Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында мемлекеттік қызметті жаңарту көзделді. Оны іске асыруға алғашқы 15 қадам арналып отыр. Мемлекет басшысымен және Ұлттық комиссиямен мақұлданған 15 қадамды іске асыру мақсатымен енгізілгелі отырған жаңалықтар туралы газет тілшісіне Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Марат АХМЕТЖАНОВ әңгімелеп берді.
– Марат Мұратұлы, Мемлекет басшысымен белгіленген 5 реформаның алғашқысы «мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге» арналып отыр. Мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге қатысты мәселенің халыққа тиер пайдасы неде? Бұл тек мемлекеттік қызметшілерге қатысты ма?
– «Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру» атты бірінші реформа ел экономикасындағы барлық саланың дамуына ықпалын тигізетіні күмәнсіз. Себебі, қандай да бір саланы немесе бағытты дамытуға үлесін қосатындардың бірі – мемлекеттік қызметшілер. Халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге, бастамашыл азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына немесе елімізге шетелдік инвестицияларды тартуға қолайлы жағдайлар туғызу, сонымен бірге, негізсіз әкімшілік кедергілерді болдырмау сияқты халыққа дербес, әрі оң ықпалын тигізетін мәселелер халық мүддесін көздейтін кәсіпқой, сыпайы, адал мемлекеттік қызметшілер ісімен оң шешімін табады. Міне, осындай себептер Ұлт жоспарындағы алғашқы реформаның мемлекеттік қызметті жетілдіру және кәсібилендіру мәселесіне арналуына ықпал етті.
– Ұлт жоспарында мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшуге назар аударылған. Осы орайда мемлекеттік қызметке орналасу үдерістері қандай өзгерістерге ұшырамақ?
– Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу дегеніміз, мемлекеттік қызметке алғаш кіргендер кәсіби қызметін тек төменгі лауазымнан бастайтын болады. Сондай-ақ, мансаптық сатымен жоғарылау төменгі лауазымдағы жұмыс тәжірибесі мен қажетті қабілеттің болу шартымен ғана мүмкін болып табылады. Яғни, жоғарыдағы лауазымдарға сырттан келіп тағайындалу іс жүзінде мүмкін болмайды. Мемлекеттік қызметтің мұндай үлгісі мемлекеттік аппараттың тұрақтылығына, сабақтастық салтының қалыптасуына және кәсіпқой мамандарды дайындауға ықпалын тигізеді.
Ал енді мемлекеттік қызметке конкурсқа түсу мәселесіне келетін болсақ, жаңа үміткерлер мемлекеттік қызметке 3 сатылы іріктеу жүйесі арқылы қабылданатын болады. Бұл үшін олар келесідей іріктеу кезеңдерінен өтетін болады. Біріншісі – заңнаманы білу деңгейін тестілеу және қабілет деңгейін анықтау. Екінші кезең – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде комиссиялық түрде өткізілетін әңгімелесу. Бұл әңгімелесу кандидаттың мемлекеттік қызмет маңыздылығына сәйкестігін, яғни жұмысының нәтижесі мен сапалылығына бейімделуіне сай сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеу деңгейін бағалау мақсатында жүргізіледі. Соңғы кезең – кәсіби біліктілік деңгейін анықтау мақсатында бос лауазымы бар дербес мемлекеттік органдағы әңгімелесу.
Осы кезеңдердің барлығынан сәтті өткеннен кейін мемлекеттік қызметке алғаш кіргендерге қойылатын міндетті талап – 3+3 формуласы бойынша сынақ мерзімінің тағайындалуы. Бұл ретте, алғаш кіргендерге сынақтан өту үшін 3 айлық жеке үйрену жоспары әзірленетін болады. Үйрену жоспарын орындауға көмектесу үшін тәжірибелі қызметкерлер арасынан тәлімгер бекітіледі. Ал егер сынақ мерзімінен өте алмаған жағдайда мемлекеттік органның басшысы сынақ мерзімін қосымша 3 айға созып мүмкіндік беруге немесе агенттікпен келісе отырып жұмыстан босатуға құқылы. Екінші үш айлық сынақ мерзім қорытындысымен теріс бағаланған мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылатын болады. Осылайша, мемлекеттік қызметке тек лайықты, қабілетті, адал мемлекеттік қызметшілер жіберіледі.
– Ұлт жоспарындағы 6-қадам бойынша еңбекақыны нәтижеге сай төлеуге көшу қалай жүзеге асырылады? Оның нақты тетіктері белгіленді ме?
