13 Тамыз, 2015

Қазақ хандығының даналары

2035 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Логотип 550 жылЕлбасымыздың бастамасымен биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерейтойы мемлекеттік дәрежеде аталып өтпек. Мұндайда дана халқымыз «Ақ түйенің қарны жарылды», деп ерекше қуанышқа бөленіп, бөркін аспанға атып, шаттыққа кенеледі. Міне, сол тойды бүкіл халық болып атап өту аясында республикамызда түрлі іс-шаралар басталып та кетті. Бұл Елбасымыздың ел үшін жасаған тағы бір көреген қадамы. «Мен ХХI ғасыр – Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін», – деп халқын шексіз сүйген Елбасымыздың бүгінгі тұлғасы ежелгі заманнан ортамызға келе қалған аңызға бергісіз «алтын адам» іспетті. «Мен үшін қашан да мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қалтқысыз қызмет атқарудан артық бақыт болған емес», дейді Президент Н.Назарбаев. Осындай жігер мен қуат тек қана ел бастаған, ел үмітін арқалаған жандарға ғана лайық болып көрінеді. Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы «Мәңгілік Ел» идеясы мен кешегі «Нұрлы Жол» бастамаларының да мәні қандай бағалы, маңызы қандай жоғары, қадірі қанша құнды, қуаты қандай зор екендігі әр азаматтың жүрегіне қонған сеніммен бағаланады. Барша халықты қуантып, жігерлендіріп, бір жұдырыққа жұмылдырып, жыл сайын қуатты Жолдауымен жол бастайтын басшымыздың Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерекесін мемлекеттік дәрежеде атап өту бастамасы тек тәуелсіз халыққа лайықты болса керек. Арғы аталарынан сабақтаса келіп, тектілік пен төреліктің төріне шыққан Керей мен Жәнібек хандар сонау 1465 жылы Шу мен Талас алқабында алғаш рет ресми түрде Қазақ хандығын құрып еді. Бұл қазақ жеріне көз тігіп, халқына мұрын шүйіре қараған жауларға көрсетілген сұсты сес болатын. Осылайша «еркін», «ерікті», «тәуелсіз», «ер», «азат» деген ұғымды білдіретін атау тұңғыш рет халық атауына лайық келді. Қазақ өз алдына ел болып, отау тікті, шаңырағын көтерді. Яғни, біздің әу бастағы демократиялық басты құндылығымыз бостандық, еркіндік, тәуелсіздік деген ұғымдармен астасып жатыр. Тарих беттерінен білетініміздей, Қазақ хандығы талай өрлеу мен құлдырауды бастан өткерді. Өткенге көз жүгіртіп қарасақ, өрлеу заманымыз ел басына білікті басшы келіп, бірлікке қол жеткізгенде болыпты. Құлдырауымыз біліксіз басшы келіп, халықтан бірлік кеткен кезеңге келіпті. Тарихи тағылым деген осы болса керек. Өткеннен тәлім ала білген, ел бірлігін тәуелсіздігіміздің басты қағидаларының бірі етіп қадірлеген халқымыз, бүгінде әуел бастан-ақ тағдыры тамырлас 130-дан астам ұлт өкілдерімен бір шаңырақ астына жұдырықтай жұмылып, күш-жігерін аямай, еліміздің баянды болашағы үшін талмай еңбек етуде. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде-ақ Елбасының тікелей басшылығымен елімізде Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, халықтар арасындағы береке-бірліктің сақталуына үзбей үлесін қосып келе жатқан Ассамблеяның құрылғанына биыл жиырма жыл толып отыр. Ассамблея әлемдегі саяси-экономикалық қиын­дықтар мен қаржылық дағдарыстың, тұрақсыздықтың мемлекетіміздің қауіпсіздігіне тигізер қатерінің алдын алу және еліміздің стратегиялық дамуының табысты болуы мақсатында ел Президентін сайлау науқанын мерзімінен бұрын өткізу бастамасын көтерді. Бұл ұсыныстың бүгінгі таңда аса өзекті әрі еліміз үшін дер кезінде көтерілген бастама екендігін барлық қазақстандықтардың бірауыздан қолдау табуынан аңғаруға болады. Қазақстан ел бірлігінің арқасында бұл сыннан да абыроймен өтетініне сенімдіміз. Себебі, мұндай іс-шараның барлығы да, ең алдымен, ел бірлігі