Былтыр өңірде балық ресурстарын молайту мақсатында 500 мыңға жуық сазан шабақтарымен балық шаруашылығын дамыту жұмыстары жүргізілген. Жалпы алғанда, су айдындарына 891 мыңнан астам шабақ жіберілді. Сондай-ақ 2,2 мың тоннадан астам балық аулау лимиті белгіленіп, оның 800 тоннадан астамы ауланған. Балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған бағдарламасы аясында өңірде 700 тоннадан астам тауарлы балық өндірілді.
Акваөсіру саласын қолдау мақсатында 40 млн теңге көлемінде мемлекеттік субсидия қарастырылды. Бүгінде 30-ға жуық балық шаруашылығы жұмыс істейді. Кәсіпорындардың басым бөлігі шабақты өзге аймақтардан 4-5 грамм салмаққа жеткен кезде сатып алып, оны тауарлы деңгейге дейін өсіріп, нарыққа шығарады.
Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің бірі – Мұрат Сейітханов. Ол балық өсіріп, тонналап өнім алып отыр. Оның кәсібін өзгелерден ерекшелендіретін тұс – уылдырықтан бастап, шабақ өсіруді жолға қоюы. Яғни ол балық өсіру тізбегінің бастапқы, ең жауапты кезеңін игеріп, дайын шабақты өзге шаруашылықтарға ұсынумен айналысады.
«Біз сапалы уылдырықты Түркиядан алдыртамыз. Оның да өзіндік технологиялық, уақыттық және қаржылық қиындықтары бар. Бұл бағытқа жуырда ден қойдық, болашақта уылдырық шашатын аналық табынды қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Қазір шетелден жеткізілетін уылдырықтың сақталу режімі аса қатаң. Тасымал кезінде температура 2 градус шамасында тұрақты болу керек. Көрсеткіштің сәл ауытқуының өзі өнім сапасына кері әсер етеді», дейді кәсіп иесі.

Сурет: 7-su.kz
Қызығы сол, елімізге уылдырық көбіне Қырғыз Республикасы арқылы жеткізіледі. Себебі көрші елде тауарлы балық шаруашылығы қарқынды дамыған. Түркиядан келетін өнімнің негізгі бөлігі сонда бағытталады да, елімізге салыстырмалы түрде аз көлемде бөлінеді. Бұл жағдай отандық балық өсірушілер үшін бастапқы материалға қолжетімділік мәселесін өзекті етіп отыр. Сол себепті балық шаруашылығын уылдырықтан бастап толық циклде дамыту қажет.
«Елімізде кәсіп бастау туралы сөз қозғалғанда көбіне мал шаруашылығы алға шығады. Алайда балық өсіру ісі де экономикалық тұрғыдан тиімді әрі кең аумақты қажет етпейтін сала саналады. Мысалы, ондаған ірі қараны бордақылауға елеулі еңбек күші, жемшөп қоры және инфрақұрылым керек болса, балық шаруашылығын салыстырмалы түрде шағын алаңда ұйымдастыруға болады. Тиісті күтім жасалып, жемдеу тәртібі сақталып, суда оттегінің тұрақты деңгейі қамтамасыз етілсе, жоғары экономикалық нәтиже көрсетуге мүмкіндік бар», дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, бір бассейннің өзінен қомақты табыс табуға болады. Бұған қоса, ондаған мал ұстауға қажет кең қора-жайдың орнына, жүз мыңдаған шабақты өсіруге бетон бассейн жеткілікті.
Жалпы, балық саласы – жүйелі тәсілді талап ететін кәсіп. Кейіпкеріміз аталған саланың қыр-сырын терең меңгерген маман. Көпжылдық тәжірибесіне қарамастан, кәсіпті бастау кезеңінде қолайлы нысан табуда қиындықтарға тап болған. Ізденіс нәтижесінде Өтенай елді мекені маңындағы бұрынғы мал бордақылау алаңына назар аударып, бірнеше жыл келіссөз жүргізген соң, аумағында су көзі, жер телімі және жабық қорасы бар нысанды сатып алған. Одан кейін қора ішін балық өсіруге бейімдеп, арнайы бассейндер орнатқан. Су айналымын қамтамасыз ету үшін ондаған су сорғысы жүйесі іске қосылған. Бұл инфрақұрылымдық жұмыстарға шамамен 25 млн теңге көлемінде жеке қаражат жұмсалған.
Жобаны кеңейту мақсатында кәсіпкер мемлекеттік қолдау тетіктерін де пайдаланған. Атап айтқанда, «Даму» қорының Бірыңғай кешенді бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алған. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде төмен пайыздық қаржыға қол жеткізген. Тартылған қаражат есебінен бір мезгілде 500 мың дана шабақ шығаруға мүмкіндік беретін бірнеше инкубациялық құрылғы сатып алынған. Осылайша, «7 су балық» фермасы өндірістік қызметін жолға қойған.
Қазір «7 су балық» шаруашылығында инкубациялық құрылғылар арқылы үш мәрте балық өсіріліп шығарылған. Бассейндерде шамамен 500 мың форель шабағы өсіріліп жатыр. Кәсіпкердің мәліметінше, Түркиядан жеткізілетін уылдырық сапалы әрі өнімділігі жоғары. Әр 100 мың дана уылдырыққа қосымша көлемде берілу тәжірибесі бар. Бассейндерде өсіріліп жатқан шабақтардың бір бөлігі тапсырыс берушілерге тиесілі. Шаруашылық міндеті – шабақтарды 50-60 күн ішінде қажетті салмаққа жеткізіп, иелеріне өткізу. Инкубация кезеңіндегі дернәсілдердің де нақты иелері бар.
Форель тұқымдас балықтарға нарықтағы сұраныстың жоғары болуы өнімнің жедел өткізілуіне ықпал етіп отыр. Кәсіпкердің айтуынша, бұл балық түрі Еуропа нарығында жоғары бағаланады, тұтыну салмағы шамамен 300-400 грамм аралығында. Уылдырықтан шыққан дернәсіл аталған салмаққа орта есеппен 8 айда жетеді. Кейінгі жылдары елімізде өсірілген форельге ішкі сұраныс та арта түскен.
«Шабақтар тәулігіне бес рет азықтандырылады. Қазір Польшадан жеткізілетін арнайы құнарлы жем қолданылады. Жем «Хан балық» ЖШС арқылы сатып алынады. 20 килограммдық жем құны шамамен 50 мың теңгені құрайды. Болашақта кәсіпорын байытылған балық жемін өз күшімен өндіруді жоспарлап отыр, бұл өндірістік шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар алдағы уақытта өңірдегі су айдындарына 1 млн дана сазан, дөңмаңдай секілді жергілікті балық түрлері жіберіледі. Бұл бастама су экожүйелерінің биологиялық теңгерімін қалпына келтіруге бағытталмақ», дейді М.Сейітханов.
Алдағы жоспарлардың қатарында форель балығының уылдырығын өндіру ісін жолға қою бар. Өндіріс көлемі артқан жағдайда қосымша жұмыс орындары ашылуға тиіс. Сонымен қатар кәсіпкер әлеуметтік жауапкершілік аясында өңір тұрғындарын қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру ниетін білдірген.
Жетісу облысы