Қазақтың төл мәдени ерекшелігіне жататын қошқармүйіз, ботамойын, түлкібас, құсқанат және тағы басқа оюлары – көшпелілер өркениетінің бірден-бір көрсеткіші. Зер салып қараған жан ою-өрнектерден өсіп келе жатқан, ұшып бара жатқан немесе алға жылжушы құбылысты аңғарады. Демек, бұлар дамудың белгісі десек қателесе қоймаймыз. Халқымыздың ұлттық коды ою-өрнектердің мазмұнында деуге толық негіз бар.
«Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді» деген Президент сөзінің дәлелі осы шығар.

Қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енгені туралы шешім 11 ақпанда өткен ИСЕСКО Ислам әлемі мұралары комитетінің 13-сессиясында қабылданыпты. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл туралы:
«Ою-өрнек – мәдени бірегейлігіміз бен тарихи сабақтастығымызды нығайтуға ықпал ететін негізгі этномәдени код.
Ою-өрнектің ИСЕСКО-ның беделді тізіміне енуі – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетудегі маңызды қадам.
Бұған дейін, яғни 2023 жылы ИСЕСКО тізіміне түркі өркениетінің басты нышандарының біріне айналған дәстүрлі «Тоғызқұмалақ» ойыны қосылған еді.
Президенттің Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларына сәйкес, Қазақстанның мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО және ИСЕСКО тізімдеріне енгізу жұмысы жалғасады», деп мәлімдеді.
Мәселен, қошқармүйіз оюы қазақ халқының бүкіл тыныс-тіршілігін танытады. Кей қолданыста ол қырықмүйіз, сыңармүйіз, арқармүйіз болып түрленіп отырады. Қошқармүйіз төрт тармақтан құралып, ортасындағы айқыш дүние тепе-теңдігін көрсетеді. Бұлардың құпиясын ашып, технологиялық жетістіктермен қабыстыра алсақ, ұтарымыз көп.