Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Серіктестіктің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы Конституциямыздың жаңа жобасы елдіктің мәртебесін көтеріп, халқымыздың бірлігін нығайтып, болашағын бекемдеуге бағытталған маңызды құжат екенін тілге тиек етті.
«Ата заң жобасының аңдату – преамбуласынан бастап, мемлекетіміздің біртұтастығы мен мызғымастығын айшықтайтын маңызды сөздер жазылды. Егемендік пен тәуелсіздіктің орны бекемделді. Қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі екені айқын жазылды. Осы жобаны талқылаған комиссияның құрамындамын. Ол жерде тәжірибелі заңгерлер мен ғалымдар, түрлі саланың білікті мамандары тізе қосып еңбек етіп, Ата заң жобасын жан-жақты сараптап әзірледі», деді Д.Қамзабекұлы.
Сондай-ақ бас директор әлеуметтік желіде әртүрлі алыпқашпа әңгімелерді таратып жатқан жазбалардың негізсіз екенін айтып, баспасөз осы мәселені парасатты, білімді мамандарға, ел сыйлайтын зиялыларға мінбер бере білуі керектігін еске салды.
«Өздеріңіз де жоба мәтінімен алғашқылардың бірі болып таныстыңыздар. Онда біртұтас халық, байырғы қазақ жері, Ұлы даланың мыңжылдық тарихы, мемлекеттің унитарлық сипаты мен тұтастығы, «Әділетті Қазақстан» идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді бірлігімізді нығайтып, болашағымызды айқындайтын тұжырымдамалық ұғымдар қамтылған. Бұның бәрі мемлекетіміздің заңдық негізін қалыптастырып, бекітеді», деді ол.
Жиында бас директордың бірінші орынбасары Виктор Пряников «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты басылымдар жаңа Конституция жобасын халыққа таныстыру мен насихаттау жолында жұмыла еңбек ету керек екенін айтты. «Бұл – біздің еліміздің тарихындағы жаңа бетбұрыс. Сол арқылы біз даму мен өркендеудің жаңа кезеңіне аяқ басамыз. Бұл біздің бәрімізден жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды талап етеді», деді ол.
Сондай-ақ жиында серіктестік бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет, бас директордың орынбасары – Алматы басылымдарының жетекшісі Бағашар Тұрсынбайұлы, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Іскендерұлы, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаев сөз алып, Конституциялық реформаның ел өміріне әкелетін өзгерістері жайында ойларын ортаға салды.
Бас қосуға онлайн жүйесінде Алматы басылымдарының қызметкерлері, өңірлердегі меншікті тілшілер де қатысты.