Екібастұзға жолсапарға барған сайын Парамоновка ауылының тұсынан өтіп жүремін. Біртүрлі жүрегім ауырады. Мейрам аға көзі тірісінде: «Өзім алып барамын, ол ауылдың ағайындары бәрі менің туыстарым болып кетті. Моңғолиядан өзім алып келген соң», – дейтін. Баршагүл мен Дәуітхан ылғи да ойымда жүретін. Бір нәрсеге бір нәрсе себепші. Осы жақында «Ауылдың, мектептің аты өзгермей тұр...» деп ұзақтау жазылған хат келді. Оралман ағайындар тұратын Парамоновка ауылынан екен. Содан, келе сала таныстарымды іздедім.
– Баршагүл аман-есен осы ауылда. Жақын бөлімшеге ағылшын тілінен сабақ беруге кетті, – деді мектеп директорының орынбасары Гүлнәр Байезова.
Марқұм Мейрам Балтабайұлы әңгімешіл еді. Екібастұздың ауылдарын аралаған бір жолғы жолсапарымызда қасымызда жүріп, нағыз газетке сұранып тұрған тақырыптарға сай әңгімелердің шетін шығарып айта бастайтын. Содан кілт тоқтап екінішісіне көшетін. Сонда бәрін айтып үлгермейтінін білгендей екен. Оларды кейін бір келгенде жазарсың, сен әуелі мынаны тыңдашы деп, Моңғолиядан ағайындарды қалай көшіріп әкелгендері жайлы аңыздай ғып айтатын еді. Осы күнгі Бәйет ауылының әкімі Доқтырханмен де, Әділханмен де Мейрам аға таныстырған. Өмірден өтерін білгендей танысып қалсын деді ме екен. Осы айтпақшы болып отырған кейіпкеріміздің отбасы жайлы ерекше пікірде еді. Өзім алып барайын, олар Парамоновка деген ауылға көшіп кеткен. Моңғолияда орыс тілінен сабақ берген. Баршагүл мен Дәуітхандар жайлы жаз деуші еді. Сонда бір таңғалғанымыз бар. Әлгі, шет жақтан келген қазақтар білімсіз, бейімдеу керек деген түбірімен қате, білімділері бар. Мысалы, Баршагүл Свердловскіде, Дәуітхан Мәскеуде оқыған, Доқтырхан дегенің политолог, бұлар және шетінен «технарлар». Мәскеуде техникалық, медициналық оқу орындарын бітіргендер. Екібастұзға келген ағайындардың біразы орыс тілін жақсы біледі, – дейтін. Бірақ, әттең не керек, Дәуітханның отбасымен танысуға жол түспеді. Мейрам ағамыз кенеттен жүрегі ауырып, өмірден өтті. Өзімен бірге қаншама әңгімелер кетті. Әңгімелер дегенде-ұлтымызға, елдікке, қазақ тіліне, тарихқа қатысты жиған-тергендерді айтып отырмыз.
Енді, міне, қарсы алдымда Баян-Өлгейдің қызы Баршагүл отыр. Арғы аталары бір қауым елді бастап сонау дүрбелең жылдары Қытайдан Моңғолияға өтіпті. Кішкентайларынан атамекен деп аңсаумен ғұмыр кешкендер Баршагүл сияқты шетте өскен жастардың мәңгілік естерінде қалды. Алыста атамекен, Қазақ елі бар деген елес қана мұнартатын. Таудан ассақ жетерміз деген үлкендердің аңсары ауған атамекен ол кезде қандай алыс еді. Үйде ана тілінде сөйлеп өскендерімен, орта мектепті моңғол тілінде бітірді, моңғол балаларымен бірге ойнап, бірге ержетті.
– Мен 1979 жылы моңғол тілінде мектеп бітіріп, Улан-Батордағы шет тілдер институтына түстім. Орыс тілі пәнінің мұғалімі деген мамандық алдым. Ресейдің Свердловск қаласында білімімді толықтырып, жолдамамен Қобда ауданының Буянта деген ауылына келдім. Моңғолияда ол кезде шет тілі ретінде – орыс тілі оқытылатын. Сол жерде моңғол, қазақ балаларына орыс тілінен сабақ бердім. Әрине, көпшілік жұрт таңғалуы мүмкін. Өйткені, Моңғолиядан келген біздер туралы әртүрлі сөздер естіп жүреміз. Бірақ, бұл елдің сол кездегі саясаты солай болды ма, біздер қазақ балалары бәріміз де орыс тіліндегі үйірмелерге бардық. Орыс тілін білуге талпындық қой. Мұғалімдікпен қатар сумын дейді, біздіңше аудан, әйелдер ұйымының төрайымы, сумын депутаты болып сайландым. Буянта шалғайдағы ауыл саналады. Ауылдың, әсіресе, әйелдердің тұрмыс жағдайларын, көп балалы аналарға қолдау, денсаулықтарын жақсарту жолдары және жалпы қоғамдық жұмыстарға белсене араластым, – дейді Баршагүл.
