Біздің Конституциямыз бастауын көне замандардан алатын, бертін келе тарихымыздағы Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» арқылы көрініс беретін басты құжаттардың бүгінгі келбеті деп ойлаймын. Бұл енді менің қарапайым жұмысшы ретіндегі көзқарасым. Жеке құқық туралы бала кезде мектеп қабырғасында жүріп, аз-кем оқығанымыз болмаса, ел мен жердің құқына қатысты ұғымды қариялардың аузынан естіп, құлаққа құйып алғанбыз. Ал қазіргі Конституцияның адам құқы қорғалуын қамтамасыз ететіндігінен хабарым мол және онда адам құқына қатысты баптар өте көп.
Сондықтан, өз құқымның мемлекеттік тұрғыдан қорғалатындығын жақсы білемін. Мен қазір елордамыздағы Орынбор көшесін жағалай орналасқан министрліктер үйінің алдын жасыл желекпен көмкеріп, абаттандыру ісіне араласып келемін. Астананың көркеюіне өз үлесімді мұрапшы ретінде қосып жатырмын. Яғни, қызметіне сай өзіме тиесілі жерге егілген гүлдер мен ағаштарды, жасыл желекті суарамын. Атқаратын міндетім аса жеңіл болмаса да, жасыма лайық, орындай алуға қауқарлымын. Тағы бір 4-5 жыл еңбек етсек, осы бейнетіміздің зейнетін көреміз. Мен жоғарыда атап өткен құқымның мемлекеттік тұрғыдан қорғалуының бірден-бір көрінісі сол болу керек. Яғни, жасым жеткенде зейнетке шығып, ұзақ жылдық еңбегімнің рахатын көремін. Оны мемлекет қамтамасыз етеді емес пе?!. Мұны бір деп қойыңыз.
Ендігі сөзімді дәйектей түсу үшін өз өмірімнен нақты бір мысалдар келтірейін. Біз өзі білімді Кеңес заманында алғандықтан, белгілі бір салаға бейімделіп мамандық алуға мүмкіндік болмады. Десек те, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі мемлекетіміздің қалыптасуы біздің толқын өкілдеріне бірқатар ауыртпалықтар түсіріп, жауапкершілік жүктеді. Ауыртпалығы сол, біз екі заманның куәгерлеріндей күйге түстік. Салыстырмалы түрде айтар болсам, қазіргі кезде құқыңның қорғалуына мейлінше жағдай жасалған. Оны осы күндері басымнан өткеріп жүрген мынадай жағдаймен айғақтай аламын. Менің Қазақстан Республикасының азаматы болып табылуым – осы елдің ең басты байлығының бір бөлшегі екендігім. Осыны өте жақсы сезінемін және түсінемін. Ал бұл, өз кезегінде менің Конституциялық құқымның қорғалуына кепілдік берілетіндігін айғақтайды. Ендеше, осы азаматтық құқымның қорғалуынан туындайтын әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымның түзелуін тарқата айтып берейін. Белгілі бір заң саласында оқыған-тоқығаны бар маман болмасам да, азамат ретінде қорғалуым керектігін логикалық тұрғыдан сеземін. Қызылорда облысының Жаңақорған ауылында туып, өсіп ұзақ жылдар еңбек еттік. Өткен жылға дейін Кеңестік жүйедегі совхозымыздан қалған шаруашылықтың шашауын шығармай-ақ ұстап келдік те, ақылдаса келе, мүлкі мен техникасы жоқ, есесіне, гектарлап жатқан жері бар қожалығымызды бөліске салдық. Алайда, ол жерде маған және менің төрт баламнан тұратын отбасыма тиесілі үлесім тимей қалды. Ал ауыл іргесінде әлі де болса бөліске салынбаған жер жатыр. Біз кетерміз-ау, бірақ, бүгінгі балаларым мен ертеңгі ұрпағымның еншісіне бұйыруы тиіс пайымды бағалай отырып, 2-3 гектар жер болса да алуым керек еді. Ол мүмкін болмағандықтан, қазіргі кезде ауыл мен аудан, облыстағы тиісті мамандармен сөйлесіп, өз үлесімді еншілеуге барымды салып, жүгіріп жүрмін. Тіпті, осы мәселе бойынша өз өлкемізден сайланған Мәжіліс депутатының қабылдауында да болып, оның көмекшісімен тікелей байланыста отырмын. Бар мақсатым – ертең зейнетке шыққанда немерелеріме мұра ретінде қалдыратын заңды жерім болса деп ойлаймын ғой. Қазіргі кезде жан-жақты тексеріп, себебін анықтау, түсіндіру, нақтылау жұмыстары жүргізілу үстінде. Оң нәтижеге қол жеткіземін деген үміттемін. Ал егер болмай жатса, Елбасының атына хат жазып, араша сұрау да ойымда жоқ емес. Бұл менің ел азаматы әрі қарапайым жұмысшы ретіндегі өз ойым. Өйткені, маған Ата Заңымыз осындай мүмкіндіктер береді. Жауапты ведомстволар мен тиісті құзырлы органдарға арыз, шағымыңды айта отырып, өз құқыңды қорғайсың. Егер олардың жұмысына көңілің толмаса, тіпті, Президентке дейін хат жазып, өз құқыңның қорғалуын қамтамасыз ете аласың. Біздің Конституциямыз азаматтарға осындай мүмкіндіктер береді. Салыстыра отырып, саралап көріңіз енді, Кеңес заманында осындай мүмкіндіктер болды ма өзі?!.
Құралбай СӘРСЕНОВ,
«Астана көгалдандыру»
АҚ мұрабы.