13 Тамыз, 2015

Ақ сүттен ақбұлақ ағады

423 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Шығыс өңірінде тауарлы сүт фермаларын құру жұмыстары жалғасуда Шығыс Қазақстан облысы – елімізде сүт өндіруден алғашқы орында тұрған өңір. Аймақтың аталған саладағы әлеуетіне ағымдағы жылы ерекше екпін беріле бастады. Мемлекет басшысы қабылдаған Ұлт жоспарындағы 100 нақты қадамның біріне сүт өндірісін өрістетудің енгізілуі отандық экономика үшін бұл саланың өзектілігін көрсетеді. Осы орайда облыс әкімі Даниал Ахметов өңір басшылығына келген уақыттан бастап қолға алған сүт өнімдері мен өндірісін кеңейту жобасы өзінің алғашқы нәтижесін бере бастады деуге болады. Айталық, аудандарда сүт қабылдау пункттері ашылып, тауарлы сүт фермалары құрылуда. Бүгінге дейін Бородулиха, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Ұлан және Шемонайха аудандарында сүт қабылдау пункттері ашылып, халықтан сүт қабылдай бастады. Өңірде ірі сүт өндіру және өңдеу кәсіпорындарының орналасқандығына қарамастан, сүт шикізатының 70 пайызы қарапайым тұрғындардың қолында. Сондықтан, бұл жобаның өңір өндірушілері мен тұрғындары үшін маңызы зор. DSC_4311 Таяуда облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин Глу­бокое ауданына жұмыс сапары барысында «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС базасындағы 600 ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасы құрылысымен танысып, оның жұмысын оң бағалады. Сондай-ақ, сүт өнімдері мен өн­дірісін дамытудың мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Облыс әкімінің орынбасары шаруашылық мүше­лерімен кездесуде, Шығыс Қазақ­стан өңірінің аграрлық секторын кеңейту барысында сүт өнім­дері мен өндірісін арттыру бойын­ша қабылданған облыстық бағдарламаның маңызы зор екенін, аталған бағдарлама Мемлекет басшысының 100 нақты қадам бағдарламасын орындау аясында жүзеге асырылып отырғанын жеткізді. – Айталық, Елбасы қабылдаған бағдарламада сүт өндірісін өріс­тетуді стратегиялық инвесторларды тарту есебінен жүргізу, осы арқылы сырттан келетін сүт тауарлары көлемін азайтып, өз өнімдерімізді өзгеге сату жос­парланған болатын. Бұл көздеген мақсатқа жету үшін ауылдарда кооперативті өндірісті дамыту қажет. Бұл – бірнеше бағыт­тарды қамтитын кешенді бағдарлама. Біріншіден, облысымызда қолданыстағы тауарлы сүт фермаларын жаңғырту және жаңа ферма құрылыстарын салу жоспарланды. 2015-2016 жылдар аралығында жаңадан 9 тауарлы сүт фермасын құруды, сондай-ақ, 28 ферманы қайта жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Барлығы – 37 нысан. Бұл – өңірде сүт өндірісі мен сауын сиырлар басын арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, халықтан сүт сатып алуды ұйымдастыру үшін сүт қабылдау пункт­тері желі­сін дамыту қарастырылған. Жыл соңына дейін осы бағытта өңірімізде 33 пункт ашылатын болады. Үшіншіден, сүт өңдеу кәсіпорындарының қуатын еселеуге жол ашылады. Бүгінде бұл бағыттағы көрсеткіш 35 пайызға тең. Таяу уақытта кәсіпорындар өңдейтін сүт көлемін 70 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл қазір жұмыс істеп тұрған 19 қабылдау пункті мен жаңадан ашылатын 33 пункттің есебінен жүзеге асырылады. Яғни, жыл сайын халықтан 25 мың тонна сүт сатып алынады. Ал алдағы екі жылда біз 100 мың тоннадан астам сүтті өңдейтін боламыз, – деді Дүйсенғазы Мусин. Облыс әкімінің орынбасары сонымен бірге, суармалы жерлерді кеңейту және оның өнімділігін арттыру арқылы жемшөп базасын нығайту, ветеринарлық-санитарлық тазалықты сақтау, сүтті сиырларды көбейтудің ма­ңыз­дылығын атап өтті. Бұл бағдар­ламаға барлық аудандар атсалысатын болады. Ал қаржыландыру тетігі «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде және ауыл шаруа­шылығы құрылымдарының жеке қаржысы аясында жүргізілмек. Тұтастай алғанда, бұл тұрғын­дардың өзін-өзі жұмыспен