Өнер • Бүгін, 08:30

Уақыт жаңғырығындағы үнсіздік

0 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр Орталық музейде Хәкім Наурызбаевтың 100 жылдығына, Молдахмет Кенбаевтың 100 жылдығына, Николай Хлудовтың 175 жылдығына, Евгений Сидоркиннің 95 жылдығына, Еркін Мергеновтің және Төлеген Досмағамбетовтің 85 жылдығына арналған «Уақыт жаңғырығы» атты есеп беру көрмесі ашылды. Онда Алматы қаласының суретшілері, басқа да өңірлерден келген суретшілер туындыларымен қатысты. Көрмеге 112 жұмыс қойылды.

Уақыт жаңғырығындағы үнсіздік

Асқар Ахаман. Үнсіздік. Кенеп, майлы бояу

Ал А.Ахаманның «Үнсіздік» картинасында адам бейнелерінің пластикасы архаикалық тотемдер мен тастан қашалған пұтқа ұқсас. Кар­тинадағы фигуралардың орналасуы ритуалды қимылда, уақыт бейнелен­бе­ген мифологиялық кеңістік көрсетіл­­ген. Адам баласы пайда болғанда бірін­­ші сөз болды ма, жоқ әлде қимыл болды ма деген философиялық сауал әлі күнге өз жауабын таба алмай келеді. Дегенмен осы екеуінің де адам эмоция­сын білдіруші құрал екені анық. Бұл картина да осыны меңзейтіндей. Сөйлеу қабілеті дамығанымен, кейде адам баласы өзінің ішкі сырын айта алмайтын халге түседі. Картинадағы бүрсиіп, қолдарын төбесіне қойған фигуралардың артқы аясында ауыз орнына ішке қарай тістене жұмылған бір сызықты үлкен бас бейнеленген. Бұл шегіне жеткен үнсіздік – бүгінгі адамның жалғыздық күйі. Бүгінгі техногенді дәуірде адамдардың бір-бірімен байланысының әлсірей түскенінен де хабар береді.

Екі автор картиналарының «Үн­сіздік» деп аталуына қарамастан, Закир Аккалиде адамның жеке, экзис­тенциялды түрде бастан кешіретін ішкі күйі, ал Асқар Ахаманның жұ­мысында әлемнің архетиптік құры­лымы, тілге дейінгі, ұжым­дық күй ретінде көрініс тапқан.

Ж.Қайрамбаев «Ана Тәңірі», А.Абилхай мен Р.Айтмурзаевтардың «Құрбандық шалу» картиналары киелі мұрамен байланысты. Танымал кескіндемеші Ж.Қайрамбаевтың жазу тәсілінде қою түстер терең философиялық-символды мағынаға ие. Бұл жұмыстан алдыңғы туындыларынан көретін жолаушы сынды таныс кейіпкерлерді де кездестіреміз. Дегенмен Ж.Қайрамбаев өзінің ойын картинада жайып салмайды, оны адам­ға түсінуге, ізденуге, зерттеуге орын қал­дырады. Кеңістік шынайылықтан гөрі мистикаға толы немесе кейбір кейіпкерлерін қайталап, өмірдің адам жадысында өшпестей із қалдыратын сәттерін және оны адам санасында мәңгі қайталанып тұратынына меңзегендей. М.Нысанбаевтың «Ауыл тынысы» гра­фикалық жұмысы адамға тыныштық, әдемілік сезімін сыйлайды.

Б.Сейсенханұлы «Кешкі саяхат» картинасына батыл ашық түстер арқылы динамикалы және экспрессиялы сипат берген.

 с

Закир Аккали.
Үнсіздік. Кенеп, майлы бояу. 2025

Суретші Закир Аккали «Үнсіздік» картинасында басы мен иығы салбырап, ұнжырғасы түскен адамның қоршаған ортасынан қол үзіп, жалғыздықта қалған күйі бейнелеген. Бұл – нақты бір адамға қатыссыз, көңіл күйдегі «үнсіздік», өмірдің мәніне үңілген экзистенция­лы күй. Картинадағы көкшіл-сұр, жасыл-қоңырқай көмескі реңдер бейнені одан әрмен ауырлатып, меңіреу және мылқау сезімді күшейтеді. Ұнжырғасы түскен адам бейнесінің артқы аяғына қарап, нақты қай кеңістікте екенін анықтай алмаймыз, шынайы әлем мен мифтік шекаралық кейіпке меңзейді. Бояу түстерінің батылдығы, бедері, әдейілеп қалдырылған кедір-бұдырлары, ішкі күшті кернеп, үнсіз қарсылық сезімін арттыра түскен. Өз-өзімен тұйықтал­ған, сөйлеуден бас тартқан кейіпкер. Тыныштық оның өмір сүру формасына айналған және бұл үнсіздік – ішкі психологиялық күйдің белгісі. Адам өзімен-өзі жалғыз қалғанда үнсіздік халдегі жан дүниесінің күйін тасымал­даушысы дене мен пішін болмақ.

