Қордай ауылшаруашылық колледжі – еліміздегі байрығы кәсіптік оқу орындарының бірі. Бұл оқу орны ең басында 1957 жылы Аңырақай стансасында ашылған екен. 1964 жылы Қордай кентіне, сонан кейін 1966 жылы Ырғайты ауылына көшіріліп, Красногор совхоз-техникумы деп аталады.
Қазіргі мекендеген жерін ұлы Абай атамыз атап көрсетіп беріп кеткен екен деген ел арасында сөз бар. Абай атамыз Сұлутөрдің көк жайлауында бір жетідей жүріп, ас пен тойларды көріп, елдің өзіндік дәстүрімен танысады, тіршілігіне үңіледі. Ақырында ел ағасы Ноғайбайға:
– Ноқа, жеріңіз де, еліңіз де тамаша. Байлық та, батырлық та, ақындық та халық арасында бар екен, бірақ, жастар оқусыз екен. Байлық көзі – оқу мен білімде. Олай болса балаларды оқыту, құнарлы жерге елді қоныстандыру керек. Сіздерде үлгі аларлық мүмкіншілік көп, Алматы мен Пішпек арасында отырсыздар. Түбінде баянды еңбек – егін салған, жасынан оқу оқып білім алған, би болған, болыс болған өнер емес, еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, – деп мақалдата, ұйқастыра сөйлегенде Ноғайбай дананың сөзіне басын изеп, мақұлдапты деседі.
Осы оқу орнының құрылып, алпыс жылға жуық жұмыс істеп келе жатуының өзі кемеңгер Абайдың көрегендігінің бір белгісі болса керек. Ал оның құрылып, дамуына ерекше еңбек сіңірген азамат – Уәлихан Рахымұлы Қайназаров. Қордай жұртшылығы ол кісіні Қазақстанда құрылған бірінші совхоз-техникумның директоры деп біледі. Оқу орнын Ноғайбай ауылына көшірген де сол кісі екен.
Жетпісінші жылдары күндізгі бөлімінде бір мыңнан астам, ал сырттай оқу бөлімінде жеті жүзге жуық адам оқыды. Сонымен қатар, республикалық білім жетілдіру мектебі болды. Осы мақсатта қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды.
Оқушыларға барлық жағдай жасалынды. 960 оқушыға арналған типтік оқу корпусы, акт және спорт залдары, оқу-өндіріс шеберханасы, екі жатақхана, стадион, асхана, монша жұмыс істеді.
Оқушылардың барлығы ауылда туып-өскендіктен шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен таныс еді. Олардың ішінен есімдері елімізге белгілі басшы азаматтар, мықты мамандар көп шықты. Мәселен, еңбек майталмандары Социалистік Еңбек Ері Орынхан Ерекеновті, қой қырқудан дүниежүзінің чемпионы Шота Тайбағаровты айта кетсек артық болмас.
Анатолий Туманов, Мұрат Бабетов, Уәлихан Рахымұлы Қайназаров, Әбдіболат Иманқұлов, Сайлау Ысқақов, Назкен Исанов, Тұрғанбек Байзақов, Ұзақ Иманалиев секілді мұғалімдер оқу орнының тарихында өз іздерін қалдырды. Ал Роза Жақсатова, Сапаш Беркімбаева, Иманқұл Қошмағамбетов, Болат Байсүгіров, Тілеужан Бәденов, Альберт Кряквичев, Татьяна Куличкина, Ләззат Саламатова, Шәміл Иманғазиев және тағы басқалардың есімдері де түлектер жадында жүрген болар. Сол секілді Владимир Штерцер, Николай Қасымбеков, Елена Сергеевна Прияткина, Мұхаммед Әлиев, Мүскетай Тәтепбаев, өндіріс шеберлері Адольф Шуллер, Бақберген Жүндібаев, Владислав Петров, нұсқаушылар Владимир Плужник, Амантай Жүнісқұловтар тәжірибе сабақтарын жағымды да қызықты өткізетін.
Мен өзім осы оқу орнында 1973 жылдан зейнетке шыққанша жұмыс істедім және қыйын-қыстау кезеңде оны басқардым.
Совхоз-техникумның мақсаты – оқушыларға теориялық білім берумен бірге, оларды өндіріске дағдыландыру болды. Кеңшар, ұжымшарлардың тарауына байланысты қиындықтар пайда болған кезде бұл міндетті жүзеге асыру барынша ауырлады. Тіпті, оқу орнын сақтап қалудың өзі екіұшты мәселеге айналды. Жаңа құрылған шаруа қожалықтары практикаға келген оқушыларды жұмысшы ретінде санады. Сондықтан, совхоз-техникумның негізгі мақсаты кенжелеп қалды, мамандардың өндіріске бейімделу уақыты созылды. Бүгінгі таңда да осы мәселе өзекті болып табылады. 1984 жылы оқу орнына Кенен Әзірбаев атамыздың аты берілді. 1996 жылдан бастап Қордай ауылшаруашылық колледжі болды.
Жайбарақат күндердің орнына, қиын уақыт келді. Бізді Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық басқармасының қарауына берді. Оқу орны жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын болды. Қаржыны үнемдеу үшін біздегі зоотехник және ветеринария мамандықтары Луговой техникумына берілді. Біз агроном мамандарын дайындайтын болдық. Ауыл шаруашылығын электрлендіру және автоматтандыру мамандығы жабылды. Жұмыс көлемі азайып, штат қысқарды.
Жастарды оқуға тарту үшін заманға сай жаңа мамандықтарды ашуға бет бұрдық. Бар білгенімізді салып, мәселені шештік. Олар – фермер, товартану, қамтамасыздандыру және өткізу, коммерция жұмысы, агрономия және ауыл шаруашылығы экономикасы, бухгалтерлік есеп және аудит мамандықтары еді.
