13 Тамыз, 2015

Этносаралық қатынастар құқықтық негізде реттеледі

955 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДАЕліміздегі этносаралық қатынастар жайы мен оны құқықтық реттеудің жолдары кеше Қазақстан халқы Ассам­блеясының 20 жыл­­­­дығына байланысты Әділет министрлігі, Заңнама институты және Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығымен бірлесіп өткізген «Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастар саласын құқықтық реттеу: жай-күйі және даму мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында талқыға түсті. Аталаған шарада этносаралық және дінаралық қатынастар саласындағы заңнамаларды жетілдірудің жайы мен алдағы міндеттерді айқындауға қатысты мәселелер жан-жақты қарал­ды. Қазақстанда этномәдени әр­түрлілікті сақтау және жаң­ғырту жөніндегі теңгерімді мем­лекеттік саясат жүргізіліп келеді. Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, елімізде барлық ұлт өкілдерінің қажеттіліктерін қанағаттандырарлық жағдай жасалған және этносаралық қатынастар үйлесімділігі сақталған. Ол бірнеше рет халықаралық ұйымдар, соның ішінде, ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар жөніндегі комиссары тарапынан ерекше аталған. Басқа ұлт өкілдерінің аза­маттық, саяси-эконо­­микалық, әлеуметтік-мәдени құқықта­рының сақталуы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және өзге елдерге үлгі де бола алады. Сондықтан да соңғы үш жылда шетелдiк сарапшы топтар, әртүрлi елдердiң ғалымдары мен дипломаттары этносаралық келiсiмдi қалыптастырудағы Қазақстанның тәжiри­бесiн үйрену үшiн ҚХА Хатшылығына 60-тан аса өтiнiш жiберген. «Мемлекет басшысы негiзiн қалап берген этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келiсiмнiң қазақстандық үлгiсi брендке айналды. Бұл бренд елiмiзде ғана емес, шетелдерде де кең таныла бас­тады. Соңғы үш жылдың өзiнде ғана Ассамблеяның хатшылығына осы қоғамдық келiсiмдi ны­ғайтудағы Қазақстанның тәжi­рибесiн үйрену үшiн шетелдiк сарапшы топтардан, шетел пар­ламенттерiнен, әртүрлi елдердiң ғалымдары мен дипломаттарынан 60 өтiнiш түскен», – дедi Зәуреш Баймолдина. ҚХА халықаралық ШЫҰ, ЕАЭО, АӨСШК сияқты халық­­­аралық ұйымдармен ынтымақ­тастық­ты бiр iзге салу жөнiнде тиiстi шараларды жетiл­дiре түсуi керек. «Осы жылдың сәуiрiн­де өткен ҚХА-ның ХХІІ сес­сиясында Мемлекет басшы­сы осы ынтымақтастық мәсе­лесiне ерекше тоқтал­ды. Елбасы тапсырғандай, Қазақстан халқы Ассамблеясы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серiктестерiмiзбен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету жөнiндегi жұмыстарды бiр iзге салуы керек», – дедi З.Бай­молдина әрі қарай. Оның мәліметіне қарағанда, Әдi­лет министрлiгi елiмiздегi заң жобалау жұмыстарының үйлестiрушiсi болғандықтан, «100 нақты қадам» Ұлттық жобасын жүзеге асыруға қажеттi заңнамалардың қабылдануы саласында желiлiк кесте құрған. Қазiргi таңда тамыз айының соңында Парламент қарауына енгiзiлетiн 52 заң жобасы бар, «100 нақты қадамды» жүзеге асыруға қатысты тағы 11 заң жобасы 2016-2017 жылдары әзiрленетін болады. Бұдан кейін сөз алған Пре­зидент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясының сектор меңгеру­шісі Нәзипа Шанаи еліміз Конституциясы әрбір азаматтың құқығын ескерген, теңдік пен әділдікті ту еткен, міндет пен жауапкершілікті қатар жүктеген заңнамалық құжат екендігіне назар аудартты. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессия­­сында Мемлекет басшы­сы Конс­титуцияға негізделген заңдық кепілдіктің негізінде баршаға біртұтас ұлт қалыптастыру мәселесін көтергендігін де ортаға салды. Сондықтан да бес институттық реформаның басты мақсаты – болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру. «Мәңгілік Ел» болу Қазақ елінің ең асыл мұраты десек, оған бізді бастайтын бірден бір жол – бірлік. Тәуелсіздіктің тұғыры да, келешектің кепілі де бірлік. Сондықтан да бағдарламаның ел бірлігі мен қоғамдық келі­сімді әрі қарай нығайтуға бағытталған алты нақты қадамды қамтитын жеті мемлекеттік орган жұмылдырылған отыз үш нақты жобаны іске асыру жоспарланған төртінші бағыты бір тектілік пен бірлік деп аталды деп атап өтті Нәзипа Ыдырысқызы. – Осы бағыт бойынша атқарылатын іс-шаралардың негізгі іске асырушы тетігі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы белгіленіп отыр». Парламент Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова өз кезе­гінде Қазақстан халқы Ассам­блеясының тарихына қысқаша тоқтала келіп, қоғамдық-саяси мәртебеге ие болған аталған құрылымның Конс­титуциялық органға дейін өскендігін зор ілтипатпен жеткізді. «Ассам­блеяның негізгі мақсаты – этнос­аралық келісімді қамтамасыз ету, – дей келіп депутат, – ал міндеті – қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін жағдай жасау. «Ел бірлігін нығайту қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар. Елімізде барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған», – деді ол. Этносаралық және дінара­лық қатынастар саласындағы халықаралық стандарттар мен шетелдік тәжірибе жөнінде сөз қозғаған Орталық сайлау комиссияның мүшесі, профессор Марат Сәрсембаев бірқатар халықаралық стандарттарды атап берді. Бұл ретте ол Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 22-ші бабында «әрбір мемлекет аз ұлттың өз мәдениетін, дінін және ана тілін қолдануына еш кедергі келтірместен, барлық жағ­дайды жасауы тиіс», деп көрсетілген ережесі елімізде қолдау тауып отырғандығы туралы ойымен бөлісті. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша еліміздегі этносаралық қатынастар саласындағы заңна­маны жетілдіруге қатысты ұсы­ным әзірленді. Онда қазақ­­стандық біртұтастықты нығай­ту, мемлекеттік жас­тар саясатын жетілдіру, қазақстандық патрио­тизмді дамыту, бес институттық реформа төңірегіне жұмылдыру сияқты ғылыми негізделген ұсыныстар көрініс тауып отыр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».