Қоғам • Бүгін, 08:28

Атамның өнегесі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Зейнетке шығып, өткен өмірге көз салып ойлап қарасам, әр отбасында атаның орны бөлек екен. Біздің атамыз Үдербай баласы Смағұлды бүкіл ауыл сыйлайтын. Арабша сауатты, Құран кітабын жатқа оқитын және қолма-қол қазақшаға аударып түсіндіретін.

Атамның өнегесі

Елімізге келген ашаршылық кезеңінде жіптен ау тоқып, балық аулап, шағын Бесоба ауылының халқын аштықтан аман алып қалыпты. Есіл өзені мен Терісаққан өзенінің қиылысындағы шағын қарасу «Смағұл қарасуы» деп аталады. Қарасудың жиегінде өскен шоқ талдар алыстан көрінеді, өзенге жарасымды. Жағалауындағы қамыс-қоғалар кешкі күнге шағылысып түрлі түске боялып, желменен сыбдыр қағады. Судағы балдыры толқынмен тербетіліп тұрады. Өзен қасына барғанда тебіреніп, толғанып ерекше бір күйге түсемін. Жағасында өскен әр шөбіне сүйіспеншілікпен қараймын. Ондай тылсым табиғат басқа жерде жоқ сияқты болып көрінеді. Смағұл қарасуының суы – тап-таза, мөп-мөлдір. Қайықпен жүргенде, өзеннің түбі көрінеді. Өкінішке қарай, қазір таза өзендер азайып бара жатыр емес пе?

Атам Смағұл інім Сайран екеумізді еңбекке ерте баулыды. Қысы-жазы қолдағы малға қарау, қи ою, Есіл өзенінің жағасынан тал шауып, қысқа отын дайындау деген сияқты. Күзге қарай орақ дайындап, шөп шабуды үйретті. Сексеннен жасы асқанда үшеуміз қатар тұрып шөп шапқанда бізден әлдеқайда озып кететін. Сүйегі асыл, тың еді. Шағын ауылда біз қатарлы біраз бала бар еді. Бірақ олардың қолорақ пен шөп шапқанын көрген жоқпын. Атам айтатын, «заман бір қалыпта тұрмайды, осы үйренгендерің күндердің күнінде керек болады» деп. Біз айтқанын мүлтіксіз орындайтынбыз.

Ақырын ғана ақылмен сөйлейтін. Бізге берген тамаша өнегесі – балық аулауға тәрбиеледі. Сол тәрбиесі өмірлік дағдыма айналды. Балық десе ішер асымды жерге қоямын. Атам балыққа үлкен құрметпен қарайтын, Алланың берген ризық-несібесі деп білетін. «Балық аулайтын құрал-саймандар жастығыңның астында жатсын, ол сенен тамақ сұрамайды, бірақ күндердің күнінде керек болады» дейтін. Табиғаттың әр мезгілінде балық аулаудын өз тәсілдері бар. Маған ұнайтыны – мұз жаңа қатқанда, яғни «көкше мұзда» қармақ салу. Түсінген адамға ол бір тамаша көрініс. Айнала аппақ қар, таза ауа, құлақ шыңылдататын тыныштық, қармақ-жұтпаларды орналастырып қойып ойланып отырасың. Бір уақытта қармақта жалау белгісі көтеріледі, сен бала сияқты атып тұрып жүгіресің. Сырттан қарағанда күлкілі болуы да мүмкін. Бірақ есіл-дертің – қармақта, уақытында жетіп, шортан балықты сыртқа алып шықсаң, сенен бақытты адам жоқ. Керемет ләззат аласың, жаның рахаттанады. Осындай сәттер көп болса, біразға шейін көңілді, жайдары жүресің. Түсінген адамға бұл да – өмірдің тамаша қызығы. Күні бойы тоңғаның, таң атпай ұзақ жол жүріп, ерте келгенің, шаршағаның су сепкендей басылады. Осындай тамаша іске, кәсіпке баулыған атама алғысым шексіз. Атамның қолының табы қалған қармағын мен әлі күнге ұстап, пайдаланып жүрмін. Қолыма алған сайын атам есіме түседі.

Өмір шіркін осылай өтіп жатыр.

Ендігі арманым – немерем жақсы азамат болып, бабасы Смағұлдың ісін, өнегесін әрмен қарай жалғастырса екен.

 

Қабиболла Шаяхметұлы

 

Астана 

Соңғы жаңалықтар