мен тәуелсіздігі үшін қажет. хандык Аузы дуалы ата-бабаларымыз, Ұлы көш бастауында болған хандарымыз бен билеріміз де ұрпағына тек қана бірлікте болған қазақтың бағы жанатынын, баян­ды ел болатынын, ата-бабалар арманы орындалатынын айтып кеткен. Қазақ хандығының өркендеуіне Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Есім хан, Тәуке хан, Әбілхайыр мен Абылай хан және қазақ үшін жан аямай күрескен соңғы Кенесары хан көп үлес қосты. Олардың есімдері тарихта алтын әріптермен жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа тарай берері хақ. Халқымыз 550 жыл бойы мемле­кеттігімізді нығайтып, даму үстінде болды. Ел құрып, етек-жеңімізді жиып, қаптаған жаудың ортасынан аман алып шыққан Керей мен Жәнібек хандардың бастамасын одан кейін билікке келген Қасым хан жалғастырып, жандандыра түсті. Жауынгерлік, қолбасшылық қабілетімен қатар, ел бірлігіне қол жеткізе алған Қасым хан Қазақ хандығы тарихында конституциялық құдіреті бар «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталып, ел бірлігіне, мемлекет тұрақтылығына зор қызмет жасаған заң қабылдады. Осы ізбен халыққа жеткен Есім ханның «Ескі жолы» мен әз-Тәукенің «Жеті Жарғысын да» заң­на­малар бірін-бірі то­лық­тырып, бүгінгі Консти­туцияның қабылдануына негіз болды. Ел ішіндегі жер дауы мен жесір дауын, халықтың мұқтажына орай өзге де дау-дамайларды осы заңдардың негізінде билер оңды шешіп отырды. «Сөз атасы Майқы би» демекші, қазақ тарихындағы алғашқы билердің бірі Майқы заманынан басталған билер жалғастығы Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің төрелігіне ұласып, олар туралы ел аузында талай әңгіме қалды. Қазақ қоғамында ертеден-ақ билер соты деп аталатын ел басқарудың тамаша демократиялық жүйесі қалыптасқанын баршамыз білеміз. Ел тарихы мен әдебиетінде Дешті Қыпшақ дәуірінде, Жошы Ұлысы, Қазақ Ордасы, одан кейінгі патшалық Ресей дәуірі кезінде қазақ арасынан суырылып шығып, билік айтқан, қара қылды қақ жарып, төбелі билер төрелі сөзін жүргізгені айтылады. Билердің сол кездегі негізгі рөлі – заңгерлік және бітімгерлік. Себебі, ел арасындағы даулар билер талқысына салынғанда, бір би айыптаушы, екіншісі ақтаушы, үшіншісі төреші болып, бірігіп шешкен. Сондықтан, бүгінгі заманның прокуроры мен адвокаты да, судьясы да би болған. Ал бітімгер дейтініміз, халық пен ханның арасында, екі елдің арасында дәнекер, үйлестіруші, қазіргі тілмен айтқанда, дипломат қызметін жүзеге асырған. Мысалы, 1710-11 жылдары қазақ-ойрат шабуылы кезінде қанды қырғын ұрыстан кейін бейбітшілік жолмен бітімге келу үшін екі жақ бір-біріне мәмілегер-елшілік жібермек болады. Осы жолы қазақтан Қазыбек би елшілікке барады. Өз кезегінде сөз алған Қазыбек: «Біз, қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз... Танымайтын жат елге – танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!», – дегенде, жоңғар қонтайшысы сөзге тоқтап, бітімге келген екен. Билердің дипломатиялық қызметі, міне, осы. «Жауластырмақ – жаушыдан, елдестірмек – елшіден», «Елшісіне қарап елін таны» деген аталы сөз осындайда айтылса керек. Би – дау-жанжалды шешетін, кесімді төрелік айтатын, әділ үкім шығаратын адам. Қазақ қоғамында билерді сайлау, тағайындау немесе бекіту деген түсінік болмаған. Би қызметін жалғастыру атадан балаға мұра болып та қалмаған. Биді халық таңдаған. Халық бидің табиғат берген шешендік, сөзуарлық, ақыл-парасат, қызыл тілде ешкімге дес бермес қасиеттеріне қарап, «Дала заңының» негізгі қағидалары мен нормаларын білуі, өзіне дейінгі атақты билердің үлгілі сөзінен нәр алуына аса назар аударған. Бала билер тәжірибелі, көрнекті, ел алдындағы айтулы