Жастық күндерде, студент кезде таудың арғы бетіндегі Қазақ елі, атамекендері барын біле бастаған, түсіне бастаған уақыт та келіп жетеді. Қазақ жастары бас қосқан кештерде ән арқылы сағыныштарын басатын. Студент жастар бірлесіп, «Ұшқын» атты ұйым құрады. Қосыла ән шырқап, туған жер Атамекенді көруді, қазақтың ортасына жетуді жастар да армандай бастаған кез. Моңғолия жаққа қалай, неге келгендерін біліп алған соң, олар таудың арғы бетіне жетуге асыға бастады. Баршагүлдер құрған студенттердің «Ұшқын» ұйымының мақсаты – жастардың ана тілдерін ұмытпаулары, салт-дәстүр, жөн-жоралғыларды сақтап қалу еді.
Өйткені, әке-шешелері бір қауіптен қатты сақтанды. Ол қазақ отбасылары моңғолша, орысша оқыса да жастарымыз туған тілдерінен айырылмасын деген берік ұстаным еді. Еліміз тәуелсіздік алған күнді естігенде олардың көздерінде жас, жүректері атамекен деп соғыпты.
Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шеттегі қазақтарға «Отанға оралыңдар!» деген сөзі бойтұмардай жүрегімізге мәңгілік жазылып қалды. Елбасына ризамыз. Сол күнгі қуанышты сәтті, көз жасымыздың төгілген сүйіншілеген күйін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ұсынылған үлкен қызметтерге де, үй-жай, ештеңеге қараған да жоқпыз, атамекенге жетуге асықтық, дейді Баршагүл.
Бұлай дейтіні, жолдасы Дәуітханның мамандығы болса агроном. Ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметтер атқарды. Сол бір 1991 жылдың күзінде Францияда сарымсақтың жаңа түрі бойынша кандидаттық қорғауға бармақшы болса, Баршагүл ағылшын тілін оқып үйреніп, толық курсын бітіріп шығады. Өйткені, сол екі арада Қобдаға таудың арғы бетінен бірінен соң бірі жүк мәшиенелері келе бастайды. Марқұм Мейрам Балтабай бастаған екібастұздық әкімдік мамандарымен бұ жақтағы жұрт кәдімгідей дауыстап, жылап көрісіпті. Сөйтіп, көші-қон атамекенге жол тартты. Ол кезде Екібастұзда Даниал Ахметов әкім болып тұрған кез екен.
– Қазақ тілін жақсы білесің, – деп, Мейрам ағаны ағайындарды алып келетін топты басқаруға , алыс жолға аттандырған да Ахметов.
– Қобдаға жеттік пе дегенде, жүрек толқып, көзге жас келді. Бір минутта шыдап тұра алмадық, бізді құшақтаған қазақтың ой бауырымдап, көріскендері жанға қатты батты, – деп еді Мейрам аға.
– Алғашында Екібастұздың Өлеңті ауылына келдік. Үй берді. Қорамызға мал салды. Барлық жағдай жасады. Қазір өзіңіз көргендей Ақсу қаласына қарасты Парамоновка ауылында тұрамыз. Елге оралған ағайынмен орта толды.
Ауыл мектебінде ағылшын тілі пәнінен сабақ беремін. Баршагүл Баян деген аты-жөнім бар қарапайым мұғаліммін. Сіз сұрап отырған ғалым, агроном – жолдасым – Дәуітхан шағын жеке шаруашылығы бар, қиындықтар да болды, бірақ бәрін жеңді. Ал, көп тіл білгеннің артығы жоқ. Иә, ана тіліңе ештеңе жетпейді. Қызымыз Алтынай да – шет тілінің мұғалімі, ұлымыз Еркетай – заң маманы, Алтыннұр – психолог, үшеуі де жоғары оқу орындарын бітірді. Кезінде Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын моңғолша оқыдым. Қазір өз тілім – өзегім, өз жерімдемін, балаларымызды ата-баба аманат еткен-атамекенге жеткіздік. Бұдан басқа арман жоқ. Кенже ұлымыз Исатай атамекенде туды, ұрпақ жалғасы, «Ұшырған ұясынан балапан қаз» деген осы, – деді Баршагүл қоштасарда.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы,
Парамоновка ауылы.