Саясат • Бүгін, 09:00

Экономиканы әртараптандыру – Үкіметтің маңызды бағыты

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төраға­лығымен өткен Үкімет отырысында экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды.

Экономиканы әртараптандыру – Үкіметтің маңызды бағыты

Жиында инвестициялық сая­сатты жаңғырту, терең өңдеуді кеңейту, импортқа тәуелділікті төмендету бағытындағы нақты тетіктер талқыланды. Сондай-ақ отырыста өнеркәсіп, агроөнер­кәсіптік кешен, энергетика сала­ларындағы ірі жобалардың іске асырылу барысы баяндалды.

«Мемлекет басшысы біздің алдымызға өнімділікті арттыру мен технологиялық жаңару есебінен өсімді қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұл экономикалық саясатты түпкі нәтижеге, яғни халықтың табысын ұлғайту мен эко­но­микалық дербестікті нығайтуға қарай бағыттауға мүмкіндік береді. Дәл осы тұста өңдеу саласын әртараптандыру және оны белсенді дамыту маңызды рөл атқарады», деді Премьер-министр.

Үкімет 2029 жылға қарай 400 млрд доллар жиынтық инвестиция тарту арқылы экономикалық өсудің жаңа моделіне көшуді көз­деп отыр. Мемлекет басшысы­ның Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­­сында қойған міндеттерін жүзеге асыру тетіктері туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Оның айтуынша, ұлттық жоспарға сәйкес инвестициялардың ІЖӨ-ге қатынасы қазіргі 14–15%-дан 2029 жылы 23%-ға дейін ұлғайып, негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс.

Басымдық металлургия, мұ­най-химия, газ өндірісі мен фар­мацевтикаға беріледі. Мемлекет инвестор тартумен ғана шектелмей, «инвестицияға тапсырыс» тетігі арқылы жергілікті бизнеске бағытталған проактивті саясат жүргізіп, дайын технологиялармен шетелдік серіктестерді тартатын болады. Импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамту мақсатында жаңа қаржылық құралдар енгізіледі.

в

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, былтыр автомобиль өндірісі рекордтық өсім көр­сетіп, машина жасау секторының 41,7%-ын құрады. 171 мыңнан астам көлік шығарылды, оның 159 мыңы – жеңіл автомобильдер. Сонымен қатар жаңа зауыттар мен өндірістік жобалар іске қосылып, алдағы жылдары автокомпоненттер өндірісін кеңейту көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іріктілг­ен 17 жоба­ның 9-ы жүзеге асыры­лып жатыр. Атал­ған жобалар толық қуатқа шық­қанда өндіріс көлемі 7,3 млрд дол­ларға жетеді деп жоспарланып отыр.

Былтыр азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9 трлн теңгені құрап, 2024 жылға қарағанда 8,1% өсім көрсетті. Бұл туралы Ауыл шаруа­шылығы министрі Айдарбек Сапаров хабарлады. Негізгі ка­пи­талға салынған инвестициялар 2 есе өсіп, 389,4 млрд теңгеге жет­ті. 2025 жылғы 11 айда өңделген өнімнің экспорты 3,2 млрд доллар болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 33,8%-ға артық. Сондай-ақ елде тері мен жүнді қайта өңдеу қуаттары жаңғыртылды. Мәселен, Ақтөбеде «Қазфельтек», Ақмола облысында «Агро Протеин» жобалары іске қосылды.

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың сөзін­ше, Үкімет мұнай өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайтуға бағытталған кешенді жоспарды жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар қолданыстағы мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) жаңғырту жұмысы, қуаты 10 млн тонна жаңа зауыт салуға дайындық жүріп жатыр. Жобалар 2030 жылға қарай дизель тапшылығын жояды. 2033 жылы төртінші МӨЗ іске қосылған соң, авиакеросинге сұранысты толық өтеп, К5 стандартына сай өнім экспорттауға мүмкіндік береді. Ал Павлодар облысында салынып жатқан алкилат өндіретін зауыт еліміздің ішкі қажеттілігін 100% өтейді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын тілге тиек етті.

«Өздеріңіз білетіндей, Мем­лекет басшысы Үкіметтің кеңей­тілген отырысында заманауи өнер­кәсіптің негізін қалыптастыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігін атап көрсетті. Ішкі жалпы өнім құрылымында өңдеу өнер­кәсібінің үлесі кен өндіруші сек­тор­дан асып түсті. Осы қар­қын­ды сақтап қана қоймай, одан әрі еселей түсу керек. Жаңа клас­тер­лерді құру өнімді жоғары деңгейде өңдеу жүйесіне көшуге мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов өңдеу өнер­кәсібін­дегі өндіріс көлемі биыл 4,4%-ға артқанын атап өтті. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары көрсеткіш (2025 жылдың қаңтар айында – 3,7%).