билердің тәрбиесінде болып, атқосшылықта жүріп, тәжірибе жинаған. Кезегі келгенде тәлімгер билердің ақ батасын алып, билік айтып, тура билігімен ел аузына іліккен. Қара қылды қақ жарған әділдігімен халық қалаулысына айналған. Билердің кесім-бітімі көпшіліктің көз алдында, ашық аспан астында айдай анық боп жарияланатын. Би шешімін сұлтандар мен старшындар жүзеге асыратын. Би дұрыс үкім шығармаған жағдайда өзінің абыройынан айырылып, оған жүгінушілер болмайтын да, сол кезден бастап ол өзінің «би» деген атағынан айырылатын. Ал ешкімге бұра тартпай, дұрыс шешім шығарса, еңбегі үшін кінәлі жақтың есебінен сыйақы алатын. Сыйақының мөлшері дауда өндірілетін мүліктің оннан бір бөлігіне тең болатын. Билердің аузынан шыққан даналыққа толы ой-толғамдар ел аузында таралып, жатталса, ондағы негізгі ой елді жақсылыққа, дұрыс жолға жетелеген. Әділдігімен, турашылдығымен жұрт көңілінен шығып отырған билер, ең алдымен, ел бірлігі мен татулығын ойлады. Билер институты қазақ жерінің берекесі, отансүйгіштік, ерлік және ар-ұждан сияқты маңызды қасиеттерді жоғалтпауға және адами құндылықтарды сақтауға үйретіп отырды. Әділеттің ақ туын желбіретер биге қойылар талап қашан да қатаң. Бұл туралы академик Салық Зиманов өзінің төрт тілде шыққан «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген кітабында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған» деп жазады. Қазақ хандығы тұсында, тіпті оған дейін билер бүгінгі мемлекеттік биліктің міндеттерін атқарып келген. Яғни, билер атқарушылық, заң шығарушылық, билік айтып ел басқару қызметтерінің барлық түрлеріне араласты. Сондықтан да қоғамда қандай қиын жағдай болса да, бидің алдын кесіп, оған қарсы шыққандар болмаған. Бүгінгінің биі – бірінші кезекте халыққа сот төрелігін шынайы әрі турашылдықпен жүзеге асыруда әділ билігімен танылған, соттық функцияны атқаратын мемлекеттік қызметші. Билер кесімі халық көңілінде күмән туғызбастай сенімді болуы шарт. Мысалы, Тана биге бата бергенде Малайсары би: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал!», – деген екен. Бұл ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан билерге қойылатын негізгі талап. Адам тағдырын қолына алған би шешім шығармастан бұрын, өзінің адам екенін, сондықтан да ұят, борыш, обал деген сөздердің мәнін ұмытпауы тиіс. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген Төле би бабамыздың кесімді сөзі бүгінгі күнге дейін кез келген судья үшін берік ұстаным. Би істің ақ-қарасын анықтамай, туғанына тартып тұрса, оның әділдігі қайсы. Биде туған болмау керек деген осы. Қазақтың біртуары, халық қаһарманы, Ұлы Отан соғысында жасаған ерліктерімен аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы: «Әділін сұраса, атаңның болсын айыбын айт», – деп әділдіктің ақ жолын ту етеді. Қай елді, қай заманды алсаңыз да, сот жүйесіне қарап, қоғамдағы билік жайы, оның халық мүддесі алдындағы адалдығы туралы пікір қалыптасады. Сондай-ақ, судьялар үнeмі халықпeн тiкeлeй қарым-қатынаста болғандықтан, олардың моральдық бейнесі мен кәсіби жетістігі қызмет барысында eрeкшe рөл атқарады. Сондықтан, әрбір судья сот билігінің тәуeлсіздігін нығайтуға, өз кәсібінің беделін арттыруға, сот төрeлігін нығайтуға қатысты жұмыстарды адал жүзeгe асыруға тиіс. Ежелгі антикалық дәуірден бері жалғасып келе жатқан билер дәстүрі заман өзгерген сайын өзгеріп, жаңарып отырғанымен, негізі, міндеті, талаптары сол қалпында тұр. Өйткені, олар кезінде Қазақ хандығының даналары атанса, енді бүгінде Қазақстан мемлекетінің беделіне айналып отырғаны анық. Досжан ӘМІРОВ, Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы. ӨСКЕМЕН.