Банк • Кеше

Дүниежүзілік банк 1 млрд доллар бөлді: Оны Қазақстан қай мақсатта қолданады?

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік банк Атқарушы директорлар кеңесі Халықаралық қайта құру және даму банкі тарапынан 846 миллион АҚШ доллары көлемінде кепілдік беруді мақұлдады. Бұл кепілдік Азия мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) қазақстандық бөлігінде теміржол байланысын дамытуға арналған ірі жобаға 1,41 миллиард АҚШ доллары көлемінде ұзақ мерзімді коммерциялық қаржыландыру тартуға мүмкіндік береді, деп жазады Egemen.kz

Дүниежүзілік банк 1 млрд доллар бөлді: Оны Қазақстан қай мақсатта қолданады?

«Қазақстандағы теміржол байланысын трансформациялау (Орта дәлізді дамыту)» жобасы елдің теміржол желісінің тиімділігі мен орнықтылығын арттыруға, сондай-ақ ұлттық теміржол операторы – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қаржылық тұрақтылығы мен коммерциялық өміршеңдігін нығайтуға бағытталған.

Жоба Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтіп, экономикалық өсімге, өңірлік ықпалдастыққа және климаттық тұрақтылықты арттыруға ықпал етеді.

Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михневтің айтуынша, жоба стратегиялық инфрақұрылымға инвестиция салумен қатар, «Қазақстан темір жолы» компаниясының қаржылық тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін маңызды реформаларды қолдайды. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын инвестициялар, институционалдық өзгерістер және жеке капиталды тарту заманауи теміржол жүйесін қалыптастыруға жол ашады.

Жоба екі негізгі құрамдас бөліктен тұрады: теміржол инфрақұрылымына инвестиция салу және институционалдық қолдау көрсету.

Бірінші бағыт Мойынты мен Қызылжар арасындағы ұзындығы 322,3 шақырым жаңа теміржол желісінің құрылысын қаржыландыруды көздейді. Бұл маңызды учаске желідегі айналма бағытты жойып, дәліздің ұзындығын 149 шақырымға қысқартады, жүктемесі жоғары бөліктердегі қысымды азайтады және екі қабатты контейнерлік пойыздарды пайдалануға мүмкіндік береді. Жаңа теміржол желісі заманауи сигнал беру және телекоммуникация жүйелерімен жабдықталып, болашақта кеңейтуге бейімделеді.

Екінші бағыт «Қазақстан темір жолы» компаниясына техникалық қолдау көрсетуді және институционалдық нығайтуды қамтиды. Атап айтқанда, тарифтік реформаларды жүзеге асыруға қолдау көрсету, баламалы қаржыландыру тетіктерін зерделеу, қаржылық және экологиялық басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ болашақта акцияларды бастапқы жария орналастыруға дайындық жүргізу қарастырылған.

Жоба 2030 жылға қарай Орта дәліз арқылы жүк тасымалы көлемін үш есеге арттыруға және транзиттік жеткізу уақытын екі есеге қысқартуға елеулі үлес қосады деп күтіледі. Жүктерді автомобиль көлігінен теміржолға көшіру тасымалға байланысты зиянды шығарындыларды азайтып, Қазақстанның климаттық міндеттемелерін орындауына және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар заманауи, климаттық өзгерістерге төзімді инфрақұрылымға салынған инвестициялар нарықтарға қолжетімділікті арттырып, сауда шығындарын төмендетеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жаңа теміржол желісі бойындағы елді мекендердің жергілікті экономикасын дамытуға серпін береді.

Жоба кезең-кезеңімен іске асырылатын көпфазалы бағдарламалық тәсіл аясында жүзеге асырылады. Бұл тәсіл тәжірибе жинақтауға және уақыт өте келе мемлекеттік кепілдіктерге тәуелділікті біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді. Жоба Орта дәлізді дамыту жөніндегі бірлескен жоспардың бір бөлігі болып табылады. Аталған жоспар Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы және Инвестицияларға кепілдік беру жөніндегі көпжақты агенттіктің сараптамалық білімі мен қаржылық құралдарын біріктіреді.

Қазақстан мен Дүниежүзілік банк 2031 жылға дейінгі ынтымақтастық стратегиясын талқылады

Жоба аясында 1,41 миллиард АҚШ доллары көлемінде жеке қаржыландыру жұмылдырылды. Оның ішінде 846 миллион доллар – Халықаралық қайта құру және даму банкінің кепілдігі, ал 564 миллион доллар – Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің бірлескен кепілдігі арқылы қамтамасыз етіледі. 

Дүниежүзілік банктің SPI-2024 рейтингінде Қазақстан нешінші орында тұр?

Соңғы жаңалықтар