетіп, УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алған «Қайрат» Еурододаға дайындықты бастап кетті. Алматылық ұжым Оңтүстік Америкадан екі бірдей футболшыны қатарына қосты. Біріншісі – бразилиялық орталық қорғаушы Лукас Африко. 30 жастағы ойыншы бұған дейін Португалияның «Маритиму», «Эшторил», Түркияның «Ванспор» командаларында өнер көрсеткен. Сонымен қатар «Қайрат» 24 жастағы аргентиналық шабуылшы Себастьян Себальоспен келісімшартқа отырды. Боливияның «Реал Оруро» клубында 40 ойында 18 гол соғып, мергендігімен танылған оғлан алматылықтардың шабуыл шебін күшейтеді деп күтіліп отыр. Клубтың басты мақсаты – чемпиондық атақты қорғап қалу, халықаралық аренада сәтті өнер көрсету.
Былтырғы чемпионатты бесінші орынмен аяқтаған «Ақтөбе» биыл қалайда бас жүлдені олжалауға бекінген сыңайлы. Батысқазақстандық клубтың Луиш Нани мен Миралем Пьянич сынды әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды қатарына қосуы мүмкін деген ақпарат жанкүйерлерді елең еткізді.
39 жастағы Луиш Нани Атлант мұхитындағы арал-мемлекет Кабо-Вердеде дүниеге келген. Ертеректе Португалияға қоныс аударған соң, 2006–2017 жылдар аралығында ұлттық команданың сапында жасындай жарқылдады. 112 матчта қарсыластар қақпасын 24 мәрте дәл көздеді. Командасымен бірге Еуропа чемпионы, Конфедерация кубогінің иегері атанды. Әр жылдары «Спортинг», «Манчестер Юнайтед», «Фенербахче», «Валенсия» сынды әйгілі командалар сапында ойнады. Клубтық деңгейдегі додаларда 462 кездесу өткізіп, 100-ден аса гол соқты.
35 жастағы Миралем Пьянич – Босния мен Герцеговинаның ең белді футболшысы. Амплуасы – жартылай қорғаушы. 2008–2024 жылдар аралығында түрлі байрақты бәсекелерде өз елінің намысын абыройлы қорғап, 115 ойында 18 гол соқты. Әр жылдары «Лион», «Рома», «Ювентус», «Барселона», «Бешикташ» сынды Еуропа грандтарының жейдесін киді. Сол командалар сапында 499 мәрте алаңға шығып, 60 рет нысананы дәл көздеді.
Әрине, мұндай деңгейдегі легионерлерді шақыру қомақты қаражатты талап ететіні белгілі. Алайда қос клуб та алдағы маусымда жоғары нәтижеге қол жеткізу мақсатында саналы түрде тәуекелге барып отыр. Қыруар қаржы мен зор үміт артылған трансферлердің қаншалықты ақталатынын алдағы уақыт көрсетеді.