Ахмет пен Бадрисафа портреттері музей төріне қатар ілінді
Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қаладағы қазақ-орыс зиялыларының көптен бірге жиналғаны осы болды. Басқосу өтетін фойеде Ахмет Байтұрсыновтың жергілікті суретші Николай Торшин салған портреті сүйеп қойылған. Көк түстен костюм, ақ көйлек киген, көзінде көзілдірігі бар Ахмет еңсесін еркін тастап қарап отыр. Маңдайы кере қарыс, ойға шомған ұлы адамның көзінен мұң да сезілетіндей. Алдында кітап ашулы жатыр, дәуіттегі сияға батырылған қаламсабы ақ парақтың бетімен жүйтки жөнелетіндей. Бұл суретті Николай Васильевич тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары салған болатын.
– 90-шы жылдардың ішінде Ахмет Байтұрсыновтың 125 жылдығы аталып өтті. Сонда мені осы тақырып қатты қызықтырды. Өзім Ахмет туралы газеттерде жарияланған материалдарды тауып оқыдым. Ғалым, күрескер әрі өктем саясат қиянатын көп көрген, әрі соның құрбаны болған тұлғаны мен өз қиялымдағы Байтұрсынов бейнесінде алып шықтым. Бұл портрет мамандар тарапынан жақсы баға алды, – дейді Николай Торшин. Ахметтің бұл суреті облыстық тарихи және өлкетану музейінде сақтаулы тұрған.
Өткен жылдың аяғында Қостанайда “Бадрисафа” экспедициясы құрылған болатын. Ол Ахаңның аяулы жары, 30-шы жылдарғы саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны Бадрисафа (Александра) Байтұрсын келінінің өмірін зерттеп, жерленген жерін іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Осы экспедицияның жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Римма Бектұрғанова Николай Васильевичке Бадрисафаның суретін салуға кеңес берген еді. Бұл орайда суретшінің біраз ізденуіне тура келді. Мұны ол Ахмет тақырыбының жалғасы деп қабылдап, ол Бәдрисафа туралы естеліктерді ақтарды.
– Ахмет Байтұрсыновты сүйген, оның жанына жалау, өміріне серік бола білген орыс қызы Александра, яғни Бәдрисафа анамыз трагедиялық тұлға. Оның бізге өмірі де, өлімі де жұмбақ болып келеді. Ауызша жеткен деректер бойынша, оның білімді, көкірегі ашық адам болғанын біліп отырмыз. Ахаңды пір тұтқан ол сүйген жарына деген адалдығынан айнымады, уақыттың дауылына қарсы тұрды. Автор Бадрисафа бойындағы адалдықты, қайсарлықты бояу тілінде бере білген, – дейді Римма Шыңғысқызы.
Портретте қайыңдай әрі нәзік, әрі берік орыс әйелі басына ақ орамал тартып, үстіне көк жасыл түсті көйлек киген. Көк жасыл түс – мұсылмандықтың белгісі. Желкесінен байлаған ақ орамал мен алманың сабағындай иілген мойнындағы қазақы алқа оның қазақ келіні екенін айтып тұрғандай. Суретші осы шығармасында Бәдрисафаның жүрек қалауын ашып көрсеткен. Ұлы қазақты сүйген орыс әйелінің жанарына келіп қалған жасты көрерменнің байқамауы да мүмкін емес. Ол өзі пір тұтқан Ахмет үшін тағдырдың не салғанына да көнді.
Портреттердің тұсаукесерінде сөз алған қазақ және орыс зиялы қауым өкілдері бұл шараның жас ұрпақ үшін танымдық маңызының зор екеніне тоқталды.
Ахмет пен Бәдрисафа портреттері тарихи-өлкетану музейіндегі Қостанай топырағында туған ұлыларға арналған залдың қақ төрінен орын алатын болады. Римма Шыңғысқызы өзінің жеке қаржысына салдырған Бәдрисафа портретін облыстық музейдің қорына сыйға тартты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.