 

с

Бақыт Сейсенханұлы.
Кешкі сая­хат. 
Кенеп, майлы бояу. 2025

Суретшілердің саусақ ұштарымен сезініп жүннен басылып, гобеленде тоқылып, керамикада жасалып, линогравюрада ойылатын дәстүрлі мате­риалдармен орындалған шығармалары көрме тұжырым­дамасында заманауи мәнге ие болған. Қолмен ұсталатын дә­с­түрлі материал­дар адам сана­сының те­реңін­дегі естелік­тер­ді қайта оят­қан­­дай. Айталық, композиция­лық, түстік, тақырыптық шешімі ұлттық нақыштағы М.Зей­нелханның кестелі өнері бүгінгі заманға лайық қабылданады. Кесте тігу тәсілдерін керемет үйлестірген «Бұғалық» жұмысы әлемді дөңгелене тұйықталған композицияда мәңгі қоз­ғалысты символды мәнде кестелеген. Терең философиялық ойдың тұңғиығына түспестен, өмірдің шынайы қозғалыс шеңберіне түскендей боласың.

Б.­Жұмабаев­тың «Әжейлердің өр­кеші» жұмы­сында әжесінің арқа­сында отыр­ған кішкентай бала тауға шық­қандай бәрінен биік, жұмыр жер мен аспанның біріккен көк­жие­гінен көзін тігіп, бар әлем­ді әжесінің арқа­сынан көрген­дей сәтті керемет бере білген.

 

с

Бекжан Жұмабаев. «Әжейлердің өркеші».
Кенеп, майлы бояу. 2025

Осы көрмеде әлеуметтік сыни тақырыпты әжуа (гротеск) жанрында жазған ерекше жұмыстың бірі – О.Есен­бековтің «Тегін палау» картинасы. Табақтарын тегін палауға созғандар кезекке де, тәртіпке де қарамастан тегін таратылған палауға ұмтыл­ған адамдардан бүгінгі мораль, этикет, тәрбие деген құн­ды­лықтардың деңгейін көре­міз. Композицияның ортасында тұрған палау таратушы басқалардан үлкен әрі қолда­рын созғандарға масаттана қарайтындай. Картинаның беті тек адамдардың бер-бер де­ген кел­бетіне толған, ол арқылы суретші қоғамдағы ашкөздікті көрсеткісі келсе керек.

Сонымен, көрмеге қойылған жұмыстардың тақырыптары мен материалына, тәсіліне жасалған талдау бойынша туындылардың бейнесі айқын, авторлық позициялардың да бейтараптығы бұл жұмыстардағы дәстүрді сақтау мен оны көркем пайымдау шекарасы неде, қайда деген сауал туады. Көптеген жұмыстардан академиялық дайындық, яғни тұрақты пластикалық жазу мәнері көрінеді. Ал тұрақтылық суретшінің сақтығымен пара-пар келеді, бұл дегеніміз суретші үшін маңызды эксперименттер мен суретшіге тән қырағылықты төмендете түсері де анық. Ол әсіресе пейзаж жанрындағы, сюжетті композициялы жұмыстардан айқын көрінеді. Кейбір жұмыстарда эксперимент жасауға деген тәуекелден аулақ, бейнелеудің тәжірибесінен өткен әдістерді қолданады. Көрмеге қойылған жұмыстарында заманауи бейнелер метафораларға ұқсас көрініс тапқан. Қоғамдағы шиеленістер жоқтың қасы, сондықтан суретшілер түрлі тарихи тақырыптарға, символдарға оралады. Бұл бүгінгі өнердегі көркем ойлау ерекшелігін көрсетеді. Содан барып суретшілердің тақырыпқа көп көңіл бөлетінін және ұсынған жұмыстарда формалды тұрақтылық басым деген қорытындыға келеміз. Дәстүр мен архетиптік мотивтерге қайта оралу маңызды көркемөнердің ресурс­тары болғанымен, кейбір жағдайда авторлық мән-мағына беру керек болады. Жалпы, Суретшілер одағының былтырғы «Уақыт жаңғырығы» есеп беру көрмесінің ерекшелігі – ешқандай шиеленіске құрылмаған, ішкі көңіл күй тұрақтылығы. Суретшілер пайым­дау мен арақашықтықты саналы түрде сақтап, өткір ойларды айтудан кідіргендей. Тұрақтылық, тыныштық, үнсіздік – көрменің айтатын ойы.

 

Қалдыгүл Оразқұлова,

өнертанушы 

Соңғы жаңалықтар

Қаратау қазынасы қисапсыз емес

Экономика • Бүгін, 08:55