Сонымен қатар, тағы да бір айтарлықтай оқиға болды. Совхоз-техникум тарады. Сөйтіп оқушылар машықтанатын базадан айырылдық. Жылу жүйесі, асхана, монша жұмыс істемейтін болды. Қол қусырып отырсақ, жабылатын түріміз бар. Осы мәселені облыс, аудан әкімшіліктің алдына қойып жүріп, оқу орнына 500 гектар жер, бір қой қора, 500 бас қой, екі жылқы, бір қазақ үй берілсін деген шешім шығарттық. Бірақ совхоздан алғанымыз – 500 гектар жер және қой қора болды, қалғанын бермеді. Қойға деп қысқа дайындаған алпыс тонна шөпті мұғалімдерге саттық. 1997 жылы алған жерді пайдаланып, 76 тонна бидай, 24 тонна арпа, 3 тонна сафлор өндірдік, 130 гектарға күздік бидай ектік. Алған өнімдерді өңдеп, ұн, сұйық май, жем, сабан ретінде ұжым мүшелеріне саттық. Түскен ақша колледждің керегіне жаратылды.
1996 жылдың ортасында бізді облыс ауыл шаруашылығы басқармасынан алып, білім департаментіне берді. Қордай ауылшаруашылық колледжі деп аталдық. Бірақ оқушылардың саны көбейген жоқ. Себебі, жастардың оқуға ынтасы төмендеді, оқу ақылы болды, тұрмыстық кемшіліктер етек алды, Ауылдағы колледжге басқа жерден оқуға келудің өзі қиындады.
Сондықтан, аудан орталығынан колледждің филиалын ашып, соның арқасында толық екі топ қабылдадық. Негізгі корпуста төрт аудиторияға қойшылардың төрт темір пешін қойып оқыттық. Корпустың шатырынан тамшы өтіп, терезе әйнектері сынған. Су көзі ретінде есіктің алдындағы бір құдыққа қарап қалдық. Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етіп тұрды.
Оның үстіне, енді бізді Жамбыл гидромелиоративтік институтына қосып, соның колледжі болдық.
Жағдайды жөндеу үшін әртүрлі тәсілдерді қолдандық. Шаруа қожалықтары ақша болмағандықтан оқу ақысын қолындағы барымен төледі. Сұранысқа байланысты токарь, газ дәнекерлеуші, электрик, компьютер операторы секілді қысқа мерзімді курстарды аштық. Амалын тауып, кедендік ісі мамандығын аштық. Адам көп келді. Бірақ, көбісі осы мамандық бойынша жұмысқа тұра алмады. Талапкерлер тарту үшін аудан көлеміндегі өткен барлық іс-шараларда колледжді насихаттадық.
Маман дайындау ісінде мемлекетің көмегі керек екеніне көзіміз жетті. Алдымен оқу корпусын күрделі жөндеуден өткізу үшін смета жасадық. Сол құжатпен жоғарыдағы біраз басшыларға бардық. Барлығы қаражатқа келіп тірелетіндіктен жолымыз болмады.
Оқу орнының бағына 1999 жылы ақпан айында облыс әкімі болып Серік Үмбетов тағайындалды. Он күннен кейін құжаттарды сол кісіге жеткіздік.
Сол жылы қаражат бөлініп, корпустың шатыры, 1-2 қабаттардың жылу жүйесі жөнделді және 50 адамға мемлекеттік тапсырыс берілді. Келесі екі жылдың ішінде, 3-4 қабаттар, оқу өндіріс шеберханасының, спорт және акт залдардың шатыры жөндеуден өтті. Тәуелсіз тоқ көзі, яғни дизель электростансасы орнатылды. Өйткені, ол кезде тоқ тұрақсыз берілетін, сондықтан, судың қатып қалауы мүмкін еді.
Ең бастысы, ауылдың қара домалақтарына білім беріп келген байырғы оқу орнының тағдыры шешіліп, ол сақталынды!
Осы жерде мен Серік Әбікенұлының адамгершілік қасиеттерін айтқым келеді. Ол кісің қабылдауында жұмыс бабымен бір-екі рет болдым. Сонда халыққа деген шынайы ықыласы мен қамқорлығын, қарапайымдылығын байқап, сүйсіндім.
Жұмысымыз оңала бастады. Үйде отырған әріптестерімізді жұмысқа қайта қабылдап, көңіліміз орнына түсті. Оқу үдерісінде жаңа технологиялар қолданыла бастады. Компьютерлер, электронды оқулықтар алдық, қазақ топтары ашылды. Жүйелі түрде, кадр резервін дайындадық. Жұмысқа конкурспен қабылдайтын болдық. Тәжірибесі бар мұғалімдер басқарушылық қызметтерге тағайындалды.
Жұмыс оңалған соң мен директор міндетінен босатуға өтініш бердім. Оныма ешбір өкінбеймін. Оқу орнының уақыт сүзгісінен шырмалмай өтіп, аман сақталғанына қуандым.
Қазір колледждің жағдайы жақсы. Тұрақты түрде қаржыландырылады. Алпыстан астам мұғалім бес жүзге тарта шәкіртке сабақ береді. Елбасының тапсырмасымен Үкімет кәсіптік білім беруге ерекше мән беруде. Бір сөзбен айтқанда, еліміздегі ең байырғы кәсіптік білім ордаларының бірі өзінің қиын кезеңінен өтіп, тұрақты даму жолына түсті. Осы үшін аға ұрпақ өкілдерінің сіңірген еңбегі ұмытылмас деп ойлаймын.
Барлыбай РЫСБЕКОВ,
зейнеткер,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі.
Жамбыл облысы.