13 Мамыр, 2015

Қан тапсырған жанды қаһарман деуге болады

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздің денсаулық сақтау және білім беру саласының жұмысын жандандырып, серпін берген «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында ашылған қан орталығы бүгінде жылына 15 мың литр қан дайындауға мүмкіндігі бар. Орталық дүниежүзілік стандартқа сәйкес жаңа құрал-жабдықтармен жасақталған. Өткен жылы бұл орталықта 16773 адам қан тапсырса, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бұл сан 4964-ге жетіпті. Яғни, қан тапсырушылар саны артып келеді деген сөз. _MGM0015 Ғалымдардың жүргізген зерт­теулері қан тапсыру адам ден­сау­лығына зиянсыз екенін дәлелдеген. Тіпті, қан тапсыратын адамдар қан тапсырмайтын адамдарға қарағанда инфаркт, ишемиялық аурулармен он есе сирек ауыратыны анықталған. Бірақ бұл жұмыс әр адамның өз еркі, санасына байланысты ғой. Мысалға, Америка халқы қан тапсыруды өзінің азаматтық парызы санайды. Бұл арқылы өзінің жақынын, тіптен мүл­дем танымайтын адамдардың өмірін сақтап қалуға болатынын жақ­сы түсінеді. Ғаламтордың арнайы сайттарында донорлық қан беру ар­қылы адамның өмірін сақтап қалған жандар туралы мақалалар жиі беріліп тұрады. Содан болар қан тапсыру көптеген отбасылардың дәстүрлі тір­лігіне айналып кеткен. Тіпті, бұл ел әр жылдың қаңтарын ұлттық донорлық ай ретінде жариялаған. Статистикалық мәліметтерге сүйен­сек, Еуропа елдерінде тұратын 1000 адамның 40-ы, Америкада 60-ы қан тапсырумен белсенді шұғылданады. _MGM0019 Сондықтан, біздің елде де бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін түрлі мекемелерге хат жазып, елдің санасына түрткі салып, ұжыммен келісіп, мейлінше оң нәтиже шығаруға күш салу қажет. Жақында АҚШ-тың Пьюджет Саунд қан орталығының жұмысымен таныс­тым. Ол елдің заңы бойынша қан орталықтары коммерциялық мекеме болып саналмайды. Әйтсе де барлық шығындарын емдеу мекемелері тарапынан донорлық қанға төлеген қаражаттармен жауып отыр. Бір қарағанда Вашингтон штаты, Сиэтл қаласында орналасқан бұл қан орталығының біздің елдегі осындай мекемелерден айырмашылығы жоқ. Құрылымдық жағы да бірдей. Дәл біздегідей ауруханалармен жұмыс істеу бөлімі, оқу орталығы, ғылыми орталық, донордың денсаулығын тексеру бөлімі бар. Жұмыс барысындағы кез келген қателіктер жасырылып, жабылмайды, міндетті түрде тіркеледі. Оны арнайы мамандар жіті тексереді. Содан болар барлық қызметкерлер жұмыс процесінің өте сапалы болуы­на, құрал-жабдықтардың бұзылып қалмауына қатты көңіл бөледі. Тағы бір айтатыны, донорларды көптеп тарту мақсатында автоматты телефон стансасы орнатылған. Бұл станса жылына 3 миллион адамға қан тапсыру жөнінде ақпарат береді. Пьюджет Саунд қан орталығының бізге берген мәліметтеріне қарағанда 900 мың адам стансаның қоңырауларына жауап қатады екен. Және оның 300 мыңнан астамы қан тапсыруға келеді. Қан тапсыру – бұл өмір сыйлау. Қан тапсырып, бір науқасты ажалдан аман алып қалған жанды қаһарман деу­ге де болады. Қазақстанда да соңғы жыл­дары денсаулық сақтау саласы­на көп көңіл бөлініп, түрлі озық үл­гілі медициналық құралдармен жаб­­дықталуда ғой. Енді тек елдің са­на­сын сілкінтіп, осынау игілікті іс­ке жұ­мылдыру шараларын өрістету қажет. _MGM0012 Эльмира ОСПАНОВА, Жамбыл облыстық қан орталығы директорының орынбасары. Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.