Өнер • 05 Ақпан, 2026

Шерхан Мұртаза – Колбин – Гамлет

270 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1989 жыл. Алматыдағы Жастар театрында Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» драмасы қойылады. Режиссері – Райымбек Сейітметов. Замана зобалаңын сахнадан көреміз деген халықтың ынта-ықыласында шек болған жоқ. Аншлаг. Содан жұрт назары ауған спектакльді республика басшылығына көрсету жөнінде идея туады. Ақыры театрға Орталық комитеттің бірінші хатшысы Геннадий Колбин келетін болады...

Шерхан Мұртаза – Колбин – Гамлет

Осы тұста ой кідіртейік. Өнер табиғаты – үйретуші емес, ұсынушы. Ол бізге айна ұсынады. Одан өзімізді көреміз. Көңілімізде көлегейленіп қалған «мәтіндерге» сәуле түсіріп оқимыз. Дәтіміз шыдаса, әрине. Ал премьерада отырған Геннадий Колбин ішіндегі мәтінін қалай оқыды екен? Айнаға батыл қарай алды ма?

Ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мәдениет және өнер секторының меңгерушісі Сауытбек Абдрахманов болатын. Бәрі жоспарланған, ойластырылған. Шымылдық жабылады. Көрермен қол соғады. Колбин театр директорының кабинетіне барады. Басты рөлді сомдаған актерлермен қол алысады. Бірер ауыз пікірлеседі, ұжымға алғыс айтады. Бірақ мұның ешқайсы да болған жоқ. Неге? Әрі қарай Сауытбек ағаның өз аузынан естігеніміз бойынша жалғастырайық:

«Көрсетілім­ге жауапты адам ретінде бірінші қатардың ең шетінен өзіме орын қалдырып қойғанмын. Бір көзім сахнада, бір көзім Колбинде. Қырынан көз саламын. Бірнеше рет көрген спектаклім ғой, біраздан кейін сахнадан гөрі Колбинге көбірек қарай бастадым. Жанындағылар, артындағылар оның жүзіне олай зер сала алмайды. Әй, дегенмен тегін адам таз бола ма, сонша саңылаусыз емес екен. Көп өтпей-ақ бәрін түсінді. Сахнада Сталин мен Голощекин жүргенімен санада Горбачев пен Колбин тұрғанын да, өзінің бұл спектакльге неге шақырылғанын да түсінді. Эмоциясын жасыра алмайтын кісі еді. Қабағы түйілді, беті қусырылды. Ішіндегі алай-дүлей хәлі жүзінен бір-ақ көрінді. Спектакль соңынан қол соққан да жоқ, режиссерге де, драматургқа да ештеңе айтпады. Үн-түнсіз көлігіне отырып, кетті де қалды».

сталин

Ш. Мұртазаның «Сталинге хат» драмасы. Сталин рөлінде Райымбек Сейітметов

Осы жағдай «Гамлет» трагедиясындағы бір сахнаны еске салады. Дат елінің королі бауыры Клавдийдің опасыздығынан опат болады. Зымиян інісі патшалықты өзі иемденіп, жесір жеңгесін арбап алады. Әкесінің шын мәнінде қалай қаза болғанын тақ мұрагері Гамлеттен жасырады. Алайда марқұмның аруағымен тілдескен баласы Клавдийдің кәззаптығын іштей болжап жүреді. Бірақ тап басып айта алмайды. Сонда ол өзгеше бір амал табады. Сарайға сырнай-кернейін сүйреген әртістерді алдырады һәм оларға бұрынғыдан өзгеше қойылым қоюды тапсырады. Тақ мұрагерінің тапсырмасына олар, әлбетте, ләпбай айтысады. Сонымен патша сарайында театр қойылымы. Алдыңғы қатарда – Гамлеттің шешесі мен өгей әкесі Клавдий.

