13 Мамыр, 2015

Елдің әл-ауқатының артуы – даму дәлелі

311 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Жер жәннаты Жетісу жерінің құйқалы һәм таңғажайып тамаша табиғатымен талайларды тамсантқан өңірі – Алакөл ауданының аумағы Алматы облысының экономикалық тұрғыдан өрлеп-өсуіне де бұл аудан өзіндік үлесін қосып келе жатқаны шындық. Тағы баса айтар мәселе – тұрғындары негізінен бай, қуатты өмір сүреді. Қашанда тоқшылық болған жерде тыныштық орнап, сақталатыны да ақиқат емес пе?! Сан саланы қамтыған мемлекеттік бағдарламалар да бұл өңірде белгіленген мерзімінде әрі заңнама талабына сай атқарылуда. Міне, Алакөл ауданының әкімі Әлібек ЖАҚАНБАЕВПЕН әңгімеміз осы бағытта өрбіген еді. akim – Әлібек Әскербекұлы, әуелгі әңгімені ауданның эко­но­микалық даму көрсет­кіштері туралы айтудан бастасаңыз. – Мемлекеттік саясатқа сай үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму мемлекеттік бағ­дарламасы аясында Алакөл ауданының Достық кентінде мұнай өнімдерін өндіретін өнді­ріс орны іске қосылған еді. Жал­пы құны 4,7 млрд.теңгені құрай­тын осы «Достық Рефайнери» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігіне тиесілі зауыт бұл күндері тоқ­таусыз жұмыс істеп тұр. Атал­ған бағдарлама аясында 2010 жыл­дың қазан айында өз жұмысын бастаған өндірісте 110 тұрақты жұмыс орны ашылып, 4,0 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды. Кәсіпорынның 2011 жылы толық жылдық қуаты – 500 мың тоннаға жетті. Сөйтіп, 517 мың тонна мұнай өнімдерін өндіріп, жалпы ауданымыздағы өнеркәсіп өнімдері көлемінің 64 пайызын құрады. Тұтастай алғанда, 2012 жылы Алакөл ауданы бойынша барлық өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 12474 млн. теңге болып, жалпы түсімнің 71 пайызын құраса, сол қаражаттың 8 млрд. 940 млн.теңгесі мұнай өнімдерінің үлесіне тиіп, пайыздық көрсеткіштің 77 пайызы болды. Қазіргі уақытта аталған кәсіпорын мұнай өнімдерін тасымалдау қызметі саласына ауысып, жұмысын жалғастыруда. Үстіміздегі жылы үдемелі ин­­дустриялық-инновациялық да­му мемлекеттік бағдарламасы аясында тамшылатып суару құрал­дарын шығаратын «Селбесу Агро» ЖШС зауыты өңірлік ин­дустрияландыру картасына енгізіліп, құрылыс жұмыстары жүр­гізілуде. Бұл зауыт іске қосыл­ғанда аудан экономикасына, біріншіден, 1 млрд.теңге инвес­тиция тарту, екіншіден, құрылыс кезінде 50 адам және қолданысқа берілген кезде 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі, үшіншіден, ауданның 1000 гектар жерге тұқым себілген алқабын тамшылатып суару әдісімен нәрлендіру қамтамасыз етілетін болады. – Ал аграрлық сектордың жетістігі қандай? – Ауыл шаруашылығы сала­сының жалпы өнімі былтырғы жылы 23,7 млрд. теңгеге жетіп, ар­ғы жылмен салыстырғанда 123,2 пайызға артты. Нақты кө­лем көрсеткіші 100,8%-ды құрады. Биыл бұл сала өнімі 25,3 млрд. теңгеге жоспарланып, алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша алынған мәліметке сүйенсек, 1,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыс­тырғанда 101,5 пайызға артты. Аудан бойынша егістік жер­лер­ді игерудің көлемі жылдан-жылға артып келеді. 2014 жылы жалпы егіс көлемі 78679 гектар жерге жетіп, бағдарламадағы 74866 га.-дан 3813 га.-ға артып отыр.Үстіміздегі жылы 78725 га. құрайды деп жоспарлануда. Ауданның мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Селекциялық жұмыстар мен мал тұқымын асылдандыру жұмыстарына кәсіби тұрғыда жіті көңіл бөліп, баса назар аударған едік, соның нәтижесінде асыл тұқымды мал үлесі жылдан-жылға өсіп келеді. Асыл тұқымды ірі қара малы 10107 басқа жетіп, барлық мал басы­ның 27 пайызын; қазақы ­бия­зы жүнді қой 61325 бас (38,7%), жылқы 3727 бас немесе бар­лық мал басының 23,3 пайы­зын құрап отыр. 2011-2014 жыл­дар­ға шаруа қожалығын құру 1443 басқа орындалды. Ал ағымда­ғы жылға 655 бас мал болжануда. «Ірі қара малы етінің экс­порттық әлеуетін арттыру» бағ­дарламасын орындау барысында 2011-2014 жылдары барлығы 5832 басқа орындалып, репродуктор шаруашылығын құру тапсырмасы (2011-2014 жылға жоспар 1450 бас) 402 пайызға орын­далды. 