қамти отырып, өнім өндіруді және импорт­тың орнын алмастыруды қамтамасыз етеді. Қазір өңірде құрылып жатқан сүт қабылдау пункттерін қажетті құрал-жабдықтармен жергілікті кәсіпорындар да қамтамасыз етуде. Мәселен, «Үлбі модульді компаниясы» ЖШС өнімдері ресейлік құрылғылардан кем түспейді, бағасы да импорттық тауармен салыстырғанда қол­жетімді. Сонымен бірге, Ауыл шаруашылығы министрлігінде сүт өңдеу кәсіпорындарының халықтан сатып алатын сүт бағасын субсидиялау мәселесі қарастырылуда. Бұл сапалы сүт сатуға қызығушылықты арттырады және кәсіпорындардың зиян шекпеуіне, толық қуатында жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бүгінде оннан астам сүт тасу көліктері мен мыңнан астам сүт ба­ғытындағы ірі қара сатып алынды. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығына қажетті жаңа технологияларды дамыту, тауарлы сүт фермалары базасында ішкі сүт жинауды арттыру жөнінде айтқан болатын. Біз ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибеміз арқылы тиімді сүт бизнесін құрудың негізгі алғышарттарын жинақтадық. Яғни, бұл сала аяғынан қаз тұруы үшін толық жемшөп базасы, шабындық, пішен, білікті мамандар, сауыншылар, табыншылар және асыл тұқымды мал қажет. Осы орайда «Эмиль» сүт өңдеу компаниясымен, инвес­торымыз болып табылатын «Астана-Бизнес» ЖШС-мен тығыз әріптестік орнаттық. Сондай-ақ алға үлкен жоспар қойып, 2020 жылға қарай тәулігіне 100 тонна сүт өндіруді көздеп отырмыз. Беларустық технологтардың тәжірибесін пайдаланып, оларды өзімізге шақырып, сүт бизнесі бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді оқыту мақсатында консалтингтік компания аштық, – дейді «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС директоры Ришат Ахмадиев. Глубокое ауданындағы «Бобровка плюс» ЖШС базасында екі-үш жыл бұрын шаруашылық басшысы Талғат Қырықбаевтың жетекшілігімен сиырларды сауудың роботтандырылған жүйе­сі енгізілген болатын. Яғни, сауын сиырлар еуростандартқа сай шведтік «ДеЛеваль» фир­масының құрылғыларымен сауылады. Аталған фермада сүт пен ет бағытындағы симменталь тұқымды ірі қара өсіріледі. Талғат Қырықбаев шаруашылықтың алдағы қысқа дайын екенін, пішен мен жемшөп базасы толығымен әзірленіп, барлық малға екпе егілгенін жеткізді. Өңірдегі әлеуетті сүт өндірісі жүйесін құраушылардың бірі – «Шығыс-сүт» ЖШС. Жеке зауытында 60-тан астам сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын тәулігіне 400 тонна сүт өңдей алады. Атал­ған шаруашылықтың басшысы Сейілжан Сайлаубаев сүт кластерін жолға қоюдың кәнігі мамандарының бірі. Оның айтуынша, сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін барлық деңгейдегі маман мәселесі шешімін табуы тиіс. Сондай-ақ, ветеринарлық қауіпсіздік болуы шарт. Әр шаруа­ға жауаптылықпен қарау керек. Өйткені, ауыл шаруашылығы табиғи-климаттық жағдайға тіке­лей тәуелді сала. Сондықтан, жем­шөп базасы жеткілікті болғаны жөн. – Сауылған сүттің көлемімен бірге өндірістің түп-тамыры мықты болуы тиіс. Яғни, шет елден асыл тұқымды мал тасуға көп әуестенудің қажеті шамалы. Әрине, бұл саланы өркендету үшін орта көлемдегі роботтандырылған сүт фермаларының саны артуы керек. Сонда бизнес те кезекті қадамдар бойынша модульді жүйеде дамитын болады. Бұл барлық шығынның орнын жауып, тез нәтиже береді һәм экономикаға әсер етеді. Келешекте қолға алған саланы өркендетуге негізінен орташа фермалар оңтайлы болады деген ойдамын. Бұл адам факторын азайтады және шаруашылық үшін есепке жеңіл, тәуекел мен кірісті болжауға ыңғайлы, – дейді «Шығыс-сүт» ЖШС бас директоры Сейілжан Сайлаубаев. Жақында жұмыс сапарымен Ұлан ауданының Привольное ауы­лында орналасқан «Багратион» ЖШС базасында болдық. Кәсіп­орын жетекшілерінің бірі Алек­сандр Воропайдың айтуынша, өңір басшысының тапсырмасы негізінде шаруашылықта 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасының