Соңғы жылдары Қызылорда облысы үлкен құрылыс алаңына айналғандай. Аймақтың қай бұрышына барсаңыз да, жаңа нысандардың салынып жатқанын көресіз. Осының өзінен-ақ елдің экономикалық жағдайының артқанын, әлеуметтің әлеуеті өскенін байқауға болатындай. Мысалы, бір ғана биылдың өзінде Қызылорда облысында 83 нысан пайдалануға берілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге артық.
Бұл турасында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев былай дейді. «Облыстың жаңа келбетін қалыптастыратын өндіріс орындарын салуда қарқын бар. Атап айтар болсақ, Шыны зауытының құрылысы басталып, тиісті 33 миллиард теңге қаржы бөлініп, жобаның барлық мәселесі толығымен шешілді. Сондай-ақ, Қызылорданың сол жағалауын игеру барысында Азия Даму Банкімен 174 миллиард теңге қаржы бөлу туралы келісімдер жасалуда».
Қызылорда облысы құрылыс салу қарқыны бойынша республикада алдыңғы қатарға шықты. Бүгінде білім беру саласы бойынша 24 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін оның 20-сы ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар, осы жылы жетім балаларға қамқорлық жасау мақсатында «Балалар ауылы» пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласы бойынша 6 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 3-уі жыл соңында ашылады. Мәдениет саласы бойынша биыл 7 ауылдық клуб, кітапхана және мұражайдың құрылысы жүргізілуде. Спорт саласына келсек, жыл соңына дейін ипподромның және Бокс орталығының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, қаладағы Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы қайта жаңғыртылады. Бұған қоса, биыл Илья Ильин атындағы ауыр атлетика халықаралық орталығы мен 3 000 орындық жабық футбол манежінің құрылысы басталады.
Айта кету керек, тұрғын үй құрылысы өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артып отыр. Жақында 300 отбасы қоныс тойын тойлап, 6 тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 2090 пәтерлік 41 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.