26 Маусым, 2015

Қабақтағы қайғылы оқиға

449 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жаз мезгілі туысымен ақ құм, алтын жағалаулы теңіз жағасы нағыз таптырмас демалыс орны. Алайда, осы теңіз түбіне қанша жан жұтылып, қаншама қайғылы-қанды оқиғалар орын алып жатыр десеңізші... Дерек көздері жаз басталысымен Каспий теңізіне 7 адамның суға кеткен­­­дігін айтуда. Бүгінгі күнге дейінгі соңғы қай­­ғылы оқиға 21 маусым күні Ақтау қала­сынан 25 шақырым қашықтағы «Шора» жағалауында тіркелді. Осы күні бір отбасының 17 және 21 жастағы екі бірдей баласы суға кетті. Тайыз болғанмен, ағысы қатты Шора қауіпті аймақ саналады. Солай бола тұра оған суға түсу үшін келушілер саны азаймайды, суға батып кетушілер оқиғасы бұрын да тіркелген. Бұл жолы қайғылы оқиғаға душар болған ағалы-інілі екі азамат Мұнайлы ауданының тұрғындары екен. Суда құтқарушылардың айтуына қарағанда, ең алдымен біреуі батып бара жатып, екіншісінен көмек сұрапты. Сол мезетте жандәрмен жәрдем көрсетуге кіріскен екіншісі де суға батып кетеді. Дәл осы кездерде теңізде арна бойымен өтіп жатқан ағыс қатты болса керек. Алайда, бұл туралы ақпарат құтқару бекетіне кеш түскен. Мамандар бірден іздестіру жұмыстарына кірісіп, бірнеше сағат ішінде інісінің ғана денесін табады. Ал ұшты-күйлі жоғалған ағасы іздестірілу үстінде, әзірге нәтиже жоқ. Мамандар бұл өңірдің суға түсі үшін қауіпті екендігін ұғындыратын арнайы белгілердің тұруына қарамастан, тұрғындардың суға түсуге жиі келетіндігін айтуда. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.