26 Маусым, 2015

Ұрпақ білімді болсын десек...

237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
2013 жылдың маусым айында елімізде білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы халыққа қолдау көрсетудің жаңа бағдарламасы – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі іске қосылды. Аталмыш жүйе елімізде ғана емес, сондай-ақ, шетелде білім алу үшін де қаражат жинақтауға мүмкіндік береді. Жүйе іске қосылған бірінші жылдың қорытындысы әдетте мұндай жағдайда болатын орынды қорқыныш пен сенімсіздікке қарамастан, халықтың осындай жинақтау­ларға үлкен қызығушылығы барын көрсетті. Бұл жағдайда салымшыларды қызық­тыратын басты сұрақ – салымның сақталуы және кепілдік мәселесі. Өкінішке қарай, бұл өмірде ешкім ешнәрсеге жүз пайы­з ке­пілдік бере алмайды. Тіпті, жолдың арғы бе­тіне өтудің өзі қауіпті, әйтсе де біз мұ­ны күнделікті жасаймыз. Бұл күнделікті қар­балас өмірдің талаптары. Осы ретте, заңмен салымды сақтаудың бірнеше амалдары қарастырылған. Атап айтсақ, депозиттің бұл түрі 10 млн. тең­геге дейінгі сомада Жеке тұлғалардың депозиттерін кепілдендіру қорымен сақ­тандырылған. Сондай-ақ, инфляция деңгейі жоғары болса, немесе экономикада басқа да өзгерістер орын алған жағдайда банк сыйақысы мен мемлекет сыйақысының мөлшерлемелерін өсу жағына қарай қайта қарау мүмкіндігі заңмен көзделген. Жалпы, халық болашақта білім алуға жос­парлы түрде ақша жинақтау идеясын өте жақсы қабылдады. Осылай деуге бүгінде 11 мыңға жуық салымшылардың саны негіз бола алады. Қазірдің өзінде еліміздің көптеген тұрғын­дары мұндай депозитті ашу үшін өте аз құжат қажет етілетіндігін біледі. Егер өз атыңызға білім беру жинақтау шотын ашқыңыз келсе, онда қолыңызда жеке басыңызды куәландыратын құжатыңыз болса жеткілікті. Ал егер шотты баланың атына ашатын болсаңыз, оның туу туралы куәлігі мен ЖСН қажет. Бұл депозитті жас ерекшелігіне қарамастан, Қазақстанның кез келген азаматы аша алса да, халық арасында ол «балалардың білім алуына арналған шот (салым)» ретінде кең танымал. Сондықтан да, өз балаларының болашағын өте ерте жас­тан жоспарлайтын ата-аналар тарапынан оған деген қызығушылық жоғары. Қажетті қаражатты жинақтау үшін отбасылық бюджетке үлкен ауыртпалық түсірмейтін белгілі бір соманы салымға салып отыру керек. Өзіңді немесе перзентіңді жоғары біліммен қамтамасыз ету үшін отбасыңа ауыр жүк түсірместен, білім беру жинақтау салымын ресімдеу арқылы мемлекеттің көмегімен қаражат жинақтауға болады. Ол үшін қатысушы банкке барып, менеджерден кеңес аласыз. Ол сізге қажетті соманы өзіңізге ыңғайлы мөлшерде, тез әрі тиімді жинақтаудың амалдарын есептеп, түсіндіреді. Жалпы, болашаққа жақсы ниетпен, үмітпен қараған әрбір азамат қазірден-ақ өзінің және өз балаларының лайықты білім алуын қамтамасыз ете алады, сондықтан мұны абыройлы мансапқа, табысқа және қоғам тарапынан құрметке жетудің кепілі ретінде қарауға әбден болады. Шариман Риад СӘЛІМҰЛЫ, «Қаржы орталығы» АҚ вице-президенті. АСТАНА.