Сурет: instagram.com/syrboyi_kz/
Осы күні өңірде табиғи ресурсты энергияға айналдыру бағытында біршама жоба бар. Олардың қатары артқан сайын жаңадан ірі өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік көбейе бермек. Бұдан бөлек, 6 млрд теңгеге қуаттылығы 20 МВт-тық күн электр стансалары салынып жатыр. Бұл жобалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жаңа серпін береді.
Күн электр стансасының ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Елдің дамуы ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады. Әр елді мекеннің дамуы, келешегінің жарқын болуы ел бірлігіне байланысты», деді.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесі бар азаматтар мен күн электр стансасын іске қосқан сала қызметкерлері облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды.
Қытайдың ірі энергетикалық холдингтерінің бірі «China Huadian Corporation» компаниясының еліміздегі алғашқы жобасының жүзеге асуына «Қазақ инвест» ҰК» АҚ қолдау көрсеткен. Станса салу үшін 80 гектар жер учаскесі бөлінгеннен кейін Сыртқы істер министрлігіндегі Инвестициялар комитетімен инвестициялық келісімшарт жасалыпты. 11,5 млрд теңге инвестиция тарту арқылы салынған станса құрылысында жақын маңдағы Еңбекші ауылдық округ тұрғындары жұмыс істеді. Пайдалануға берілгеннен кейін 10 тұрақты жұмыс орны құрылып отыр.
Стансада 56 316 заманауи күн панелі орнатылған. Күннің қозғалысын қадағалайтын трекерлік жүйелер электр энергиясын 20–25% көп өндіріп, барынша тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.
«Жаңартылған энергия көздерін дамыту туралы айтқанда әуелі күн, жел мен су еске түседі. Бірақ көбіне қосалқы стансалар мен нүктелер секілді энергетикалық инфрақұрылым желілері қиындық туғызып жататын. Күн мол түсетін, желі тұрақты өңірлердің өзінде жасыл энергетиканы дамытуға осындай көзге көрінбейтін мәселелер кедергі болатын. Сондықтан да осыдан 3 жыл бұрын ыңғайлы аумақ таңдау барысында Қаратау етегіндегі «Қазатомпром» компаниясына тиесілі қосалқы стансаға көзіміз түсті. Оған жаңартылатын энергетика нысандарын қосу мүмкіндігін зерттедік. Осылайша, жұмыс істеп тұрған трансформаторлық стансаның арқасында өңірге жалпы қуаты 100 МВт екі күн электр стансасы және қуаты 50 МВт бір жел электр стансасы жобаларымен инвесторларды тартуға мүмкіндік туды. Бұл жобаларға жұмсалатын жалпы инвестиция көлемі 49,5 млрд теңге болады», дейді «Қазақ инвест» ҰК» АҚ өңірлік директоры Мұрат Балабаев.
Өңірлік директордың айтуынша, алдағы уақытта аймақта күн және жел электр стансалары көбейе береді. Шиелі, Жаңақорған, Арал аудандары мен Қызылорда қаласындағы бұл нысандардың жалпы қуаты 260,5 МВт-қа жетеді.
Бұл энергетикаға ғана емес, сонымен қатар қоршаған орта мен аймақтың болашағына қосылған үлкен үлес болмақ.
Қызылорда