«Экономиканы әртараптан­дыру мен өсім жоспарларын орын­дау мақсатында өндіріс­тік қуат­тарды арттырып, шикізат­тық емес сектор­да терең өңдеуді дамы­татын нақты іс-шаралар қажет. Ең перспектив­ті бағыттар­ды айқындап, мол өнім беретін әрі экспортқа бағдарлан­ған инвестициялық жобалар­ды жүзеге асыру қажет. Аталған шаралар сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан экономика­ның тұрақтылығын күшейтіп, экспорт­тық әлеуетті арттырады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға, ұзақмерзімді ұлттық мүдделерге сай келетін заманауи индустриялық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар ол Прези­дент­тің нақты өндірісті қолдау, инвес­торларды тарту, озық цифрлық тех­нологияларды іске қосу бағы­тында шаралар қабылдау туралы тапсырма бергенін атап өтті.

«Өңдеу өнеркәсібінің құры­лымын өзгерту қажет. Кейбір ба­ғыт­тарда әлі де болса төмен дең­гей­де өңделген өнімдердің үлесі басым. Яғни бұл қосылған құнның негізгі бөлігі экономикамыздың аясынан тыс қалыптасып жатқанын білдіреді. Біздің мақсатымыз – жоғары деңгейде өңделген әрі тех­нологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қою. Бұл орай­да жинақтаушы бөл­шектер шығару, локализация дең­гейін арттыру, заманауи технология­ларды қол­дану, өндірісті автоматтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне баса назар аудару керек», деді О.Бектенов.

Премьер-министр құрылыс саласы дәстүрлі түрде өнеркәсіп­тің дамуына айтарлықтай үлес қо­сып келетінін, алайда бұл салада, әсіресе нысандарды жеке қаржы көздерінің есебінен салу кезін­де импорттық құрылыс материал­дарының үлесі жоғары болып отыр­ғанын айтты.

«Өнеркәсіп министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ірі нысандарды, соның ішінде жеке инвес­тициялар есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық материалдардың үлесін тұрақты түрде қадағалап отыруды тапсырамын», деді О.Бектенов.

Сонымен қатар уәкілетті министрліктерге агроөнеркәсіп кешенін қолдау құралдарын кеңейту қажеттігі айтылды.

«Ауыл шаруашылығы өнім­дері­нің экспорты құрылымында әлі күнге дейін астық пен ет сияқты шикізат түрлері басым. Мемлекет басшысы бұл мәселеге бірнеше рет назар аударды. Сондықтан терең өңделген өнімдер шығаруға күш салу қажет. Қазірдің өзінде мұндай жобалар бар және олар тиімділігін көрсетіп отыр», деді Премьер-министр.

Ауыл шаруашылығы өнім­дерін қайта өңдеу үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта Үкімет астық­ты терең өңдеу жобалары­на инвес­тициялық субсидиялар­ды 50%-ға дейін ұлғайтты. Жаб­дық­­тар импорты мен негізгі қызмет­ті кейбір салықтардан босату да жос­парланған. Сондай-ақ Премьер-ми­нистр тамақ өндірісіндегі елі­міздің әлеуетіне де назар аудартты.

«Нәтижелер бар деп айтуға болады, бірақ осы тамақ өнімдерін өндіру бағытында әлеует өте жоғары. Біз әлі күнге дейін нары­ғымызды толығымен қамтама­сыз ете алмай жүрміз. Сондықтан мүм­кіндік бар. Мысалы, кеше Астанадағы «Тәп-тәтті» компа­ниясына бардым. Ол кішігірім кондитерлік цехтан бастап, 4-5 жылдың ішінде үлкен зауытқа айналды. 1,5 мың адам жұмыс істеп жатыр. Осындай кәсіпкерлерді наси­хаттап, қолдауымыз керек. Кәсіпкерлікпен айналысу кез келген адамның қолынан келе бер­мейді. Осындай таланты бар адам­дарға қолдау көрсету қажет. Мұн­дай кәсіпкерлер – әрбір мемле­кет­­­тің не­гізгі тірегі. Оны дұрыстап түсі­­не білу керек. Барлық Үкімет мү­ше­­леріне, әкімдерге айтаты­­ным, осын­­дай кәсіпкерлер бар­лық өңір­­де бар. Оларға барын­ша қол­­­дау көрсетіңіздер», деді О.Бектенов.

Отырыс қорытындысында Үкімет басшысы жауапты мем­лекеттік органдарға өңдеу саласын дамытуға бағытталған жобаларды күшейтіп, бизнесті қолдау мен қаржыландыру тетіктерін кеңейту туралы тапсырма берді. 

Соңғы жаңалықтар

Рамазан айына 1 күн қалды

Руханият • Бүгін, 09:55