жобасы жүзеге асырылуда. Немістің «Вестьфалия» құрылғысымен жабдықталған ферма құрылысы жыл соңына дейін іске қосылады. Жоба құны – 580 млн. теңге. Қазір осы мақсатта екі базаның құрылысы салынып жатыр. Әрқайсысында 300 бастан сауын сиыр ұсталады. Екі залдың ортасында сауу кешені орналасқан. Бұл сиырды саууға өте қолайлы. – Біз облыс әкімдігімен тығыз жұмыс істеудеміз. Өңір басшысы Даниал Ахметов өңірдің сүт өндірудегі әлеуетін толық пайдалану керектігін айтқан болатын. Бұл ретте облыс әкімінің қолдауымен ресімдеу, типтік жоба ұсыну, «Қазагроқаржы» институты бойынша қаржы бөлу және сараптау жұмыстарына мемлекет тарапынан үлкен көмек жасалып жатқанын аңдауға болады. Біздің 600 басқа арналған тауарлы сүт фермамыздың жобасы дайын. Шаруашылықтың өзінің құрылыс техникалары бар. Қазір құрылыста 10 жұмысшы еңбек етуде. Жалпы, дағдарыс кезінде құрылыс екі есе арзанға түседі. Сондықтан, бұл уақытпен үндескен оңтайлы бастама болып тұр. Шаруа қожалығында асылдандыру, қолмен ұрықтандыру жұмыстары жақсы қолға қойылған, – дейді А.Воропай. Қазіргі кезде «багратиондық­тардың» жемшөп базасы жет­кілікті. Қожалықтың 800 гектар суармалы жері бар. 1000 гектар жүгерінің жартысы суармалы алқаптарға тиесілі. 200 гектар суармалы алқапта жоңышқа өсіріледі. 280 гектар жаңбырлату әдісі арқылы суарылады. 3,5 мың гектарға көпжылдық өсімдік егетін шаруашылық 6 700 тонна пішен жинап үлгеріпті. Биыл оның үстіне шөп шығымы да жақсы. А.Воропай жемшөп дайындау мен сүттің 20 пайызы субсидияланып, құрылыстың 20 пайыздық шығыны мемлекет тарапынан өтелетінін, бұл үлкен көмек екенін атап өтті. Сондай-ақ, сүт өнімділігін көтеру үшін ешқандай үстеменің, қоспаның қосылмайтынын, сүттің мол болуы ірі қараның жемшөп қорына және еңбекті дұрыс жолға қоюға байланысты екенін жеткізді. Яғни, жаңа нысандағы жаңа технология арқылы сүттің сапасы көтеріледі. Біз сауыншылардың жұ­мыс­сыз қалу қаупі жөнінде сұра­дық. Керісінше, сауыншылар жетіспегендіктен, осындай қадамға барып отырмыз. Бұл білікті мамандар тапшылығы жағдайында мал басын арттыруға мүмкіндік беретін қадам, – деді ол. Цехта әрқайсысы 5 тонналық сүт құйылатын екі алып ыдыс, салқындату құрылғысы орна­ласқан. Осы арқылы тәулі­гіне 20 тонна сүт саууға болады. Сүт шикізаты әрі қарай шаруа­шы­лықтың өңдеу цехына жібері­леді. Біз Пролетарка ауылында орналасқан зауыт қызметімен де таныстық. «Багратион-Ұлан» зауытының қуаты күніне 660 мың литр сүт өңдеуге жетеді. Қазіргі кезде кәсіпорын өз қуатының жартысын ғана пайдаланып отыр екен. – Өнімдерімізді өткізуде еш­қандай мәселе жоқ. Керісінше, шикізат жетіспеушілігі бар. Бұл өңірдегі сүт өндірушілердің ортақ мәселесі, – деді А.Воропай. Бүгінге дейін «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы Бородулиха ауда­нындағы «Новая Заря» шаруа қожалығы 281 млн. теңге, «Ырыс» бағдарламасы арқылы Ұлан ауданындағы «Сағынқұмаров» шаруашылығы – 50 млн. теңге және «Айтқазин» шаруашылығы 60 млн. теңге қаржыға қол жеткізді. «ҚазАгроҚаржы» компаниясы Бесқарағай ауданындағы «Балке» шаруашылығының жобасын да мақұлдады. Жа­қында Бесқарағай ауданына барғанымызда аталған «Балке» шаруашылығымен танысқан едік. Шаруа қожалығының жетекшісі Оралбек Тоқашевтің айтуынша, 2015 жылдың алғашқы тоқсанында 180 тонна сүт, 500 кило ет өндіріп, 50 бас төл алған екен. Шаруа қожалығы сүт бағытындағы мал шаруашылығымен бірге көкөніс өсірумен де шұғылданады. Биыл ол германиялық өндіріспен жарақтандырылған ферма құрды. Ферманың сауын сиырларға арналған қоражайы өз жұмысын бастауға әзір екенін көрдік. Осы сияқты жұмыстар Ұлан, Ше­монайха және Тарбағатай аудандарында да атқарылуда. Бұл жоба толығымен жүзеге асырылғанда өңірде ақ сүттен аппақ бұлақ ағып, ел экономикасының еселенуіне жол ашатын болады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.