король

Актерлер әлдебір патша мен патшайымның оқиғасын бейнелейді. Екеуі бір-біріне ізет білдіріп, құшақтасады. Зайыбы ерінің алдында тізе бүгіп, өзінің адалдығына ант береді. Сонан соң шым үстіндегі төсектеріне барып жатады. Ол ұйықтаған соң әйелі кетеді. Ізінше патшаның бауыры келіп, корольдің басынан тәжін алып, құлағына у құяды да, кете барады. Патшайым қайта келгенде өліп жатқан патшаны көріп, аласұрады. Екі-үш қабіршіні ертіп улаушы қайта оралады. Ол әйелдің қайғысына ортақтасқандай ишара қылады. Әртістер өлікті алып кетеді. Улаушы патшайымға  сыйлық ұсынады, оны баурай бастайды. Әйел әуелде бұның құмарлығын құптамай ашуланады, ақырында райынан қайтып илігеді.

Қойылымның өзі туралы екенін ұққан Клавдий орнынан тұрып кетеді. Ойынды тоқтатып, Гамлетке шүйлігеді. Ол болса мүлде саспайды. Себебі сезікті адам бірінші секірмей ме?

«Бұл өзі шылғи шіріп жатқан айла-шарғының әлегі. Онда біздің не шаруамыз бар?! Ұлы мәртебелім, бұның бізге, біздің тап-таза ар-ұятымызға ешқандай қатысы жоқ. Жауыр мастектің жарасына қатты батса, сол-ақ жүресінен жата қалсын. Ал, біз болсақ, ондай жауыр-жарақаттан аманбыз», дейді Гамлет.

гамлет

Осы сәтте тақ мұрагерінің күдігі расталады. «Сталинге хатты» көріп отырған Колбиннің әрекеті де осыдан айнымады. Сондағы Гамлеттің ішкі кернеуі Шерханның да шері болып төгіледі:

«Спектакльге Колбиннің өзі келді. Міне, қаһарлы шақ. Қорқынышты ма, жоқ па? Оның нөкерлері де келді, көрді. Халық деген көп. Колбиннің қабағы салбырап түсті, тістенді білем, кім біледі, тісін шықырлатқан да шығар, бірақ ләм демеді, не болса да ішінде кетті. Міне, мүмкін сол сәтте ойға қалған шығар, мына халықпен ойнауға болмайтынын ойлаған шығар. Кім біледі, тағдыр ма, жазу ма, елде халықтың қарғысы ма, Қазақстаннан кетті, көп ұзамай дүниеден қайтты. Әйтпесе соншалықты басы жерге тиіп тұрған жан емес еді». Райымбек Сейітметов хақында жазылған мақаласында Шер-ағаң осылай дейді.

Жазушы қойылымдағы Ғабит Мүсіреповтің аузына мынадай сөз салады: «Үнсіз қалу да жарамас. Лақ-екеш лақ та бауыздарда тұяқ серпіп қалмаса па?». Ал Шекспир өзінің Гамлетін былай сөйлетеді:

«Жаралы марал өкірмек,

Жарасыз марал секірмек».

Иә, жаралы маралдың жан дауысын кімдер естіп жатыр? Аянышты хәлін кім көріп жатыр? Әлпетінде әділет сәулесі жоқ жанның естігісі келмейді, көргісі де жоқ. Ал өнер сол шындықты қинап отырып көзіне көрсетеді, құлағының түбінде ойнатады. Тұп-тура Гамлеттің әртістері мен Шерханның «Сталинге хаты» сияқты.

гамлет

Айтқандай, ізін пышақтап, тыңшылық жасап жүрген Гильденстернді Гамлет шақыртып алып, сыбызғы тартуын өтінеді. Ол оны мүлде тарта алмайтынын, тіпті қолына ұстап көрмегенін айтып, басын ала қашады. Сонда Гамлет:

«Қарапайым сыбызғының сырын білмей тұрып, менің жанымның пернелерін тапқыңыз келе ме? Сонда қалай, сырымды ашпақ сыбызғыдан жеңіл ме? Мені қандай аспап десеңіз де, еркіңіз білсін, күйімді бұзуыңыз мүмкін. Бірақ, Сіз мені сайрата алмассыз», деп бір-ақ қайырады.

Кім білсін, Колбин де қазақ халқының көңіл пернесін ешқашан таппайтынын сол кезде түсінген шығар.

Соңғы жаңалықтар