4 шаруашылық құры­лымдарында қуаттылығы 1100 басқа арналған ірі қара малын бордақылау алаңдары жұмыс жасауда. Ағымдағы жылы 400 басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылады. «Алтын асық» бағдарламасы аясында 320 басқа және «Құлан» бағдарламасы 870 басқа немесе 5,7 есеге артық орындалды. – Экономиканың негізгі кіріс көзі болып саналатын өндіріс саласында осыған дейін істелген және бүгінгі таңда атқарылып жатқан, алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарға да тоқталсаңыз. – Өнеркәсіп саласында былтырғы жылы 4 млрд. 954,7 млн. теңгенің өнімі өндірілді, арғы жылмен салыстырғанда 100 пайызға орындалды. Үстіміздегі жылы өнеркәсіп өнімдері көлемін арттыру мақ­сатында іске асырылатын варенье және бал қораптау цех­тарын ашу, сүт өңдеу зауы­тын кеңейту, нан өнімдерін шыға­ратын наубайхана, «Достық ГазТерминал» серіктестігінің газ толтыру пункті, «Достық Тенгри» кәсіпорнының логистикалық орталығы құрылысы, «Агример Авто» серіктестігінің дәнді дақылдарды қабылдау, сақтау және тиеу жобасы, «СелбесуАгро» серіктестігінің тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын шағын зауытын салу, «Алакөл Жолдары» серіктестігінің асфальт және «Алакөл Райхан» серік­тестігінің кірпіш зауытын іске қосу арқылы өнеркәсіп өнімін 5,2 млрд. теңгеге дейін жеткізіп, 296 тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарымызда бар. Сонымен қатар, 2015-2018 жыл­дары ауданның даму жос­пары­на кірген «Архарлы Майбүй­рек» серіктестігінің ет өңдеу ком­бинаты мен мал бордақылау алаңының құры­лы­сы, «Жетісу Гидро» серік­тестігінің Тентек өзенінің бойындағы Төңкеріс-1 су электр стансасының, «ВЭС Сай­кан» серіктестігінің және «ЭнергоМаш» кәсіпорнының Жоңғар қақпасына жел электр стансаларының құрылысы іске асқан жағдайда, өнеркәсіп өнімі көлемі 2018 жылға екі есеге, яғни 10 млрд.теңгеге жетіп, 226 тұрақты жұмыс орнын ашуды болжап қана қоймай, нақты әрекет етудеміз. Былтырғы жылдың қоры­­­тындысы бойынша ауданға 15,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш арғы жылмен салыстырғанда 108,1%-ды құрап, 1138 млн. теңгеге өсті. Тартылған инвестициялардың заттай индексі 104 пайызды құрады. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бо­йынша 810,7 млн.теңге инвестиция тартылып (2014 жылы 656 млн.теңге), заттай индексі 118,3 пайыз болды. Елбасы әлеуметтік-эконо­микалық дамудың басты басым­дығы ретінде кәсіпкерліктің дамуына баса назар аударып отырғандықтан, 2014 жылы кәсіпкерлік субъектілерімен 1,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2013 жылмен салыстырғанда 251 млн. теңгеге артты, бюджетке 438,5 млн. теңгенің салығы түсті. Бұл салада 15922 адам жұмыспен қамтылған. Биылғы жылдың 3 айында 729,5 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 114,3 пайызға артты. Жалпы, бюджетке 175,2 млн. теңге түсті. – Мемлекеттік талапқа сай тұрғын үй салу, пайдалануға беру мәселесі туралы не айтасыз? – 2014 жылы жалпы көлемі 17869 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, жоспар 175 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстарының көлемі арғы жылмен салыстырғанда 106 пайызға өсіп 8,3 млрд. теңгені құрады. Биыл­ғы жылдың алғашқы тоқса­ны бойынша кіріске алынған үй­лер өткен жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда 120,8 пайызға өсіп, 2800 шаршы метрге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 116,1 пайызға артты (682 млн. теңге). «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын іске асыру мақса­тында 238 млн. теңгеге Бұлақты ауылындағы 40 пәтерлі тұрғын үй­дің жаңғырту жұмыстары және 72,0 млн.теңгеге Үшарал қала­сында 10 коммуналдық үйдің құры­лыс жұмыстары кестеге сәйкес атқарылып, қолданысқа берілді. Биылғы жылы аталған бағдар­ламаны іске асыру мақсатында Қабанбай ауылында 10 жалдамалы тұрғын үй салу жоспарлануда. – Алакөл өңірі туралы сөз қозғалғанда, туризм туралы айтпай кетуге болмас... – Туризм саласы бойынша ауданда 92 туристік нысан жұмыс істейді. Көл жағалауларында инфрақұрылымды дамыту үшін заңнама шеңберінде нақты іс-шаралар жүргізілуде. Демалыс аймақтарына апаратын жолдарды жөндеу жұмыстары жос­парлануда. Жолдың ұзақтығы 23 шақырым болады. 2014 жылы жалпы құны 623 млн. тең­гелік демалыс аймақтарын электр қуатымен қамтамасыз ету жобасының 200 млн. теңгесі игеріліп, 2015 жылы 423 млн. теңге бөліну жоспарланған. Алакөл көлінің жағасында 578 млн. теңгеге 6 демалыс орны салынады деп жоспарланған. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.