– Жалпы, бұл мәселе бойынша негізгі бағыттар мақұлданды. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметшілердің жалақыларына қатысты мәселеге кейбір өзгерістер енгізілетін болады. Біріншісі – 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап факторлы-балдық саралау бойынша еңбекақы төлеу. Мұндай әдіс көптеген жетекші елдерде және халықаралық ұйымдарда енгізілген, сонымен бірге, 8 фактор негізінде барлық лауазымдардың бірыңғай шәкіл деңгейлері бойынша реттелуі көзделген. Ал 8 фактор дегенімізге қандай талаптар жатады? Олар – қызметкерлерді басқару; жауапкершілік; жұмыс дербестілігі; жұмыс өтілі; арнайы білімінің деңгейі; байланыс деңгейі; жұмыстың күрделілігі; қабылданған шешімдер салдары. Бұл факторлар қабілеттіліктің көлемін, атқаратын жұмыстың күрделілігін, жауапкершілік деңгейін ескеруге мүмкіндік береді. Қысқаша айтқанда, сыйақының дәрежесі мен лауазымның салмағын байланыстыратын болады. Нәтижесінде, бір санаттағы лауазымдардың жалақысы әртүрлі мөлшерде төленуі мүмкін.
Екіншісі – мемлекеттік қызметшілердің қызмет нәтижелілігін тұрақты түрде бағалау және қосымша бонус төлеу мәселесін енгізу. Барлық мемлекеттік қызметшілер тартылатын «Б» корпусы қызметшілерінің жұмыс сапасы олардың жылдық жеке жоспарының іске асырылуын бағалау арқылы жүргізіледі. Бағалау міндетті түрде саралау әдісі арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, жыл сайынғы бағалау қорытындысы бойынша қызметшілер төрт шартты топқа бөлінеді: өте жоғары, жоғары, қанағаттанарлық және төмен деңгейлер.
Бонустар тек алғашқы екі топ қызметшілеріне беріледі. Бірінші топтың мемлекеттік қызметшілеріне берілетін төлем мөлшері екінші топқа қарағанда біршама артық болады. «Қанағаттанарлық» немесе «төмен» топтарының қызметшілеріне қызмет ісін дамытудың жеке жоспары жасақталатын болады. Ал егер, қызметші екі жыл қатарынан төмен дәрежедегі нәтиже көрсетсе бос орын болған жағдайда оның лауазымынан төмендетілуі болмаса жұмыстан босатылуы мүмкін.
– Бағалау нәтижесі жұмыстан босатудың жаңа бір негізі болып табыла ма?
– Иә, өзіңіз білесіз, қазір қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшіні жұмыстан босатуға үш негіз бар. Олар –өз еркімен жұмыстан шығу, зейнеткерлік жасқа жету, мемлекеттік қызмет туралы және сыбайлас жемқорлықпен күресу салалары бойынша заң талаптарын бұзу. Ал енді, осылармен бірге бағалау нәтижесінде екі жыл қатарынан төмен баға алу да жұмыстан босауға жаңа негіз ретінде қарастырылмақ.
– Ұлт жоспарының 12-қадамында жаңа этикалық ережелерді енгізу көзделген. Мұның қазіргі мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінен қандай өзгешелігі болады?
– Өте орынды сұрақ. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейту мақсатында басты құраушысы болып мемлекеттік қызметте жаңа Этикалық кодекстің әзірленіп және оның заңнама деңгейінде бекітілуі дейміз. Жаңа кодекс тек мемлекеттік қызметтің құндылығы мен қағидаттарын ғана емес, сондай-ақ, қызметшінің қызметтегі және күнделікті тұрмыстық өмірдегі жүріс-тұрысын айқындағалы отыр. Бұл азаматтармен қарым-қатынасты, мүдделер жанжалын реттеу, бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынас және көпшілік алдында сөз сөйлеу тәртіптерін регламенттейтін болады. Ең бастысы – мемлекеттік қызметшілердің этика нормаларын сақтауын бақылау мақсатында әр мемлекеттік органда этика жөніндегі уәкілетті лауазымын енгізу жоспарлануда. Ал олардың қызметі агенттікпен үйлестіріліп отырады. Жалпы тәжірибеге сүйенер болсақ, сыбайлас жемқорлық заң бұзушылықтардың пайда болуының бірден-бір себебі – осы этика нормаларының бұзылуы. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер тарапынан этика нормаларының сақталуына және осы бағытта жауапкершілікті қатаңдату мәселесіне айрықша көңіл бөлінетін болады.
Әңгімелескен
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау.